Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№102 газет

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 газет

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Бұрын телеарна мен газет-журналдан жемқорлар туралы айтылып, жаңалық көргенде «Бұларды аямау керек», «Қатаң жазалаған дұрыс» дейтін Тұрсын бүгін аянышты халде. Бүгін оның соты болады. Ол екі ай бұрын ойда жоқта тұтылып, тергеуге алынған. Тергеу кеше аяқталып, бүгін үкімі оқылмақ.

Тұрсын бала күнінен белсенді еді. Мектепті жақсы оқыды. Кейін жоғары оқу орнына тапсырып, балы жетпей түсе алмай қалды. Қол қусырып жүруді ар санаған ол колледжде оқуды жөн көрді. Оқып жү­ріп жалданып жұмыс істеді. Бірде мар­шрутта кассир болса, енді бірде ал­ыпсатарлықпен айналысты. Әй­теуір тыным таппай, бала күнгі белсенділігінен тайған жоқ. Сөйтіп жүріп оқуды да тәмамдап, жұмысқа орналасты. Әкесінің ағасы бар беделін салып, бір мекемеге басын сұқты. Содан сол мекемеде сатылап өсіп, міне қазір мәселе шешетін білдей маман атанды. Мәселенің бәрі заң жүзінде шешіле бермейтінін ол бұрыннан түсінетін. Өйткені оның ортасы бармақ басты, көзқыстыларға толы еді.

Бір күні ол бастығының нұсқа­уымен кезекті бір тапсырманы орын­дамаққа жолға шықты. Оған жүктелген міндет – бір затты алып, бір жерге апарып тастау. Оңай тапсырма. Бірақ бастығы кешікпеуін қатаң тапсырған. Діттеген жерге 15 минут ерте барған Тұрсын не зат екен деп ойланған да жоқ. Сөйтсе оралған қағаз екен. Бір бума. Сыртынан қарағанда ақша секілді. Бірақ оны ашуға, көруге болмайды. Тек алу керек, апарып беру керек. Тұрсын бұл міндетті орындады да бастығына баяндады. Кейін затты қабылдап алған адамның жемқорлық фактісі бойынша тұтқындалғанын естігенде тізесі дірілдеп, маңдайынан ыстық тер ыршып түсті. Ол қауіппен бетпе-бет келген екен. Артынша бастығы да істі болып, сотталып кете барды.

Болмашы бір оқиғадан өмірлік сабақ алған Тұрсын уақыт өте келе бәрін ұмытты. Өзі де сатылап өсіп, бір бөлімнің басшысы атанды. Қарамағында он шақты адам бар. Бір күні бір жобаны жүзеге асыратын болып Тұрсынға үлкен міндет жүктелді. Бөлініп тұрған қаржы да қомақты. Енді жобаны сәтті жүзеге асыратын серіктес керек. Серіктесті табу қиын емес. Қалталы азаматтардың бәрі бірге жұмыс істеуге, қарапайым тілмен айтқанда бөлісуге да­йын. Тұрсын ұзақ ойланған жоқ. Қарама­ғын­дағы қызметкерді ша­қырып, серіктес іздеу туралы ойын айтты. Ол нағашысының дайын екенін айтып, бір мәмілеге келгендей болды. Тәжірибесі толысқан Тұрсын «70 те 30» деп қол алысты. 70 дегені бөлінген қаржының 70 пайызы. Ал 30 дегені үнемделетін 30 пайызы. Бұл дегенің теңгеге шаққанда бірнеше миллион болады.

Жоба келісіліп, жүзеге асырылатын уақыт та келіп жетті. Қаражаты бөлінді. Ол серіктестің есепшотына түсті. Тиісті іс-шаралар уақытылы өткізіліп жатқандай болды. Құжатта мін жоқ. Бәрі де ойдағыдай. Жобаны аяқтап, қорытынды іс-шара болардан 1 ай бұрын арнайы кездесу ұйымдастырылды. Бұл кез­десуді Тұрсынның қарамағындағы қызметкердің нағашысы ұйым­дас­тырды. Көңілді кеш. Ішімдік те дастарқанның төрінде. Ән де ай­тылып жатыр. Тойымға тиесілі 30 пайыздық мөлшердегі ақша да сол жерде оңаша табысталды. Төсқалтасына сүңгітіп жіберген Тұрсын кейін қызып қалып, кездесу кешінің соңы немен, қалай бітетініне де мән бермеді. Ол ертеңіне тергеу залында оянды. Сөйтсе түндегі 30 пайыздық мөлшердегі қаражат арнайы мөр басылған ақшалар екен. Ол қысқасы бақылауда жүрген, сөйтіп орайлы сәтте тұтқындалған. Білдей бір мекеме басшысының бұлай құрықталуы елді елең еткізді. Тергеу де ұзаққа созылған жоқ. Бәрі тайға таңба басқандай сайрап тұр. Келіскені, кездескені, алғаны, қалтаға салғаны бәрі-бәрі бейнетаспаға түсіп қалған. Ақталуға шамасы да келмеді. Тек бұрын телеарна мен газет-журналдан жемқорлар туралы айтылып, жаңалық көргенде «Бұларды аямау керек», «Қатаң жазалаған дұрыс» дейтін Тұрсын аянышты халде «Кешірім берулеріңізді сұраймын» деді. Бірақ заң алдында бәрі бірдей. Жемқорға оқылар үкім де қатал. Қылмыстың өтеуі – жаза.

Дәл осы сәтте Тұрсын секілді тағы біреу телеарна мен газет-журналдан жемқорлар туралы айтылып жатқан жаңалықты көріп «Бұларды аямау керек», «Қатаң жазалаған дұрыс» деп айтып жатты...

Эльмира ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
07 желтоқсан 2024 ж. 74 0