Жол жөндеу жұмыстары сапалы және мерзімінде атқарылуы қажет
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Қалжан ахун және С.Сейфуллин ауылдарындағы көшелерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аудан басшысы алдымен Қалжан ахун елді мекеніндегі Қайқы батыр көшесінің жөндеу жұмыстарын көрді. Күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 153 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар 2024 жылдың сәуір айында басталды. Қазіргі уақытта 1,8 шақырымды құрайтын көше асфальттанып, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Мұнан соң аудан әкімі С.Сейфуллин ауылындағы 6 көшенің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Елді мекендегі Қ.Әбдірей, Бәйтен батыр, Сәрке батыр, Е.Қосбармақұлы, Шортанбай би және А.Іскендіров көшелерінің жөндеу жұмыстарын «Орда Автодор» ЖШС атқаруда. Бүгінгі таңда Сәрке батыр көшесіне асфальт жабындысы төселуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елді мекендерде ең алдымен тұрғындарға қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарға басымдық беруді тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауданда жол жөндеу, газдандыру, ауыз су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Қоғалыкөл ауылдарында көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың сапалы және мерзімінде атқарылуы тұрақты бақылауда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне жол жабындысын талаптарға сай төсеуді, жұмыстарды сапалы атқаруды ескертті. Тиісті салалық орынбасарына тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, ауданда Қоғалыкөл елді мекеніндегі А.Құнанбаев, И.Мақсұм, Ә.Айзунов, А.Есмахов, Шымбай, С.Майқанова көшелерінің жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды «Қызылорда жолдары» ЖШС атқарып, жалпы 2,8 шақырым жол жөнделу үстінде. Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі Б.Момышұлы 7 және 8 көшелері, А.Байтұрсынов, А.Оразбаева, Ә.Таңсықбаев, Ақтам және Қ.Бөдеев көшесінің аяғы жөндеуден өткізілетін болады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі