Аудан әкімі "Сырдария барысы" турнирінің ашылу салтанатына қатысты

Аудан басшысы Республика күні қарсаңында жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Чемпион болу – ел мерейін асыру деген сөз. Спортшылардың даңқы – барша халықтың даңқы. Олардың мәртебесі – бүкіл мемлекеттің мәртебесі. Сондықтан біз спортшыларымыздың әр жетістігін мақтан тұтуымыз керек. Мұның бәрі спортты насихаттап, саламатты қоғам құру үшін өте маңызды» деп атап көрсетті. Ел Президентінің тапсырмасымен, Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймағымызда спорттың бұқаралық сипатын дамытуға ерекше мән берілуде. Облыс орталығында құны 2,7 млрд. теңге болатын үстел теннисі пайдалануға берілді. Жақында заманауи талаптарға сай келетін 11 мың орындық жаңа стадион салтанатты түрде ашылды. Соңғы үш жылда өңірде 20 спорт кешені салынып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы 6 спорт кешені пайдалануға беріледі. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2,9 млрд. теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Сырдарияның сол жағалауынан 6,8 млрд. теңгеге халықаралық стандарттарға сай, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және облыс орталығынан құны 20,5 млрд. теңге болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сырдария ауданында спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бүгінгі үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Сырдария барысы» – осының айғағы. Осы жарыс арқылы чемпиондарымыз шығып, ұлттық спортты дамытуға өз үлестерін қосуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Турнирдің ашылуында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев та сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Турнирге қазақ күресінен аудан намысын қорғап жүрген жас палуандар қатысып, боз кілемде өзара тартысқа түсті.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі