Ауыл көшелері жарықтандырылуда
Елді мекенде 12 көше бар. Сол көшелер кезең-кезеңімен жөндеуден өткізіліп, тұрғындар талабы орындалуда. Тиісінше, көшелерді жарықтандыру жұмыстары да кезектілігімен жыл сайын атқарылып келеді. Атап айтқанда, бұған дейін ауылдағы Абай, М.Әуезов, А.Исабекова, К.Тасыров көшелері жарықтандырылған. Ал биыл екі көшенің жарығы жөндеуден өткізілуде.
Қожан ата көшесі – ауылдың басты көшесі саналады. Бұл көше арқылы Айдарлы ауылының тұрғындары да облыс орталығына қатынайды. Сондықтан басты көшенің жап-жарық болып тұрғаны барлығына жақсы. Осы орайда, биыл аудандық бюджет есебінен басты көшеге жарықтандыру жүргізілуде. Бұл жұмыстарды мердігер компания «Armir-Service» ЖШС атқаруда. Көшенің 3,3 шақырымын жарықтандыруға 9 млн 408 мың теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жол бойына түп-түзу бағаналар орнатылып, жарықшамдары салынуда. Жақын күндері бұл жұмыстар толығымен аяқталып, ауыл халқы жарық көшемен жүретін болады.
Бұған қоса, биыл Қожан ата көшесімен қиылысып жатқан К.Бимаханов көшесіне де жарықтандыру бағаналары орнатылған. Оның ұзындығы 450 метрді құрайды. Қысқа көше болғанымен оның жарықтандырылуы тұрғындарға тиімді болмақ. Жалпы, көшелердің жарықтандырылып жатқанына ауыл халқының ризашылығы мол.
Е.БЕРКІНБАЕВ