Ағаш базарындағы қолжетімді қызмет
Тереңөзек кентінің жаңа қоныстану аймағында күн жылынып, шуақты көктем басталған уақыттан бастап құрылыс жұмыстары қарқын ала бастады. Жерге қол жеткізіп, қонысын сайлаған көпшілік шаңырағының іргесін қалауда. Бұл ретте айтпағымыз, жергілікті халыққа қолжетімді бағада ағаш өнімінің бірнеше түрін ұсынып отырған жеке кәсіпкер Мұрат Құлахметовтің еңбегі зор. Өз кезегінде жеке кәсіпкердің «Айша» құрылыс-ағаш базарына барып, көпке үлгі болатын ісімен танысып қайтқан едік.Соңғы 7 жылда аудан халқын ағаш өнімімен қамтамасыз етіп отырған жеке кәсіпкер Мұрат Құлахметов тек қана ағаш өнімін сатумен айналыспайды. Бұдан бөлек, өткен жылы темірден жасалатын бұйымдарды дайындауға арналған цехты іске қосқан. Ресей елінен арнайы тасымалданатын сан түрлі ағаштан құрылысқа қажетті бөренеден бастап, барлық материалды арнайы станок арқылы әзірлейді. Маусымында 5-6 адамды жұмыспен қамтитын жеке кәсіпкер өзге де цемент, ракушка секілді құрылыс материалдарын ауданға әкелумен айналысады. Өлшеміне қарай үйдің шатырын жабуға лайықталған ағаштың сан түрлісін базардан табасыз.
Ағаш базары арқылы біз тұрғындарды сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келеміз. Ағаш – кез келген құрылыстың негізгі элементтерінің бірі. Ол экологиялық тұрғыдан таза, өңдеуге ыңғайлы және әмбебап материал болып табылады. Сондықтан да ағаш өнімдеріне деген сұраныс ешқашан төмендеген емес. Ал темір өндіретін цехта түрлі құрылысқа қажетті металл бұйымдарын дайындаймыз. Атап айтқанда, қақпалар, қоршаулар, торлар, темір есіктер мен басқа да қажетті өнімдер тапсырыс бойынша жасалады. Заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен сапалы әрі берік өнім шығаруға мүмкіндік бар. Кәсіп жүргізу барысында біз ең алдымен сапаға мән береміз. Себебі тұтынушы сенімі – кез келген бизнестің басты капиталы. Әрбір тапсырысты уақытында орындап, сапалы өнім ұсыну – біздің негізгі қағидамыз. Біз жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да үлес қосып келеміз. Цехта бірнеше адам тұрақты еңбек етіп, өз отбасын асырап отыр. Бұл – кәсіпкерліктің тек табыс көзі ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік екенін көрсетеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау іс-шаралары да кәсіптің дамуына оң әсерін тигізуде. Әртүрлі бағдарламалар арқылы құрал-жабдықтарды жаңартып, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік алып отырмыз. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім сапасын одан әрі арттыруды көздеп отырмыз. Нарық сұранысына сай жаңа өнім түрлерін шығару жоспарда бар. Ағаш базары мен темір өндіретін цех – құрылыс саласының ажырамас бөлігі. Сапалы өнім мен адал еңбек арқылы тұтынушылар сеніміне ие болу – біздің басты міндетіміз, – деді Мұрат Құлахметов.
Күнделікті ұзақ жолдан келген ағаштарды түсіру, жинау, арнайы құрылғының көмегімен кесу – «Айша» құрылыс-ағаш базарының жұмысшы мамандарының құзыретінде. Әрқашан қолжетімді бағада тауар ұсынатын жергілікті кәсіпкер Мұрат Құлахметов – Қызылорда қаласының тумасы. Тынымсыз еңбектің арқасында жоғары жетістікке қол жеткізген кәсіп иесі өндірісіне әлі де қан жүгірте бермек.Балтабай ОРДАБЕКОВ










