Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібінен береке тапқан

Кәсібінен береке тапқан

Аудан орталығында ірілі-ұсақты 51 сауда дүкені бар. Олардың ішінде сауданың бірнеше түріне бағыт алған сауда нүктелер қатары жетерлік. Солардың бірі – Тереңөзек кентіндегі «Жазира» дүкені.

Бүгінде Сәрсенбаевтар отбасын жұрт­­шылық жақсы біледі. Олар сонау то­қырау кезеңінен саудамен айналысып, та­уарлардың тапшы кезеңінде жоқтан бар жасай білген. Бұл шаруаның басы-қа­сында жүрген Галина Сәрсенбаева әуелгіде аудандық ауруханада қойма мең­герушісі болып қызмет еткен. Осы қыз­мет барысында жүріп 1998 жылы кә­сіпкер ретінде тіркеліп, жолдасы Темір­ғали Сәрсенбаев екеуі шағын дүкен ашады. Айтып өткендей, өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың басында елдегі жағдай қиын болды. Сондай шақта дүкен ашып, қажетті азық-түлікті жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Десе де, Сәрсенбаевтар отбасы саудамен айна­лысуға ден қойып, сол қиындықтарды еңсере білді.

Олар сауда дүкенімен қатар кафе ісін де қолға алған. Алғашында «Жазира» дүкені маңында кафе болса, кейін қазіргі Орталық алаңдағы «Неке сарайы» ғима­ратын жөндеуден өткізіп, жастар кафесіне айналдырған. 3-4 жыл осы кафе жұмысын жүргізіп, кейіннен сауда дүкенін кеңейту бағытында еңбек етеді.

– Ол кезде жолдасым Темірғали ау­дандық аурухананың шаруашылық жө­ніндегі орынбасары қызметін атқарды. Мен де ауруханада еңбек етіп жүрдім. Сол қызметте жүріп, отбасылық бизнесті бастап кеттік. Алғашында қиын болды. Күндіз сауда орнында анам Полина Суворова тұратын. Ол кісі 45 жыл бала оқытқан ұлағатты ұстаз. Ал жұмыстан шыққан соң өзім сауданы жүргіземін. 7-8 жыл осылай қызметпен қатар сауданы алып жүрдім. Ал 2007 жылдан бастап дүкен жұмысымен түбегейлі айналысатын болдым, – дейді Галина Нұрмаханқызы.

Қазіргі таңда «Жазира» сауда дүкені аудан орталығындағы ірі сауда орнына жатады. Мұнда азық-түлікпен қатар шаруашылық тауарлары сатылады. Үйге қажетті дүниені іздегендер осы жерден табады. Сонымен қатар киім-кешек те бар. Ал қазір әрбір үйде бір көліктен бар десек, оған қажетті автобөлшектер де осында сатылады. Жалпы, Сәрсен­баевтар сауданың бірнеше бағытын кәсіп етуде. Бұл жұмыстарды атқаруға 3 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Бүгінде отбасылық бизнесті дамы­туға ұл-қыздары атсалысуда. Үлкен ұлы Бауыржан Темірғалиев пен келіні Сұлушаш Темірғалиева дүкен жұмысын жүргізуге машықтанған. Үлкен қызы Жанна Смайлова да таңның атысы кеш­тің батысы осы сауда дүкенінде. Ал дү­кенге есімі берілген Жазира Темір­ғалиева бүгінде Алматы қаласында тұра­ды. Бұл ретте, немерелері де сауда ор­нында қолқанат екенін айта кеткен жөн.

Қиын кездерде дүкен ашып, соны да­мытып, бүгінде ірі сауда орны­на айнал­дырған Сәрсенбаевтар отба­сы ал­дағы уақытта да бұл жерді кеңей­туді жоспарлап отыр. Оған мемле­кет­­тік бағдарламалардың тиімділігін пай­далануға ниетті. «Кәсіпті әртараптандыру – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады» дейді кәсіпкер Г.Сәрсенбаева.


Ердос БЕРКІНБАЕВ 
08 желтоқсан 2020 ж. 525 0