Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

Сәкен Сейфуллин ауылындағы Бақышовтар отбасы бүгінде азық-түлік дүкенін ашып, саудамен айналысып келеді. Ауыл тұрғындарының игілігіне ашылған сауда орны «Айбегім» деп аталады. Тұрақты тұтынушылары қалыптасқан дүкеннің сөресінен азық-түліктен бастап, тұрмысқа қажетті тауарлардың барлығын табуға болады. Ұсақ-түйек зат, азық-түліктің сан алуан түрі бар. «Отбасылық кәсіпте береке бар» демекші отбасының әр мүшесі қолы босаған сәтте дүкен шаруасын жүргізуге атсалысады.
– Дүкеніміз 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Негізінен дүкен ашу, жеке кәсіппен айналысу балам мен келінімнің идеясы. Ата-ана әрқашан баласының тілекшісі ғой. Біз де жұбайымыз екеуіміз қолдау білдіріп, дүкеннің шаруасын жүргізуге көмек көрсетіп келеміз. Қазіргі таңда бір жұмыспен шектеліп отыра беруге болмайды. Қолыңнан келсе қосымша табыспен айналысқан дұрыс. Көбіне дүкенде келінім тұрады. Шүкір, дүкеніміздің тұрақты келушілері де қалыптасты, – дейді дүкен иесі Мейрамкүл Есекеева.
Қосымша табыс көзіне айналған отбасылық бизнес 4 жылдан бері тұтынушысына сапалы қызмет етіп келе жатыр. Дүкендегі тауар бағалары да ауыл тұрғындарының қалтасына ауырлық түсірмейтіндей қолжетімді. Көбіне дүкенге қажетті азық-түлікті Қызылорда қаласынан тасымалдайды. Сондай-ақ қазіргі кезде түрлі фирмалар күнделікті жеткізу қызметін ұсынатындықтан тауардың сан алуан түрін таңдауға да мүмкіндік бар екенін айтады. Ауыл тұрғындары дүкен иелерінің келген тұтынушыларды күліп қарсы алып, әр сатып алушымен әдепті түрде сөйлесе білетініне өз ризашылықтарын білдіріп жатады.
– Жаздау мен Мейрамкүл өздерінің еңбекқорлығының, ауызбіршілігінің арқасында отбасылық бизнесті дамытып отыр. Ауылдағы үлгілі отбасылардың бірі. Дүкенге кірген сәттен жылы шыраймен қарсы алады. Дүкендегі азық-түліктің бағасы да қалта көтереді, – дейді ауыл тұрғыны Әмірбек Созақбаев.
Бүгінде Жаздау Бақышов пен Мейрамкүл Есекеева 4 бала тәрбиелеп өсірген, 5 немеренің ата-әжесі. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі отбасы. Берекелі шаңырағында отбасының тірегіне айналған Жаздау Бақышов еңбек адамы. 42 жылдан бері «С.Сейфуллин Жер» серіктестігінде еңбек етіп келеді. Ал отбасының ұйытқысы болып отырған Мейрамкүл Есекеева «Ақ көгершін» бөбекжай балабақшасында жұмыс істейді. Үйдің үлкені Жандос ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде қызмет етуде. Жұбайы Жансаямен 3 бала тәрбиелеп отыр. Екінші қызы Жансая тұрмыста болса, үшінші қызы Айкүміс пен кенжесі Айбибі студент.
Отбасылық кәсіпте нәсіп бар деп білетін отбасына берекелі кәсіп тілейміз.
Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ