Ұлт Көшбасшысымен қызметтес болған
Сыр елінде кіндік қаны тамып, республиканың түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етіп, туған жердің тұғырын биіктен түсірмей жүрген тұлғалар бар. Солардың бірі – Әсия Қарабалақызы. Ұзақ жыл бойы мемлекеттік маңызы бар салада адал еңбек етіп, бүгінде еліміздегі ең ірі мегаполис Алматы қаласында тұратын Әсия апаймен ұялы байланыс арқылы сұхбаттастық.
Әсия Ахметова 1947 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Жастайынан ілім-білімге ерекше қабілетті, ынталы болған ол аудандағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы орта мектепте білім алған.
– Ұшқыр ойлы, тиянақты, ұқыпты қыздан ата-анасы мен ұстаздарымыз сол кезде-ақ зор үміт күтті. Ол уақытта мектеп бітіре салып оқуға түсіп, жоғарғы білім алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс еді. Уақыттың талабына сай, Әсия да мектеп бітірісімен жұмысқа араласты. Алғашқыда комсомолдық жолдамамен ХХІ-партсъезд атындағы совхозда механизатор, одан кейін Тереңөзекте аудандық атқару комитетінде іс жүргізуші қызметтерін атқарды. Десек те, бала кезден оқу мен білімге ерекше ынталанып, биік белестерді бағындыруды арман еткен жас маман тағдыр айдап Алматыдан бір-ақ шықты. Ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Еңбек жолында, өмір жолында абыройлы болды. Бүгінде бейнетінің зейнетін көруде, – дейді кейіпкеріміздің замандасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Зылиха Сыздықова.
Арман қуып үлкен шаһарға табан тіреген Әсия апай еліміздегі ең үздік жоғарғы оқу орны Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен. 1972 жылы аталған оқу ордасының тарих факультетін тәмамдаған Әсия Ахметова дипломды маман болып, үлкен өмірге қадам басқан.
Маман ретіндегі ең алғашқы қызметін Талдықорған облысының Қаратал ауданынан бастаған. Осы тұста, Б.Момышұлының сөзі еске түседі. «Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» дейді екен. Сол айтқандай, кішкентай ғана ауылдың қарапайым қызы үлкен қалада оқу оқып, қызмет қылып, өмірлік жарын да сол шаһардан тапқан. Университет қабырғасында жүріп, тұрмыс құрып, дүниеге сәби әкеліп, отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген. Міне, қазақ қызының қайсарлығы, мықтылығы да осы болса керек.
1974 жылы Алматы қаласындағы мектептердің бірінде жұмысқа орналасып, ұстаздық еткен Әсия апай көп ұзамай республикалық телерадио орталығына қызметке ауысқан. Одан кейін тұрғын үйлерді пайдалану мекемесінде, Қазақ ССР Мемлекеттік телерадио комитетінде редактор қызметтерін абыроймен атқарып, үлкен өмірлік тәжірибе жинаған.
Әсия апай Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінде мұрағатшы болып ұзақ жылдар бойы жұмыс жасаған. Елбасымен бір ғимаратта жүріп, абыройлы қызмет еткен Сыр елінің қызы мемлекеттік маңызды іс-шараларды ұйымдастырып, арнайы түсірілген бейнежазбаларды телеарналарға тарату, оны сақтау ісімен айналысқан.
– Отыз жыл телевизия саласында, оның ішінде жиырма жылдан аса Президенттің бейнемұрағатын жинап, сақтау ісімен айналыстым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе деп білемін. Елбасының ел үшін атқарған ерен еңбегі, қайда барғаны, қандай іс-шараларда болғаны, бәрі-бәрі әлі күнге бейнебаяндағыдай көз алдымда. Ол ақпараттың барлығы телерадио кешенінің мұрағатында сақтаулы тұр. Мұрағат – тарихтың айнасы, – дейді ұмытылмас шақтарды еске түсіріп, бізбен сыр шертіскен Әсия Қарабалақызы.
Әсия апайды қызметтестері мен ұжымдастары әлі күнге «Жылжымалы энциклопедия» деп атайды. Бұл ұзақ жыл абыроймен еңбек етіп, жас ұрпақты, қызметке енді араласқан жас мамандарды үйрету жолында аянбаған Әсия апайдың өте білікті, ұқыпты кісі болғанын анық аңғартады. 2019 жылы зейнет демалысына шыққан білікті маман, ардақты ананы ұжымдастары әр мереке сайын құттықтап, арнайы көңіл бөліп, қажет жерде білмеген тұстарын да сұрап алып отырады.
Зейнетке шықса да, қоғам өмірінен қол үзбеген Әсия Ахметова киім тігіп, тоқыма тоқуды серік етеді. Өзі қызметтес болған топпен «Ғажап ғасыр» атты студия да ашқан. Онда әлеуметтік бейнебаяндар, атақты тұлғалар туралы фильмдер түсіріп, арнайы «YouТube» желісінде жариялап отырады. Ондағы мақсат – ұлттық таным мен халқымыздың ұлы тұлғаларын кейінгі ұрпаққа таныту.
Әсия апай қазір зейнетте. Ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған әзиз ана, асыл әже. 2005 жылы өмірлік жолдасынан айырылса да, екі қыз, бір ұлды қанаттыға қақтырмай өсірген. Әкенің тәрбиесі, ананың ақ сүтінен нәр алған ұл мен қыздың барлығы бүгінде оқу оқып, абыройлы қызмет жасауда. Әке жолын қуған ұлы Ұлыбритания корольдігіндегі Қазақстан елшілігінде қызметте болса, қыздары қазір бала тәрбиесінде.
Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты ана тоғыз немеренің аяулы әжесі. Немерелерінің алды бүгінде беделді қызметте болса, кейінгілері студент, оқушы.
Туған жер, алтын ұя шалғайда жүрген түлектерін ұмытпайды. Жырақта жүрген жерлестеріне ауыл халқы да ұдайы тілеулес. Кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ұл-қыздары мен немерелеріне өнеге көрсетіп, әрқайсысын тұлға етіп қалыптастыруда тәлім мен тәрбиесін аямаған Әсия Қарабалақызы да кіндік қаны тамған жерін сағынатынын жасырмады. Сондай-ақ, аудандық газет арқылы туған жерге, замандас, бауырларына ыстық ықыласы мен сағынышын, дұғай сәлемін жеткізуімізді сұрады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ