Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібінен береке тапқан

Кәсібінен береке тапқан

Тереңөзек кентіндегі Мадина Омарованы бәрі біледі десек артық айтқандық болмас. Өйткені аудан орталығынан «Серікбол» сауда орталығын ашып, азық-түлікті халыққа тиімді бағада ұсынып отырған іскер әйелді көпшіліктің білмеуі мүмкін емес. Бүгінде кәсіпкер әйелдердің үлес салмағы артып келеді десек, осы салаға алғаш келгендердің қатарында Мадина Әуезханқызы бар.
Егемендік алған жылдардағы елдегі ахуалдың қандай болғаны аға буынға белгілі. Енді ғана еңсе тіктеген кезеңде қазіргідей барлығы бола қойған жоқ. Сол кезеңдерде сау­дамен айналысқан әйелдер елдің жоқ-жітігін түгендегені анық. Өткен ғасырдың соңғы кезеңінде балабақша тәрбиешісі болып жүрген М.Омарова осы саудамен айналысып, алғашында шағын дүңгіршекте азық-түлік сатты. Кент тұрғындары тұрмыстық қажеттіліктерді бұрынғы Аманкелді Иманов көшесі (қазіргі Қ.Қазантаев көшесі) бойында орналасқан дүңгір­шектен тұтынды. Тиыннан тиын құрап, сауда айналымға түсіп, тұтынушы көбейген соң 2000 жылы «Серікбол» дүкенін ашты. Әрине саудамен айналысу кез келгеннің қолынан келе беретін дүние емес. Әр нәрсенің өз бағасын біліп, оның есебін шығаруда іскерлік қажет. Міне осындай қабілеттің арқасында кәсіпкер әйел өз кәсібін кеңейткен. Азық-түлікті көтерме бағамен сатуды жолға қойған. Тиімді баға болған соң ас беру, той-томалақ жасау үшін көпшілік осы дүкенге келетін болды. Тиісінше тұтынушылар сұранысы да көбейе түскен.
– Алғашында шағын дүкен еді. Сұраныс артқан сайын сауда дүкенін кеңейттік. Азық-түлікті көптеп әкелетін болдық. Тұтынушы артқан сайын ол дүкен де тарлық ете бас­тады, – деген кәсіпкер он бес жылдан кейін сауда орталығын салуға бел байлаған. Содан «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, кент орталығынан екі қабатты сауда орталығын ашты. Қазіргі заман талабына сай салынған сауда үйіне келушілер қатары одан са­йын көбейгені анық. Олай дейтініміз тұрмыстық қажеттіліктердің бәрі осында бар. Оған қоса Түркістан, Шымкенттен әкелінетін азық-түлік, тұрмыстық заттардың барлығы арзан бағада сатылуда. Барлық затқа тек 10 процент баға қосылады екен.
– Сауда орталығын ашып, он адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Сауда үйі болған соң заман талабына сай етіп салдық. Бейнебақылау орнаттық. Тұтынушыларға қолайлы етіп жасап қойдық. Содан да болар келушілер саны артты. Жұмысымыз да қауырт. Қазір екі аптада бір рет демаламыз. Мереке күндері сауда тіптен қызып кетеді, – дейді іскер әйел.
Сауда орталығында азық-түлікпен қатар мерекелік сыйлықтар, үй жиһаздары, ойыншықтар да сатылуда. Мұның бәрі көпшілікке қолайлы. Қажеттілікті іздеп қалаға сабылмайды, іздегенін «Серікбол» сауда орталығынан табады.
Әрине саудамен айналысу бір ғана жанға ауыр болады. Сондықтан да кәсіпкер әйелге әуел бастан өмірлік серігі Сәбит Жұбан үнемі қолдау білдіріп келеді. Сауда орталығына азық-түлікті жеткізуді қамтамасыз етіп, отбасылық бизнесті дамытуда ол кісінің еңбегі зор. Сондай-ақ үлкен ұлы Серікбол Жұбан да осындағы бар шаруаны тындырып отыр. Ал сауда ісінде келіндері Гүлзағира Кішкенеева мен Мөлдір Аманбекқызының көмегі көп.
2018 жылы екінші ұл Еркін Жұбан мезгілсіз өмірден өтіп, отбасы үлкен қайғы жамылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде еңбек еткен жан да сауда ісіне қолғабыс етіп, көмегін тигізген.
Кәсіпкер әйел саудамен айналыс­қалы бері қайырымдылық жасауды үрдіске айналдырған. Мереке күндері мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетеді. Осындай сауапты іс жасаған соң жұмыс алға басатыны анық. Алдағы уақытта сауда орталығын кеңейтіп, үй жиһаздарымен толық­тыруды жоспарлап отыр. Отбасылық бизнесті дамытып отырған іскер әйел­ді нәзікжандылар мерекесімен құттықтап, ісіне береке тілейміз!
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
07 наурыз 2020 ж. 968 0