Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өнерлі келіннен өнерлі әжеге дейінгі өнегелі өмір

Өнерлі келіннен өнерлі әжеге дейінгі өнегелі өмір

Үміткүл апайдың екі фамилиясы бар. Бірі – Тәжбенова, екіншісі – Жаулыбаева. Апаймен кездесіп, сұхбаттасу барысында бізге күлімсіреп қарап: «Қай фамилиямды жазасыңдар?!» деді. Біз «Апай, сіз қайсысын жаз десеңіз, соны жазамыз» дегенбіз. Ардагер ана «Екеуін де жазыңдаршы» деген соң әдейі мақаламыздың кіріспесін кейіпкеріміздің фамилиясынан бастап жатырмыз. Бұл да бір тарих. Осы ретте оқырман қауымға түсініктірек болу үшін жас күнінде Жаулыбаева болып келген апамыз келін болып түскеннен кейін отағасының тегіне өтіп, Тәжбенова атанғанын айта кетейік.

Үміткүл Несіпбайқызы 1952 жылғы екен. Шіліңгір шілденің 17-інші жұлдызында дүниеге келіпті. Қарапайым отбасында өсіп, жетілген.

«Әкем Несіпбай 1905 жылғы еді. Ол кісі тылда еңбек етті. Анам Алдан Маханбайқызы үй шаруасындағы әйел болды. Үш ағайынды болып өстік. Үйдің үлкені – апам Зүбайра. Одан кейін менмін, менен кейін Төлеби деген інім бар. Өзім Осипенко атындағы мектепте 1959-1964 жылдары оқып, әрі қарай оқуымды №1 Май мектебінде жалғастырдым. Мұнда 1965-1969 жылдары білім алдым. Оқушы күнімнен білімге, өнерге құштар едім. Оқушылар үйіндегі домбыра үйірмесіне қатысқаным есімде. Мектепте оқып жүріп Алматыға концертке барып қатыстым. Лениннің 100 жылдығына орай жастар арасында үлкен фестиваль өтті. Сол фестивальге қатысу менің өміріме үлкен жаңалық әкелді. Ауылға ерекше қуанышпен шабыттанып келдік. Балалық күнім, жастық кезеңім осындай ұмытылмас мәдени-көпшілік іс-шаралармен есте қалды. Қазір ойлап қарасам, осы «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі болуыма да өнерге деген бала күнгі құштарлығым әсер еткен секілді» деп бастады Үміткүл апамыз бізбен әңгімесін.

Кейіпкеріміздің ашық-жарқын мінезі, айтар ойын байыппен жеткізетін болмыс-бітімі сұхбатымыздың жақсы өрбуіне көп септігін тигізді. Оның үстіне қоғаммен етене араласқан адаммен пікірлескен, әңгімелескен жақсы. Саналы ғұмырын шаруашылықта есепші болуға арнаған Үміткүл Тәжбенова 1987 жылы ұжымда қысқарту болып, аспаз болып жұмысын жалғастырғанын айтты. 2004 жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, қазір бейнетінің зейнетін көруде. Кеудесіндегі «Күміс алқа» мен үйінің төріндегі марапаттар ұзақ жылғы еңбегінің жемісі деп ұғындық.

Ү.Тәжбенова бізге «Ақ әжелер» ансамблі туралы әңгімелеп берді. Айтуынша, бірде Н.Ілиясов ауы­лында әз-Наурыз мерекесі тойланыпты. Айтулы іс-шараның ауқымы кең әрі қатысушылары да көп болған. Ауыл тұрғындары да сәні мен салтанаты жарасқан мерекелік іс-шараның куәсі болған. Әрі қарай кейіпкеріміздің өзі жалғастырсын.

«Сол күнгі іс-шарада екі әже келіп ән айтты. Сырттай бақылап отырдық. Екеуі де сырттан келіпті. Жанымда ансамбльдің қазіргі мүшесі Гауһар Төлегенқызы отырған. Мен «Бұл әнді біз де айта аламыз ғой, неге өзіміз айтпаймыз?!» дедім. Ол кісі ойымды құптады. Содан намысқа тырысып әрі ұлттық мерекеден кейін шабыттанып, өзара ақылдасып, ансамбльдің құрылуына түрткі болдық. Кейіннен білдік әлгі әжелер көршілес Бесарық ауы­лынан келіпті. Ол ауылда да әжелерден құралған топ бар. Өзара сыйластығымыз, әріптестік байланысымыз қалыптасқан, іс-шараларда көріп, пікірлесіп қаламыз. Ал өз басым осы «Ақ әжелер» ансамблінің құрамында болғаныма қуаныштымын» дейді ардагер ана.

Үміткүл Несіпбайқызы қайныатасы Төлегеннің өнерге жақын тұлға болғанын айтып өтті. Өз әкесі Несіпбай да домбыра шертетін болыпты. Өзі домбыра тартқан әке ұл-қыздарына да ұлттық өнерді үйрететіні анық қой. Өскен отбасында да, келін болып түскен әулетінде де қолдауға ие болғанын ерекше мақтанышпен айтқан кейіпкеріміз қайныатасының кейде шай құйдырмай, одан да күй тарт, ән айт деп айтатын болғанын да жеткізді. «Мені «Өнерлі келін», «Өнерпаз келін» деп мақтайтын. Мұндайда қуанып қалатынмын. Атам да, енем де жақсы кісілер болды. Ал өмірлік жолдасым Гажданбек білім саласында еңбек етті. Мектепте еңбек пәнінен сабақ берді. Білім саласында еткен еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды» дейді Үміткүл Тәжбенова.

«Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі отбасында аяулы жар, ардақты ана, ақыл-парасаты толысқан әже. Жұбайымен бірге 5 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, өсірген. Үйдің үлкені Гүлнар 1972 жылғы екен. Ол денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Ал 1974 жылғы Нұрлан электрик әрі энергетик. Үшінші ұл Ерлан 1977 жылдың тумасы, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ Қызылорда облыстық филиалында еңбек етеді, жол бойындағы байланыс жүйелерін рет­теумен айналысады. Ал 1979 жылғы Абдулла Астана қаласында құрылыс саласында еңбек етуде. Отбасында 1980 жылғы Анар деген қыз бар еді. Ол өмірден ертерек өткен. 1983 жылғы Руслан әкесінің білім саласындағы ұстаздық жолын жал­ғастырып, ауыл­дағы Т.Айтбаев атын­дағы №132 орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Осы төрт ұл, екі қызынан Үміткүл апамыз 15-ке жуық немере мен шөбере сүйіп отыр.

«Қазақта жақсы үрдіс бар, ол немерені бауырына басу деп аталады. Мен де Әсел деген немеремді бауырыма басқанмын. Оны өзімнің туған қызымдай жақсы көремін, мен үшін орны ерекше. Өзі де жақсы, тәрбиелі, білімді болып өсті. Қазір білім саласында жұмыс істейді. «Талсуаттағы» оңалту орталығында еңбек етеді. Жоғары білімді. Өзге де немерелерім жақсы жетістіктерге жетіп, әке-аналарына, бізге қуаныш сыйлап келеді. Әр таң сайын бәрінің тілеуін тілеп, жатарда да дұғама қосып отырамын. Ұрпақтарым аман болса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ» дейді Үміткүл Несіпбайқызы.

Халық жазушысы, ұлтымыздың біртуар перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Бағалай білгенге бақыт басын иеді» деген даналық сөзі бар. Осы сөз біздің бүгінгі кейіп­керімізге арналып айтылғандай. Өйткені Үміткүл Тәжбенова бар бақытты бағалай біледі, қолда барға қанағат ете алады және ертеңгі күнге әркез сеніммен қарайды. Шүкірі мен пікірі үйлескен, сөзі мен ісі ұштасқан ардагер анамен бірге өткізген жарты сағатқа жуық уақытта біз бір ғұмырға татитындай ғибратты істерге қанық болдық. Жас күнінде комсомол жастар бригадасының белді мүшесі болған, кейін өнерлі келін ретінде танылып, бүгінде өнерлі әжеге айналған, қоғаммен етене араласып, абырой биігіне көтерілген ардагердің өнегелі өмірінен, еңбек жолынан, ұлағатты ұрпақтарының жетістігінен тағылым алдық. Сол тағылым ұрпақтар сабақтастығы атты ұлы ұғымның мәнін ашып, әулеттің абырой-беделі биіктей берсін, Үміткүл Несіпбайқызы «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі ретінде өнер өлкесінің төрінен көріне берсін деген тілекте мақаламызды аяқтағанды жөн көрдік.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
19 қараша 2024 ж. 111 0