Ас дастарханы додаға айналмасын
Тәрбие – тал бесіктен. Қоғамдағы келелі мәселелерді талқылау мақсатында аудандық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев ашып, жүргізіп отырды. Маңызды мәселелерді күн тәртібінде қарап, талқыға салған алқа отырысына қоғамдық кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Болатбеков, кент және ауылдық округ ардагерлері, қоғамдық кеңес төрағалары, ауыл имамдары мен белсенді жастар қатысты. Күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды. Ас беру рәсімі мен жаназа және жерлеу рәсімдері туралы. Бүгінгі күні «ас пен тойдың айырмашылығы болмай қалды» деп дабыл қағылып, мәселе кең көлемде талқыланып жүргені белгілі.
– Қазіргі таңда ғаламторды, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланбайтын адам кемде-кем. Әлеуметтік желілерде қоғам белсенділері мен жастар тарапынан қаза болып кеткен адамдардың еске алу күнінде ысырапшылдық орын алып жатқаны жайлы бейнелер жиі жарияланып жатады. Осы мәселеге тереңінен үңілсек, ас беріліп жатқан жерлерде дастархан жаюдан құтты бір дода орнағаны байқалады. Дәулетті болған адамды еске алу үшін ұрпақтары беделді ресторан жалдайды, той-думанға дайындалғандай ас та төк дастархан, ресми жүргізуші, лед экраннан өмірдерек слайд және т.б. ұлттық құндылыққа жат жағдайлар көрініс тауып, еске алу емес, той тойлауға барғандай күйге бөленесің. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын жаңғырту, діни ұстаным мен тәрбиелік сипаттағы мәселелерге байланысты қазіргі таңда қоғамда қызу талқыға түскен мәселелердің бірі – «Ас беру рәсімі» және «Жаназа және жерлеу рәсімдерін» халыққа дұрыс жеткізу, рұқсат пен тыйымның ара-жігін түсіндіру, ысырапшылдықтың алдын алу мақсатында бүгінгі алқа жиыны ұйымдастырылып отыр, – деген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Алпысбайұлы баяндама жасау үшін сөз кезегін аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлына ұсынды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша маңызды ақпарат айтып, мәселені бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп өткен аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы ысырапшылдыққа жол бермеу қажеттігін еске салып, дүниеден қайтқан кісінің жаназа рәсімін өткізу мәдениеті мен зират салудағы көп кездесіп жүрген қателіктерді атап өтті.
– Аса қамқор және ерекше мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын. Өмір мен өлім – жаратылыстың ажырамас бөлігі. Өмір Алла Тағаланың адамға берген аманаты болса, өлім сол аманаттың қайтарылатын күні. Ислам дінінде өлім – ақыретке апаратын өткел, пенденің бұл дүниедегі сынақтары мен амалдарының нәтижесі мәлім болатын уақыт. Бүгінгі күннің ахуалына орай халық арасында «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген мақал бар. Бұл сөз өлімнің тек қана рухани жағынан емес, материалдық жағынан да ауыр салдары бар екенін көрсетеді. Сондықтан жаназа және жерлеу рәсімдерін шариғат шеңберінен шықпай, жергілікті әдет-ғұрыпты да бұзбай және ең бастысы ысырапқа жол бермей өткізу керек. Кейбір отбасылар марқұмды ақтық сапарға шығарып салуды жарысқа айналдырып, үлкен шығынға ұшырайды. Бұл материалдық жағдайы төмен адамдарға ауыр тиіп, кейбір отбасыларды қарызға батыруға дейін жеткізеді. Сондықтан шариғат ысырапшылдықты қатты айыптайды және жаназа мен жерлеу рәсімдерін барынша қарапайым қылып өткізуге шақырады, – деген Нұрсұлтан Серікұлы осы төңіректегі маңызды мәселелерді атап, түсіндіріп өтті.
Одан кейін күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты ардагерлер пікір білдірді. Сөз кезегін алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов бүгінгі қоғамдағы тәрбие мәселесі туралы сөз қозғады.
– Қай кезде де ұрпақ тәрбиесін ұлы құндылыққа балайтын, еңбек пен білімді ұштастыра білген халқымыз үшін ел жастарының болашағы бәрінен қымбат. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, десек те қазіргі кей жастың тәрбиесіне көңіл тола бермейді. Үлкенді сыйлау, құрметтеу қоғамнан алыстамауы керек. Ұятсыз әрекеттер мен ыңғайсыз жағдайлардың негізгі себебінің бірі – алкогольді ішімдік. Ер адамдар былай тұрсын, әйелдер де еш қымсынбай, жиын-тойда үлкен кісі отыр, ер адамдар отыр-ау демей, ішімдік ішіп жатады. Ондайды көзіміз көріп жүр. Әйел – ана, ұлттың болашағы. Ол түзу жолдан айныса, түгел ұрпағың зардабын тартады. Ішімдікке сылқия тойған соң, аузына келгенді айтып, ер азаматқа да, үлкенге де дес бермейтін жағдайларға кезігіп те жүрміз. Әйел үйдің, қоғамның ұйытқысы болуы керек, ал ішімдік ішкен әйелде не береке болады?! Одан кейін жаназа рәсімі туралы күн тәртібінде айтып жатырмыз. Бүгінгі күні қайтыс болған үйге барсаң, мектеп оқушысы жасөспірім балалар толып жүреді. Бұрын, біздің кезімізде, қаралы үйге кішкентай баланы апармайтын еді. Бұл жағдаймен де қоғамда тікелей кезігіп, көз көрген соң айтып отырмын. Ол бала болған соң, қазаның ауыр екенін түсінбеуі мүмкін. Және бір-бірімен қалжыңдасып, ыржақтап күліп, ойнап жүреді. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді халық даналығы. Бұндай олқылыққа бой алдырмау керек. Ең алдымен тәрбие мәселесін айтуымыз керек. Бұл бір жиында айтылып, хаттамамен біте салатын мәселе емес. Ертеңгі ұрпағымыз көзі ашық, тәрбиелі, ақылды болсын десек, нәтижелі іске бірлесіп жұмылуымыз қажет, – деген Маратбек Нағымұлы бірқатар ұсынысын жеткізді.
Одан кейін алдын ала жарыс сөзге жазылған ардагерлер өз пікірлерін ортаға салды. Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов, Шаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдулла Атақаев, Шіркейлі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанатбек Әбілқасымов, Шаған ауылы «Шаған» мешітінің имамы Шағиза Пірімбетов қоғамдағы келелі мәселелер жайлы сөз қозғап, ұсыныстарын айтты.
Кезектілік бойынша сөз алған Бесарық ауылы «Елеусіз ата» мешітінің имамы Серікжан Жүнісбаев ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтары жайлы айтты.
– Тәрбиені балабақшадан бастау керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Тәрбие мен тәлім балабақшадан басталады. Сол кезеңнен бастап ұл мен қыз баланың түскі демалыс кезінде бір бөлмеде киім ауыстырмауына, бір бөлмедегі қатар тұрған төсекте ұйықтамауына жағдай жасау керек. Суға шомылдырғанда ұлдар мен қыз балаларды бір-бірінен оқшаулаған дұрыс. Құшақтастырып, вальс биін үйретуді тоқтатса, бала бойындағы ұялу сезімі өлмес еді. Қоғамымыздағы ерте жүктілік, педофильдік, суицид, жеңіл жүрістілік барлығы ұялу сезімінің «өлуінен» орын алып отыр. Бұл мәселені мен ата-аналар жиналысында да, кең көлемдегі жиындарда да қозғап, көтеріп жүрмін. Ертеңгі күні кеш болмасын десек, ұрпақты бүгін тәрбиелеуіміз керек, – деді С.Жүнісбаев.
Одан кейін қатысушылар сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Және аудандық ардагерлер кеңесі мен «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Сырдария ауданы бойынша өкілдігімен» бірлескен түрде арнайы әзірлеген «Үндеуі» назарға ұсынылды. Ас беру мен жаназа шығару, зират салу, марқұм болған кісіні жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениеті мен ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа отырысында қабылданған ас мәзірі жария етілді. Алқа отырысында қаралуы тиіс мәселелер толық қамтылып, тиісті сала мамандарына хаттамалық тапсырма жүктелді.
СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ,
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ
СЫРДАРИЯ АУДАНЫ БОЙЫНША ӨКІЛДІГІНІҢ БІРЛЕСКЕН ҮНДЕУІ
Құрметті жерлестер!Ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдарды жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениетін халқымыздың дәстүрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әдістемелеріне негіздеп, бір ізге салу аса маңызды.
Себебі, құдайы астарға жайылған аста-төк дастархан, ас беру үшін қарызға қаржы алу, түрлі деңгейдегі жиындар, жаназа мен жерлеу кезіндегі ысырапшылдық секілді түрлі шектен шығу дәстүрімізге, ата-бабаның салып кеткен сара жолына қайшы келеді.
Жасыратыны жоқ, өлікті жөнелтудің өзі бәсекеге айналып бара жатқаны рас. «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген нақыл бүгінгі күнге дәл келіп тұр.
Осы ретте аудан тұрғындарына, ағайындарға садақа мен құдайы ас өткізу, жаназа шығару кезінде артық ысырапқа жол берілмесе деген ұсыныс-тілек білдіреміз. Сонымен қатар, зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызбауға үндейміз. Аста-төк ас беру мен зәулім зират салуға кететін қаражатты жетім-жесірге көмектесу, ағайын-туысқа қарайласу сынды сауабы мол істерге жұмсауға шақырамыз.
Біз бүгінгі жиынның ұйымдастырушылары, ағайынның көкейінде жүрген мәселелерді ескере келе келесі дүниелерге:
– Марқұмды жерлеуде аста-төк дастархан жаймауға;
– Діни дәстүрде жоқ марқұмның қонақасын алыстан келген қонақтармен шектелуге;
– Жаназа намазы мен марқұмның жылдық асына дейінгі ас беруде, аталыққа шапан және ақша таратпауға;
– Жаназа намазын міндетті түрде мешіт имамдарының қатысуымен өткізуге;
– Зәулім зираттар мен қымбат құлыптастар тұрғызбауға;
– Руға бөлініп, бейіттер тұрғызбауға;
– Қаза болғаннан бастап қырқы, жүзі, жылдық ас беру кезінде бекітілген ас мәзірін қатаң сақтауға ҮНДЕЙМІЗ!
Құрметті ардагерлер!
Қадірменді ағайын!
Әр нәрсенің өз реті бар. Ас беруде, жаназа шығаруда бар да, жоқ та асып тасымағаны жөн! «Тумақ бар жерде, өлмек бар» демекші, бұл әрбір отбасында болатынын естен шығармайық. Жауапкершілік жүгін сезінейік! Ысыраптан сақтанайық! Үнемшіл болайық! Мұның ең алдымен өзіміз үшін қажетті екендігін ұғынайық!
Осы үндеуді аудан, кент, ауыл әкімдері, ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, мешіт имамдары, қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері жергілікті жерлердегі тұрғындармен талқылап, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізіп, іске асыруды сұраймыз.
2025 жылы 22 қаңтарда Ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа отырысында қабылданған ас мәзірі
1. Тамақ (Ет немесе палау)
2. Нан өнімдері (Бауырсақ, шелпек)
3. Қаймақ
4. Жент, май, сөк
5. Шай
6. Қант, кәмпит, құрма
7. Су, шұбат
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ