Танымал актер Тұрсын Құралиев өмірден озды
Белгілі кино және театр актері Тұрсын Құралиев дүниеден озды. Актер күні кеше, 2 қазан күні кенеттен қайтыс болды.
Бұл туралы Ғабит Мүсіреп атындағы балалар және жасөспірімдер театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрсын Құралиев аталған өнер ордасында 1976 жылдан бастап қызмет атқарып, бас-аяғы 100-ге жуық қойылымда бой көрсеткен.
“Актер қай кезде болса да, театр сахнасындағы өз жеткен биігінен төмендеп көрген емес. Оның өнері әрдайым даму үстінде театр көрермендерін қуантып келді. Ол шығармашылығын шыңдап, ел сенімін одан әрі ақтау үдесінде шаршамай-шалдықпай күні бүгінге дейін еңбек етті. Театр сахнасындағы артистік өнерімен көрермен қауымды тәнті етіп, биік шыңдардан көріне білген Тұрсын Құралиевтың театр сахнасындағы аталған шығармашылық еңбектерінің алар орны ерекше.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Уфа қаласында өткен Халықаралық театрлар фестивалінің «Аталар дәстүріне құрмет» сыйлығының лауреаты, театр және кино актеры – Тұрсын Байтайұлының жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Иманыңыз саламат болсын, жақсы аға!” – делінген хабарламада.
Марқұммен қоштасу бүгін, 3 қазан күні сағат 10.00-де Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді.