Жаназада ысырапшылдық жасап, аста-төк дастарқан жайған дұрыс па?
Қазіргі таңда қоғамда қызу талқыға түскен мәселелердің бірі – ас беру және жаназа мен жерлеу рәсімдері туралы. Адамды ғаламтор тәрбиелеген заманда әртүрлі қате ақпарат таралып, халық мәселенің байыбына бара алмай әлек. Түрлі пікірлер мен даулы мәселелер де туындап жүргені рас. Осы орайда тұрғындар арасында жиі қойылатын сұрақтардың жауабын Сырдария аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлынан сұрадық.
Сұрақ. Қайтыс болған адамның қонақасы немесе қаралы үйде ас беру рәсімі қалай болуы керек?
Жауап. Құранның «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Шынында, Алла Тағала ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деген қағидасы бар. Кейбір отбасылар марқұмды ақтық сапарға шығарып салуды жарысқа айналдырып, үлкен шығынға ұшырайды. Бұл материалдық жағдайы төмен адамдарға ауыр тиіп, кейбір отбасыларды қарызға батыруға дейін жеткізеді. Сондықтан шариғат ысырапшылдықты қатты айыптайды және жаназа мен жерлеу рәсімдерін барынша қарапайым қылып өткізуге шақырады. Осы мәселені шешу үшін, сондай-ақ жаназа және жерлеу рәсімдерін бірізділікке келтіру мақсатында ҚМДБ «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарды, сонымен қатар «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат әдебі» құжаттарын қабылдады. Жалпы, қаралы үйде қазан асу, ас беру жайында «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында былай деп жазылған: «Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Оның үстіне мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылманның мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн». Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіне жетпей жатқан қажетті қаржыны жұмсап, өлі атынан мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Құдайы асы берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.
Сұрақ. Жаназа үстінде ақша, орамал тарату және шапан үлестіру қаншалықты дұрыс?
Жауап. Жаназа үстінде ақша, орамал тарату, сондай-ақ аталыққа шапан үлестіру көріністеріне де куә болып жүрміз. Біріншіден, бұл қаражат марқұмның отбасынан шығатын болғандықтан, бұл да оларға ауыртпалық салатыны сөзсіз. Екіншіден, көбінесе таратылып жүрген дәке орамалды, ешкім пайдаланбайды, тек (болған жағдайда) бұрышына түйіп байлаған тиынды ғана алады. Оны марқұмның атынан берілген садақа деп есептейін десек, шариғат бойынша садақаны міндетті түрде емес, ерікті түрде беру керек. Ал халық арасында үрдіс болып кеткен істерді адамдар орындауға міндеттіміз деп ойлайтыны белгілі. Ендеше біреудің шамасы келіп, енді біреудікі жете бермейтін ондай садақаны жаназа үстінде емес, басқа уақытта да беруге болады.
Сұрақ. Зират көтерудің үкімдері қандай?
Жауап. Осы мәселені шешу мақсатында ҚМДБ «Зират және зиярат әдебі» құжатын қабылдады. Ол бойынша зират көтерудің үкімдері: қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқасты болмауы үшін оған шағын белгі (құлпытас) қоюға рұқсат; зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ; құлпытаста жерленген адамның толық аты жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылса жеткілікті.
Сұрақ. Зиратқа жарық орнатып, гүл егуге бола ма?
Жауап. Зираттың жалпы көрінісі ешбір артық құрылыссыз, барынша қарапайым болғаны дұрыс. Зиратты жан-жануарлар бұзып, тапталмауы үшін сыртына қоршау жасалған жөн. Сырты толықтай қоршалған зират ішіндегі әрбір қабірдің басына өз алдына бөлек қоршау жасаудың қажеті жоқ. Зират ішінде қабірлерді баспау үшін арнайы жүретін жол қалдырған жөн. Зираттарға жарық орнату, түрлі-түсті гүлдер егіп, абаттандыру сынды сәндеу жұмыстарын жасау орынсыз. Зират тамашалайтын жер емес, ғибрат алатын, ақыретті еске алатын мекен.
Сұрақ. Құлпытасқа сурет қоюға болады ма?
Жауап. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ Құран аяттары мен сүрелер жазбау керек. Құлпытасты қымбат, бағалы тастардан салу еш пайда әкелмейді. Қабірге биіктігі 1 метр, ал ені 50 сантиметрден аспайтын құлпытас қою жеткілікті.
Сұрақ. Зираттың төбесіне жарты ай белгісін қою не үшін керек, ол міндетті ме?
Жауап. Құлпытастардан бөлек зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, айшық белгілерін тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейді. Айшық – қазіргі уақытта дініміздің белгісі болып қалыптасып кеткен. Бірақ, бұл жайлы аятта да, хадисте де келмеген. Алла Елшісі де (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айшық белгісін қолданбаған. Айшық белгісінсіз де мұсылман қабірі екендігі көрініп-ақ тұрады емес пе?! Сондықтан, артық заттардан барынша аулақ болғанымыз дұрыс.
Сұрақ. Жаназаға жасөспірімдер, әйел адамдар баруына бола ма?
Жауап. Біріншіден, жаназа намазының үкімі – парыз кифәя. Яғни, бір кісінің жаназа намазына бірнеше адам қатысса, ол міндет көпшіліктің мойнынан түседі. Бес уақыт намаз секілді әркімге жеке-жеке міндеттелмейді. Бұл үкім балиғат жасына толған (13-15 жас) жасөспірімдерге де жүреді. Бірақ, әдеп бойынша жастар артқы қатарда сап түзеуі керек. Әйел кісілерге келер болсақ, қаза шыққан үйге көңіл айтып баруларына болады. Бірақ, жаназа намазына қатыса алмайды. Бұған Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жаназаға қатысқан әйелдер сауап емес, күнә арқалап қайтады» деген сөзі дәлел. Сондай-ақ, әйелдердің жаназаға еруіне де дінімізде тыйым салынады.
Сұрақ. Қайтыс болған адамды тегі белгілі-белгісіз болған жағдайда өз әкесінің есімімен шығару керек деген бар. Осы жөнінде нақтырақ айтып өтсеңіз.
Жауап. Алла тағала Құранда Ахзаб сүресінің 5-аятында «Оларды өз (туған) әкесінің атымен атаңдар. Алланың назарында дұрысы да – осы» дейді. Қысқаша айтар болсақ, Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Зәйд есімді асыранды баласы болады. Алғашында Зәйдті – Зәйд ибн Мұхаммед, яғны Мұхаммедұлы Зәйд деп атап жүреді. Кейіннен жоғарыдағы аят түскен соң, Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Зәйдті өз әкесінің есімімен Зәйд ибн Хариса деп атауды бұйырады. Кейбір жаназада осындай жағдайларға кезігіп, адамдардың ренішіне де тап болып жатамыз. Әрине, бағып-қағып өсірген «әкенің» орны бір бөлек. Бұл іс Алланың құзырында да өте үлкен сауапты істерге жатады. Бірақ, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін Алла білуші емес пе?!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ