Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Желтоқсан көшесі жөнделді

Желтоқсан көшесі жөнделді

Әр облыс, әр қалада, тіпті шағын аудандарда да Желтоқсан көшесі бар. Тәуелсіздік жолында қиындықтан қаймықпаған қазақ жастарының ерлік ісін келешек ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында осы атау берілген көшелердің бүгінгі кейпі қандай?

Қазақ жастарының ерлік ісін әрбір кейінгі ұрпақ жадынан өшірген емес. Ал Желтоқсан көшесінің тұрғындары көше бойымен жүріп өткен сайын Тәуелсіздікке тәу етері сөзсіз. Тереңөзек кентінде де осы атаумен аталатын көше бар. Кентке кіре берісте, яғни орталықтан шеткерірек орналасқан көшеде қазіргі таңда 36 тұрғын үй бар.

Аудандық газетте «Кент көшелері» айдарымен аудан орталығындағы көшелер туралы ақпараттық мақалалар ұдайы жария­ланып отырады. Соңғы жылдары кент келбетін айшықтай түскен көптеген көше жөндеуден өтіп, бұл өз кезегінде тұрғындар қуанышын еселегені анық. Жоспарлы жұмыстар биыл Желтоқсан көшесінде де жүргізілгені көңілді қуантады. Бұл көшеге асфальт төселген, көше самаладай жап-жарық. Көшенің жөндеуден тыс қалған аз-кем бөлігі де жақында толықтай өңделіп, тұрғындарға мереке қарсаңында қуаныш сыйлап отыр. Облыстық бюджеттен 66,5 млн теңге қаржы бөлініп, Желтоқсан көшесінің 618 метр және Желтоқсан-1 тұйығының 364 метр жолына асфальт төселіп, көше келбеті айшықтала түсті. Кенттегі маңызды көшелердің біріне жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «Қызылорда құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС жүргізген.

– Бұл көше бұрын Қазақ деген атаумен аталған еді. 1996 жыл­дан бастап Желтоқсан атауы берілді. Биыл көшеміз жөнделіп, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында тұрғын­дар қуанышын еселеп отыр. Бұған дейін аудандық газетте тұрғындардың өтінішімен көшенің толық жөнделмегені туралы мәселе көтерілген еді. Бұл көшенің жарқырап тұруы – ең алдымен Жел­тоқсан көтерілісінің боздақтарына деген құрмет деп білеміз, – дейді көше тұрғыны Ахан Пірімбет.
«Тт» ақпарат
16 желтоқсан 2023 ж. 194 0