БАЛАҢ ЖАҚСЫ БОЛСА, ЖЕРДІҢ ҮСТІ ЖАҚСЫ
Бірде жолда келе жатып (поезда) байқоңырлық бір кісімен сапарлас болдым. Ол кісінің айтқан әңгімесі әлі жадымда. – Жастық шақта көрген қиыншылық өтеді де, кетеді. Құдай қартайғанда қиыншылық бермесін. Шаш ағарғанда, әсіресе, бала-шағаның жаманшылығын көрсетпесін. Осы күні балалары жақсы болып өскен дос-жарандарымыздың абыройы жақсы. Баяғыда арақ ішіп жүргендері де, басқасы да ұмыт қалды. Баласы жамандар көпшілікке бара алмай, ағайынмен араласа алмай, жүздері төмен болып жүр. Қай қылығымыздан осындай болдық, қай жерде қандай қателік жібердік деп пұшайман болып жүр. Ал ұл-қыздары мейірімді болып өскендер қазір курорттан шықпайды, санаторийлерде демалады. Туған күндеріне балалары алтын-күмістерін сыйлап, қымбат тон кигізіп, жұрттың алдында жоғары көтеріп жүр. Іштен шыққан балаң жақсы болып өссе баяғының бәрі ұмыт болады екен, – деп қайталады.
Пайғамбар жасынан асқанда жүріп өткен жолынан пайым алып отырған апайдың сөзі есімнен кетпей қойды, көп ойландым. Шынында да, өзімнің азды-көпті өмірімдегі адамдардың тағдырына шолу жасадым. Жақсыдан туған жамандарды, жаманнан туған жақсылардың тізбегі көз алдыма келді. Тіпті, жақсыдан туған жақсыларды да еске алдым. Бүкіл өмірін көк бөтелкеге байлап беріп, түбіне арақ жеткен адамдардан иманды бала қалғанын, халыққа ғұмырын арнаған жандардан бір аяқ асқа алғысыз ұрпақ туылғанына да мысалдар табыла береді.
Сонда тәрбие санадан ба, ата-анадан ба? Тәрбие адамға тегінен беріле ме? Әлде ұлағатты дейтін отбасыларға оспадарсыз ұл, әдепсіз қыз сыйлаған жазмыштың өз дегені бар ма? Тарихты қанша ақтарсаң да бұған нақты жауап жоқ.
Дүниеге қорғансыз болып келген әр пенде сәби шағында күннің сәулесі секілді ата-анасының қамқорлығына соншалықты мұқтаж. Ал, қартайғанда өзі балаға айналып, перзентінің мейіріміне зәру болып қалатыны да шындық.
Менің жақсы араласатын көршім бар. Өзі тым жас жесір қалған, небәрі 27 жасында қара жамылып, күйеуі жол апатынан мерт болғанда үйелмелі-сүйелмелі бір ұл, бір қызбен қалады. Ендігі қызығым да қалған өмірім де балаларым деп отырған көршім бірде қатты күйінді. Жесір әйел таңның атысы, күннің батысы, тапқан-таянғанын ұл-қызының аузына тосып, ешкімнен кем қылмай күндерін сарп еткен жан болатын. Ал, балалары ше, ұл – араққұмар, нашақұмар болса, қызы да бейәдеп, қалай болса солай сөйлейтін, темекі шегетін, үлкенге деген құрметтің ұшқыны да жүзінен көрінбейтін көргенсіз болып өсті. Күн мен түн осыларды жеткіземін деп маңдай терін төккен анасына көмектесуді білмейтін, екеуі анасына дүрсілдеп сөйлейтін әдеті бар-тын.
«Е, құдайым бала бер! Бала берсең – сана бер! Сана бермесең ала бер!» деуші еді бұрынғылар. Рас екен ғой, рас. Санасыз, тасмейір екеуіңе кеткен жастық шағым-ай, қор болған өмірім-ай, – деп зарлағанда жүрегің езіледі. «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, жаман болса асты жақсы», – деген осындайдан қалса керек.
Тағы бір өзім білетін таныс кісілердің бірінің күйеуі кезінде әп-әдемі қызмет жасап, кейіннен жастық желікпен білгенін істеп, қызметтен қуылғанының куәсі болдық. Оның кейінгі серігі де шөлмек болды. Бала-шағаны, әйелді тастап басы ауған жаққа кетіп қалды. Кейіннен естуімізше жалғыз қарындасы бар еді, қолына алыпты деп естідік. Бірақ, арақтан қол үзіп кете қоймаған, дертті болыпты. Міне, сол кісінің балалары есейе келе оң-солын танып, оқып-тоқып, кейін қызметке орналасты, бір-бір үй болды. Иман жүзді балалар болып өсті. Анасын алақанға салып, жастық шақта көрген бейнеттің қазір ізі де қалмаған, құрметті еңбек демалысында, ішкені алдында, ішпегені артында дегендей. Немерелер қызығына бөленген кейуана балаларына әкесін ұмытпауды тапсырып қойған екен. Өте жиі болмаса да әкесінің ішіп-жемі, дәрі-дәрмегі үшін ақша салады, жыл сайын туған күнінде арнайы барып, сый-сияпатын жасап қайтады. Мейірімге толы жүрек кешірімшіл келе ме, дейсің кейде осыған қарап. Кең болсаң – кем болмайсың деген. «Ата-анаң жынды болса – байлап бақ» – деген сөздің астарын енді ұққандаймын. Әкеден көрген қорлық, ананың көз жасы, берекесі кеткен шаңырақ – бүгінде мұның бәрі ұмыт болған. Міне, айналамызда осындай да өмір бар...
Өмірде өмір, өмір-ай,
Бірде тұнық, бірде лай – бұл өмір шындығы.
Сондықтан жер басып жүрген пенде әр тірлікке, жақсы болсын, жаман болсын шүкірлік етіп, баласының жүрегіне имандылық ұялатса, ұлын ұлықты, қызын қылықты, мейірімді етіп тәрбиелесе дегенді айтқымыз келді. «Тәрбие – тал бесіктен» – демеуші ме еді бабаларымыз?
Сәуле СҰЛТАНҚЫЗЫ