Әдемі қартаюдың әдемі үлгісі болған ардагер
Әдемі қартаю – зор абырой әрі үлкен бақыт. Түсіне білгенге бұдан асқан ғанибет жоқ секілді. Өмірге келу, ата-ананың тәлім-тәрбиесін алу, жеке тұлға ретінде қалыптасу, оқу, тәжірибе жинау, еңбекке араласу, қоғам дамуына үлес қосу, ардагерлік кезеңге жету – мұның бәрі айтуға оңай болғанымен үлкен еңбекті талап етеді. Біз білетін Шырынкүл Ахметова – адам өмірінің айтулы кезеңдерін абыроймен өткеріп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты ардагер ана.
«Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі Шырынкүл Ахметова 1955 жылдың тумасы екен. Қаңтар айының 15-інші жұлдызында дүниеге келген. Шіркейліде кіндік қаны тамған кейіпкеріміз ол кезде бұл мекеннің атауы «Қызыл Ту» совхозы болған» дейді. Әкесі Оңғарбай заманының зиялысы болыпты. Ол кісі 1917 жылғы екен. Педагогикалық училищені бітіргеннен кейін майдангер бірқатар жауапты қызметтерді атқарған. Ақжармада колхоз бастығы, Шіркейліде парторг, Аққұмда мектеп директорының орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарыпты. Елге сыйлы, сөзі өтімді, іскер азаматтың қоғамда өзіндік абырой-беделі болған. Ал анасы Бақтыгүл Ерзадақызы 12 перзентті өмірге әкеліп, оның 11-ін жетілдірген Батыр ана екен. Бұл отбасында 9 қыз, 2 ұл өсіп-өнген, қияға қанат қағып, өмірден өз орындарын тапқан.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтылмайды екен. Біз отбасында әкеміздің парасаттылығын, тазалығын, ел мүддесін бәрінен биік қоятын қайраткерлігін көріп өстік. Анамыз да жақсы кісі еді. Бізге мейірім-шапағатын төгіп, ешкімнен кем қылмай өсірді. Жақсы әке мен жақсы ананың тәлім-тәрбиесін алған балалар бүгінде бір-бір отбасы болды. Қандай да бір жетістікке жетсек, ата-анамыздың бізге сіңірген еңбегімен байланыстырамыз, – дейді Шырынкүл Ахметова.
Кейіпкеріміз Шіркейлідегі №129 «Қызыл Ту» мектебінде оқыған. 1971 жылы 10 жылдық білім алған жас әуелі колхозда жұмыс істеген. 1973 жылы Н.Гоголь атындағы институтқа оқуға түсіп, оны 1978 жылы бітіреді. Оқу орнынан математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. Студент кезінде әкесінің қарындасы Кеңескүл Дүйсенбаева мен жездесі Сақтаған Сұлтановтың үйінде жатып оқыпты.
– Негізі жаратылыстану бағыты бойынша химия, биология пәндеріне ерекше қызыққан едім. Бала күнгі қызығушылығыма мектепте бізге сабақ берген ұлағатты ұстазымыз Біләл Мақашев ағайдың кәсіби білімі мен шәкірттермен жұмыс жасау тәжірибесі әсер етті. Бірақ математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолымды жалғастырдым. Оқу бітіріп келгенде әкеме жұмысқа орналасу туралы ойымды айттым. Әкем «Мен қызымды жұмысқа ал, орын керек деп ешкімге бармаймын. Оқу орны жолдаманы қай мектепке береді, сол мектепте істей бер. Басшылар менің бір ауыз сөзімді жерде қалдырмайды ғой, бірақ сені орналастыру үшін біреуді жұмыстан шығаруға тура келеді. Бұл дұрыс болмайды. Сондықтан бұйырған мектепте еңбек ете бер, қалқам, ақылың бар ғой» деді. Сонда әкемнің тазалығын тереңірек аңғардым. Сөйтіп жолдамамен Ақжарма ауылына барып, бір жыл математика пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс істедім. 1980 жылы ауылға келіп, мектепке жұмысқа орналастым, – дейді ардагер ана.
Ол кезде мектеп директоры Әмірғали Құдайбергенов екен. Ол кісі елдің есінде өте таза, тиянақты, тік жүретін басшы ретінде сақталған. Білікті басшыны жұртшылық әлі күнге үлгілі адам, парасатты азамат ретінде өнеге тұтады. Әсіресе жасыл желекті жайқалтуға, талдар мен гүлдерді егуге деген көзқарасын, еңбегін, атқарған жұмысын жоғары бағалайды. Ш.Ахметова 1980 жылы Дүр Оңғар ауылының Құттымұрат Қойшыбаев есімді азаматына тұрмысқа шығады. Дәнекерлеуші болып жұмыс істеген отағасы 2008 жылы 60 жасында қайтыс болыпты. Қазір бір ұлы Зұлпыхар және одан тараған 3 қыз бен 1 ұл бар. Ұлынан тараған ұрпақтарының қызығын көріп отырған Шырынкүл апа сұхбаттасу барысында көршілері туралы да тебірене айтты.
– Тағдырдың жазуымен Дүр Оңғар деген ауылда тұрдық. Өте жақсы, жайлы ауыл болды. Біз үшін құтты мекен, берекелі, ырысты жер еді. Көршілеріміз де Құдайдан сұраған жандар болатын. Бірде көршіміз Тұрашбек Есбергенов пен Райхан Кенжеалиева көшетін болды. Біз оларды қимадық, олар кетсе қалай болар деп көп ойланып жүрдік. Содан не керек, әрі қызық біз олардан бұрын көшіп кетейік деп шештік. Сөйттік де Жамбыл облысынан бір-ақ шықтық. Мұнда Жамбыл деген ауданда тұрдық. Бұл жаққа бізді Құттымұраттың туыс қарындасы Шәмшәгүл шақырған еді. Бастапқыда бәрі жақсы, ойдағыдай болды. Қосымша білім берумен айналыстым. Бірақ біздің Сыр өңірі халқының саяси сауаты, құқықтық мәдениеті жоғары екені бірден байқалатын. Ол жақтың халқы сәл дөрекілеу еді. Арада бірнеше жыл өткенде қайтадан Қызылордаға қайтайық деп шештік. Құттымұрат «Дүр Оңғарға барсақ, күнін көре алмай қайтып келді деп айтады, Шіркейліге барсақ, күшіккүйеу деген атқа қаламын» деді де облыс орталығынан үй алуға ыңғайланды. Бірақ бажасы Төребек Нысанов пен Шаһаркүл апамыз осы Нағиға шақырды. Бұл да біз үшін жақсы ұсыныс еді. Сөйтіп 1992 жылы Нағи Ілиясов ауылына келіп, мектепке жұмысқа орналастым. 2011 жылға дейін еңбек етіп, зейнет демалысына шықтым, – деді Шырынкүл апа өткен күндерін ой елегінен өткізіп.
Ұстаздық қызмет атқару әрі қиын, әрі қызықты. Қиыны – елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жас буынның білімді, парасатты болуына атқарған еңбегіңіз тікелей ықпал етеді. Ал қызықтысы – балалармен жұмыс жасағанда түрлі жағдайлармен бетпе-бет келесіз. Кейіпкеріміз ұстаздық еңбек жолында болған естен кетпес оқиғаларын баяндап берді. Тыңдап отырып, тәнті боласыз. Тәнті болып, таңдай қағасыз. Ең маңыздысы, шәкірттері әлі күнге іздеп, жыл сайын құрмет көрсетіп тұрады екен. Ұстаз үшін одан асқан бақыт та, байлық та, қуаныш та жоқ. Ал білім саласында еткен нәтижелі еңбегі үшін алған марапаттары да бір төбе. Оның ішінде облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және аудандық білім бөлімінің де Алғыс хаттары бар. «Үйдегі келінім Толқын да ұстаз, ол – тарих пәнінің мұғалімі. Ұстаз болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Мен ұстаз болғаныма қуаныштымын. Мектепте жүріп хорға қатысатын едік. Кейін сол белсенділігіміз, өнерге жақындығымыз «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі болуымызға жол ашты. Біздің ансамбльге Абзал Жұмашұлы көп еңбек сіңірді, қолдау білдірді. Ауылдық мәдениет үйінің де ерекше құрмет-қолдауын сезініп келеміз» деген ардагер ана гүлденіп, жайнаған Нағи Ілиясов ауылының бүгінгі жетістіктері мен бағындырған белестері жөнінде де әңгімеледі. Тіпті бір немересінің есімі Абзал Ералиевтің құрметіне Абзал деп қойылғанын да айтып берді. Ол былай болыпты.
Нағи Ілиясов ауылының көздің жауын алатын әсем гүлдері, тазалығы, жайлылығы кімнің де болсын еріксіз назарын аудартады. Ауыл жөнінде арнайы түсірілім жұмысын жүргізбеген телеарналар аз шығар. Бірде Шырынкүл апа немерелерімен бірге кезекті серуенге шыққанда журналистермен кездейсоқ жүздесіп қалады. Журналистер Ұлттық арнаның өкілдері екенін айтып, ауылдың абаттанғаны жөнінде сұхбат беруді сұрайды. Ауылды жақсы көретін әрі әрбір жетістігіне қуанып отыратын ардагер жақсылап сұхбат береді. Арасында «Абзал Ералиевтің еңбегі зор, егер келінім ұл туса, атын Абзал қоямын» деп айтады. Бұл жүректен шыққан сөз, көңілдегі көркем ой еді. Бірақ ол кезде келіннің аяғы ауыр емес еді. Құдай ауызға салды, бұйыртты деген осы шығар. Көп өтпей келіннің құрсағына бала бітіп, айы-күні жеткенде аман-есен өмірге шекесі торсықтай ұл бала келеді. Содан ұлы мен келіні «Өзіңіз телеарнада сұхбат беріп, оны барлық адам көрді. Атын Абзал қоямын деп айтып қойдыңыз ғой, ендеше немереңіздің есімі Абзал болсын» дейді. Осылайша сәбиге азан шақырып Абзал деген ат береді және кейін тұсауын Абзал Жұмашұлының өзі кеседі. Қазір бала Абзал мектептің үздік оқушысы. Өзі алғыр әрі епті. Болашақта дана Абзал болып, ел ағасына ұқсап баққысы келеді. Шырынкүл Тәжбенова өзге де немерелерімен мақтанатынын айтты. Жазира мен Нұрай есімді қос немересі тұрмыста болса, Ұлбике мектепті үздік бітіріп, Қорқыт ата атындағы университетте оқып жатыр екен. Сүт кенжелері Абзал да 7-сынып оқушысы ретінде қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып жүр. Бір сөзбен айтқанда, бұл шаңырақ – өсіп-өнген, өнегелі, үлгілі отбасы. Осынау отбасының шамшырағы Шырынкүл апа әдемі қартаюдың нағыз үлгісін көрсеткен ардагер ана десек қателеспейміз.
Ақтөре ИбБРАГИМҰЛЫ