Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сауданың көзін тапқан кәсіпкер

Сауданың көзін тапқан кәсіпкер

Сауда – кәсіп көзі. Кәсіп көзін тапқан тереңөзектік жеке кәсіпкер Ақгүл Обашқанова ширек ғасырға жуық саудамен айналысып келеді. Сауданың қыр-сырын меңгергеніне 21 жыл болған кәсіпкер алғашында кәсіпті кішкентай ғана дүкеннен бастаған. Кәсіпкердің біраз жыл бойы тынбай еткен еңбегінің нәтижесінде сол кішкентай ғана дүкен қазір «Престиж» атауымен қос қабатты сауда үйі болып бой көтерді. Халық игілігі үшін ашылған сауда үйіне келушілердің қарасы қалың. Себебі сауда үйінің сөрелерінен тұрмысқа қажетті тауардың барлығын табуға болады. Азық-түліктен бастап үйге керекті майда-шүйде мен киім-кешекке дейін бар. Дүкендегі тауар бағалары да халықтың қалтасына ауырлық түсірмейтіндей қолжетімді.

Тәжірибелі кәсіпкер Ақгүл Обашқанова – Тереңөзек­­тің тумасы. Негізгі мамандығы – аспаз-кондитер. «Отбасылық кәсіпте береке бар» демекші кейіпкеріміз сауда кәсібін өмірлік серігі жұбайы­мен бірге дөңгелетіп, жандандырып отыр. Ерлі-зайыпты екі атұстар тәрбиелеп отырған тату-тәтті жанұя. Отбасылық кәсіпті дамытып, кеңейту мақсатында кейіпкеріміз «Даму» кәсіпкерлерді дамыту қоры бойынша мемлекеттік бағдарламадан көмек алып, игілігін көруде.

– Алғашында өзімнің оқыған мамандығым бойын­­ша аспаз-кондитер болып шамамен 1-2 жыл жұмыс істедім. Дегенмен менің қалауым басқа болып, сау­дамен айналыса бастадым. Уақыт өте келе сауда менің сүйікті ісіме айналып, өзімнің нағыз жаныма жақын қалауымдағы жұмысымды таптым. Міне, содан бері кәсіпте жүргеніме 21 жыл­дай уақыт болыпты, – дейді кейіпкеріміз.

Кент орталығында азық-түлік және аралас сауда дүкендері өте көп. Дегенмен дүкендердің барлығы халыққа қолжетімді баға ұсынып отыр деп айта алмаймыз. Әдепкіде көпшілігі арзан бағада сатып, кейіннен бағасын бірден көтеріп жібереді. Ақгүл Обашқанова «Престиж» сауда үйін ашқанына 2 жылға жуық уақыт болған. Кәсіпкер халық игілігі үшін дүкендегі тауар бағасын барынша көтермеуге тырысатынын айтты. Дегенмен елімізде азық-түлік бағасы күн санап өсіп жатқаны барлығына белгілі. Кейіпкеріміз халыққа мейлінше төмен баға ұсынғанды жөн санайды. Кент тұрғындары дүкеннен керектің барлығын таба алатынын және бағасы да қолжетімді деген оң пікір білдірді. Сонымен қоса дүкен иесі Ақгүл апаның халықты күліп қарсы алып, әр сатып алушымен әдепті түрде сөйлесе білетін қасиетін тұрғындар жоғары бағалайды. Бастысы, дүкеннің іші жап-жарық, тап-таза. Еңсесі биік сауда үйінің сыртқы көрінісі де өте әдемі, кент орталығының сәнін келтіріп тұрғандай.

Қос қабатты сауда үйінде қазіргі таңда екі сатушы кезекпен жұмыс істеуде. Дүкен иесі қызметкерлерге жұмыс ақысын кешіктірмей беріп отыратынын тілге тиек етті. Кәсіпкер алдағы уақытта Қытай еліне барып, сау­да үйіне түрлі тауар түрлерін әкеліп, қолжетімді бағада ұсынуды жоспарлап отыр.

Кәсіпкердің көп жылғы еңбегі бағаланып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркен­деуіне қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облы­сының әкімі Н.Нәлібаевтың қолынан алғыс хат алған. Одан бөлек «Іскер әйел-кәсіпкерлер» облыстық форумына арнайы шақыртылып, марапат алған.

Алтынай ЖҮНІСОВА
20 сәуір 2024 ж. 225 0