Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЭХА Қазақстанға атом электр станциясын салудың барлық кезеңінде қолдау көрсетпек

АЭХА Қазақстанға атом электр станциясын салудың барлық кезеңінде қолдау көрсетпек

АЭХА Бас конференциясы аясында ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы А.М. Сәтқалиевтің АЭХА Бас директоры Рафаэль Гроссимен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік, деп жазады ҚАЗИНФОРМ.

Келіссөздер барысында Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламаны іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. Әсіресе атом электр станциясын салу жоспарына, инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ ядролық технологияларды өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және денсаулық сақтау саласында қолдануға ерекше назар аударылды.

— АЭХА Бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстанның іс-қимылдарының жүйелілігі мен дәйектілігін атап өтіп, Агенттіктің ядролық бағдарламаның барлық кезеңінде — алаңды таңдаудан және құрылысқа дайындықтан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейін кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін растады, — делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Бөлек мәселе ретінде уран ресурстарын ұтымды пайдалану, әлемдік нарыққа тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету және ұлттық мүдделер мен жаһандық міндеттемелер арасындағы теңгерімді табу мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапынан АЭС салу үшін халықаралық консорциум құру, зерттеу жобаларын іске асыру және жоғары байытылған отынды қауіпсіз сақтауға арналған нысанды іске қосу туралы хабарланды.

Тараптар 2025–2027 жылдары АЭХА-ның салалық департаменттерінің жүйелі өзара іс-қимылын, миссиялар мен іс-шараларды өткізуді көздейтін бірлескен «жол картасын» әзірлеуге келісті. Кездесудің қорытындысында Қазақстан тарапынан Рафаэль Гроссиге елге ресми сапармен келіп, диалогты жалғастыру және екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жөнінде ресми шақыру жолданды.

Бұдан бұрын Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жаңа АЭС-тің атауына қатысты пікір білдірді.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

17 қыркүйек 2025 ж. 51 0