Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардақты ардагер

Ардақты ардагер

Саналы ғұмырында ауданның дамуына айтулы үлесін қосып, адал қызмет етіп, қажырлы еңбегінің арқасында абыроймен ардагерлік жасқа жеткен Шырынкүл Елеусінқызы бүгінгі күні бейнетінің зейнетін көруде. Елге еткен ерен еңбек ешқашан да ескерусіз қалмасы анық. Қызметте абыройлы іс атқарып, біліктілігі мен тиянақтылығының нәтижесінде елдің алғысын алған, адалдықты ту еткен ардақты ардагер бүгінде 73 жаста.

Шырынкүл Елеусінқызы бұрынғы Қы­зыл­­дихан, қазіргі Мәлібаев ауылдық ок­ругін­де дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы аудандық атқару комитетінің АХАТ бөлімінің меңгерушісі қызметінен бастаған. Жауапты қызметін 20 жыл абыроймен атқарып, қызметтік өсіммен аудандық мәслихат аппаратына ауысады. 42 жыл жемісті еңбек етіп, аудандық мәслихат аппаратынан 2009 жылы зор құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығады.

– Мен қызмет еткен жылдары қазір­гідей жағдай жақсы емес, қиын қыстау кездер болғаны рас. Әрине оңай жерде нан жоқ. Қиындығымен қатар қызық­тары да болатын. Қазір ешкім сенбес бірақ АХАТ бөлімінде жұмыс істеп жүргенде туу туралы куәлікті, дүниеден өткен адам­ды, жаңа туған нәрестені тіркеу деген ол уақыттарда болмайтын еді. Өзіміз соңынан іздеп жүріп, жаңа туған аналардың құжаттарын түгендеу үшін куәлікті тіркеп, алып беретінбіз. Тіпті перзентханаға барып отыратын кездерім де болған. Ол кезде некеге тұрмайтындар да болатын. 4-5 бала дүниеге келгенде ғана құжат іздеп, жасататын еді. Сол кездегі басымнан өткен қызықтарды қазір күліп еске алып отырамын, – дейді Шырынкүл Елеусінқызы.

Ардақты ардагер Шырын­күл Елеу­сінқызы – бүгінгі күні бейнетінің зейнетін көріп, тамыры тереңге жайылып, 4 ба­ла тәрбилеп өсіріп, көз қуанышы 15 неме­ренің қызығына кенеліп, өмірлік жарының жағдайын жасап отырған аяулы жар, асыл әже. Балаларының әрқайсысы өз алдына отау құрып, қызметте жүрген жандар. Шырынкүл апа тазалықты, адалдықты, шыншылдық қасиетін өте жоғары бағалайды. Сол қасиеттерді балаларының да бойына сіңіріп, бала тәрбиесіне қатты мән берді. Әлі күнге дейін балаларына біреудің ала жібін аттамауға, жамандық істемеуге, тек жақсы істер жасау керегін әркез айтып, балалары үшін алаңдап отырады. Шүкіршілік ету қанына сіңген қасиет. Ардагеріміз 70 жастан асқанға ұқсамайды. Еңсесі тік, жүрісі ширақ, әлі тың. Ойы тиянақты, әңгімесі орнықты.

– Біз қызмет еткен уақытта бір жағы­нан бала, бір жағынан келіндік қызмет, бір жағынан жұмысты алып жүру қиын­дық соқтырды. Ең қиыны күн демей, түн демей, уақытпен санаспай жұмыс істей­тінбіз. Отбасымызға көңіл бөле алмайтын кездеріміз көп болды. Қазіргідей ар­хив, іс-қағаз дегендер ол кезде жоқ еді. Құжаттарды, іс-қағаздарды түп-түзу қылып, артық қағаз шығармай бірдей етіп қат­парлап тігетінмін. Барлығы жұмысыма қызығып, таңғалатын. Қазіргі сол жерде жұмыс істеп жүрген қыздар кәдемізге жарады деп көрген сайын алғыстарын айтып жүреді. Сол уақытта 35 мың жалақы алатын едік. Бірақ 35 мың болса да берекелі еді. Шүкір Құдайдың берген денсаулығының арқасында жұмыс істеп, сол ақшамен отбасымызды да асырап, үйлі болған жайымыз бар. Өмірімнің ең маңызды кезеңдері аудандық мәслихат аппаратында жұмыс істеген шақпен байланысты деп айта аламын. Көп нәрсе үйрендік, үйреттік. Күн демей, түн демей жұмыс істегеннің нәтижесінде жаман болған жоқпыз, қайта шыңдалып, қазір сол еңбегімнің жемісін жеп отырған жа­йым бар, – дейді ақ жаулықты ана.

Шырынкүл апаның қажырлы еңбегі бүгінге дейін ел есінде. Әркез төрден орын алатын, құрмет биігіндегі ардақты ардагер. Саналы ғұмырында қажырлы еңбек етіп, қызметтес болған әріптестері әрі замандастары Әлия Төлеуова, Гүлназ Божанова, Абдолла Атақаев, Алма Бахтиярованың адал еңбектері мен адамгершілік қасиеттерін мақтанышпен еске алады. Ардагер елеулі еңбегінің нәтижесінде мәслихаттың 20 жылдық медалімен, СССР кезінде «Еңбек ардагері» медалі, ауданның 90 жылдық медалімен марапатталды. Ардагер әріптестерінің қазіргі істеп жүрген жұмыстарына көңілі толып, дән риза екенін жеткізді. Тіпті қызығатынын да жасырмады. Себебі ол кезде қазіргідей компьютер, ғаламтор деген болмайтын, болған күннің өзінде де әр мекемеге 1 ғана компьютер тиесілі еді. Ал қазір жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Ғимараттың іші жылы әрі жарық, жұмыс істеуге өте қолайлы.

– Аудан халқын, әріптестерімді, жал­пы әйелдер қауымын 8 наурыз әйел­­дер мерекесімен шын жүректен құттық­тай­мын! Отбасыларына амандық, бере­ке-бірлік, ең бастысы денсаулық ті­леп, отбасы ошақ қасында аман-есен сый­лы болып жүре берулеріне тілектеспін. Осын­дай айтулы мерекеде елеп ескеріп, төрден орын беріп, құрметтеп жүрген редакция ұжымына алғысымды білдіремін. Қызметтерің табысты болып, алар асу­ларың биік болсын. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Осыдан асқан бақыт бар ма? – деп ақ тілегін білдірді ардақты ардагер.

Алтынай Қайратқызы
07 наурыз 2024 ж. 250 0