Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайта жаңғырған көше

Қайта жаңғырған көше

Аудан орталығына іргелес жатқан Қалжан ахун ауылы бүгінде күн санап жаңарып, жылдан-жылға дамып келеді. Ауылдың ең үлкен жетістігінің бірі – ауыл тұрғындар табиғи газдың игілігін көріп келеді. Сонымен қатар, былтыр Қайқы батыр көшесі күрделі жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілер жолы салынды.

1989 жылға дейін В.И.Чапаев көшесі болып аталып келген орталық көшеге 1990 жылы табын руының белді батыры Қайқы батырдың есімі берілді. Сол жылы ұрпақтарының демеушілігімен көшенің 900 метр жеріне асфальт төселген. 2011 жылы көшені орташа жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, асфальт жабындысы бар 900 метрге шұңқырлы жөндеу жүргізіліп, қалған бөлігіне жол төселген. Ауылда 7 көше болса, Қайқы батыр көшесі ең ұзын көше. Ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын орталық көше М.Әуезов, А.Құнанбаев көшелерімен түйіседі. Ынтымағы жарасқан Қайқы батыр көшесінің бойын­да білімнің қарашаңырағы №126 орта мектебі, ауылдық клуб, ауызсу жүйесі орналасқан. Аталған көше өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілер жолы жүргізілген болатын. Күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «Орда Автодор» ЖШС-і жүргізді.

– Біздің Қайқы батыр көшесінде 79 тұрғын үй орналасқан. Көшеміз өткен жылы жөнделіп, тұр­ғын­дарға жаяу жүргіншілер жолы салынып, газ келіп, от жағудан, көмір жағудан боса­дық. Қуанышымыз жылдан-жылға еселенуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғын­дардың игілігі үшін. Көшеміз самаладай жарық. Бірлігі жарасқан көшеміздің ауызбіршілігі мықты, жастары еңбекқор, – дейді «Алтын алқа» иегері, зейнеткер Мейрамкүл Ерташова.

Өткір де ержүректілігімен, әділдігімен Сыр бойын­­дағы Жетіру мен Кете – Шөмекейге мәлім болған Қайқы батыр Ұзаққұлы 1845 жылы Ақмешіт уезіне қарасты Байұзақ болысында дүниеге келген. Кіші жүздің Табын руынан шыққан Қайқы батырдың әкесі Ұзақ елді қорғау кезінде жау қолынан қаза табады. Жастай жетім қалған батыр одан әрі анасының тәрбиесінде болады. Өмірдің қиыншылығын көрген ол ерте есейеді. Қайқы батыр өзі де ірі тұлғалы, қайратты кісі болған екен. Найзагер, сойып ұрғыш жан жаумен ат үстінде кездескенде жиырма кісіге де алдырмаған деседі. Және де әділдік үшін күресте еш­кім­нен жасқанбаған, тек туралығын айтқан. Халыққа қиянат жасағандардың кез келгеніне қарсы тұрған. Осы ержүректілігінің арқасында көпшілік құрметіне бөленген кісі болған. Ел аузында сақталған деректерге батырдың Бұқарбай батыр, Қалжан ахунмен достығы туралы жиі айтылады. Қайқы батыр 1918 жылы 73 жасында дүниеден өткен.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
25 қаңтар 2025 ж. 56 0