Ауыл дүкенін жандандырған келіншек

– Ауыл тұрғындары мал бағумен күн көреді. Сондықтан мал бордақылаумен айналысу ауыл тұрғыны үшін таңсық емес. Осыдан 3-4 жыл бұрын мал бордақылау мақсатында қайтарымсыз 2 млн теңге қаржы алдық. Арада бірнеше жыл өткен соң мемлекеттік бағдарлама негізінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында берілетін жоба жеңімпазы атанып, мал басын көбейту мақсатында жеңілдетілген пайызбен 5 млн теңге қаржы алдық. Күн сайын кәсіпкерлікті кеңейту үшін еңбек етіп, табыс тауып, ауылдан аралас сауда дүкенін ашуға мүмкіндік алдық. Тұрғындарды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған ауылдағы бірнеше дүкеннің қатарына қосылып, халыққа тиімді бағамен азық-түлік өнімдерін сатумен айналысудамыз, – дейді дүкен иесі Р.Мәлікова.
Осылайша 49 жастағы кәсіпкер кәсібін дамытуға бел буып, халыққа тиімді бағамен азық-түлік ұсынып отыр. Тауар бағасы да аудан орталығындағы дүкендердегі бағамен бірдей, тіпті кейбірі төмен деп пікір білдірген ауылдастары жаңа дүкеннің ашылғанына дән риза.
– Ғабит пен Райхан өздерінің еңбекқорлығы мен жігер-талаптарының арқасында отбасылық бизнесті жандандырып, дамытып отыр. Ауылға үлгілі отбасы екі бала тәрбиелеуде. Отағасы да өте еңбеккеш. Мал басын көбейтіп, оны бордақылап, тұрғындарға тиімді бағамен үйлестіріп отыр. Дүкендегі азық-түліктің де бағасы қалта көтереді. Ауыл тұрғындары ауданға сабылмай осы дүкеннен барлық керек жарағын алады. Алдағы уақытта азық-түліктің бағасын тұрақты ұстап тұрса, тұрғындар да дән риза болады, – дейді ауыл тұрғыны Елдос Жаппасбаев.
Негізінен дүкенге қажетті азық-түлікті Қызылорда қаласынан тасымалдайтын кәсіпкер қажетті тауар күнделікті келетінін айтады. Сонымен қатар қазіргі кезде түрлі фирмалар жеткізу қызметін ұсынатындықтан тауардың сан алуан түрін таңдауға да мүмкіндік бар.
Ауылдан жаңадан ашылған дүкен сөрелерінде азық-түліктен басқа түрлі тұрмысқа қажетті заттардың бәрі табылады. Ұсақ-түйектен бастап, азық-түлік өнімдерінен нан, сүт өнімдерінің де сан алуан түрі бар. Тұтынушысына сапалы әрі арзан бағада қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерге берекелі кәсіп болсын демекпіз.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ