Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы сессиядағы алаңдау

Алғашқы сессиядағы алаңдау

Бұл былтыр болған оқиға еді. Меніңше, мұндай жағдай әр студенттің басынан өт­кен шығар. Ал, өзім өмі­­рімде бірінші рет сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін арам ниетті іспен бетпе-бет келдім. «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қоры ұйым­дастырып жатқан байқауды естіп, қолға қалам алып, өз басымнан өткер­ген жағдайды жазғым келді. Мақсатым – байқаудың жеңімпазы атану емес, өзім қатарлы жастарға ой салу, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру.

...Мектептен кейін колледжге оқуға тапсырдық. Бала күнгі арманым әрі отбасындағы ата-анамның, әпкелерімнің берген бағыт-бағдары бойынша мұғалім болғым келді. Сөйтіп, М.Мәметова атын­дағы Қызылорда гуманитарлық жоғары колледжінің студенті атандым. Студенттік өмір. Бейтаныс орта. Жаңа достар. Бәрі біз секілді ауылдан барған, енді ғана үл­кен өмірге қадам басқан жас үшін қызық әрі ерекше еді. Әне-міне дегенше алғашқы сессия да келіп жетті. Сессияға тыңғылықты дайындалып жүрген едім. Бір күні бізбен бір топта оқитын құрбым дайындықсыз-ақ сессиядан өтуге болатынын айтып, менің көп уақытымды кітапханада өткізіп жүргенімді бекерге балады.

– Біз жаспыз, жастық шақты тек оқуға арнау дұрыс емес. Сен бекерге оқып жүр­сің. Одан да аз-маз ақша беріп, сес­­сия­ны сатып ала салмайсың ба...
– Сен не деп тұрсың? Сатып алғаны несі?, – дедім құрбыма тесіле қарап.
–Иә, сатып алуға болады. Мен сатып аламын, – деді ерке өскен ол.
Денем дірілдеп, тұла бойым мұздап кетті. Іштей оқытушылар сатылса, біз сатып алсақ, онда не болғаны деп ойлап, құрбыма сессиядан өз біліміммен-ақ өтемін дедім. Құрбым екеуміздің әңгімеміз осымен аяқталды.

Арадан бірер апта өтті. Сессия өтетін уақыт та келіп жетті. Мен кітапханаға кітап­тарымды өткізіп, қалай да өз біліміммен ата-анамның сенімін ақтауым керек деп үлкен тебіреніс үстінде жүрдім. Ал, әлгі құрбым болса, сессияға еш дайындалмады. Сабақтан келген соң ұйықтайды. Кешке серуендейді. Жатақханадағы бос уақытын оқуға емес, телефонға тел­­­­мі­руге арнайды. Мен мұның бәрінің сұ­рауы болатынын, әр ісі­міздің нәтижесін өзі­міз көріп, өзіміз же­місін жейтінімізді түсінетінмін...

Сессия күні біз үлкен аудиторияға кіріп, ауызша да, жазбаша да тест тапсырып, сұрақтарға жауап бердік. Оқыту­шылар бәрін әділ бағалады. Оның үс­тіне біздің оқу орнымыз жаңа заман талабына сай жабдықталған. Оқу сапасы өте жоғары. Барлық оқу бөлмелері бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Еңбек еш кетпеді. Мен жақсы тапсырып, өзім оқыған, дайындалған тақырыптарда сұрақ­тарға жауап беріп, сессиядан өттім. Үй­дегі ата-анам да менің өз біліміммен, ешкімге салмақ салмай сенімді ақтағаныма қуанып жүр. Енді құрбымның жағдайын баяндайын.

«Сен бекерге оқып жүрсің. Одан да аз-маз ақша беріп, сессияны сатып ала салмайсың ба...» деген құрбым сессия күні қатты қиналды. Ол «Мен сатып аламын» деп бекер айтқанын сол кезде түсінді. Өйткені, ол сессияны сатып алып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келсе де біздің колледжде жем­қорлыққа жол жоқ. Білімді, білікті, ең бас­тысы адал да әділетті оқытушылар сту­денттердің біліміне қарап бағалайды. Сессия қорытындысы шығып, құрбымның өте алмай қалғанын, өте төмен баға алғанын естігенде оны әрі аядым, әрі жаным ашыды. Жұбатуға сөз таппай, сол күні менің тілімді алып, менімен бірге кітапханаға барып, сессияға дайындалғанда бұлай болмайтынын айтқым келгеніммен көңі­ліне қарап айта алмадым. Үнсіздікті құр­бымның өзі бұзып, маған қарап:
– Сен дұрыс айтыпсың. Мен де сен сияқты сессияға дайындалуым керек еді, – деді.
– Иә, қазір тек біліміне сенетін заман, – де­дім құрбымның сөзін қуаттап.
– Мен қателесіппін. Дұрыс ойламаппын. Енді келесі сессияға дайындаламын. Жемқорлық туралы ойды да, ниетті де санамнан шығарып тастаймын, – деді құр­бым көзіне жас алып.
Бұл сөздерді естігенде менің денем тағы да дірілдеп, тұла бойым мұздап кетті. Бір жағынан құрбымның ойы мен көз­қарасы өзгергеніне қуандым. Иә, жем­қорлықтан тыйылуға, сыбайластықтан ау­лақ жүруге ешқашан кеш емес. Өйткені, сыбай­лас жемқорлық – қоғам дерті, соңы өзекті өртер өкінішпен, қыл­мыспен аяқталатын арам іс.

Осы оқиғадан кейін құрбым екеу­міз жақсы араласып, ол да, мен де саба­ғымызды жақсы оқып жүрміз. Болашақта мектепте ұстаз болып, тәртіпті, тәрбиелі, әділ, адал шәкірт тәрбиелеу – басты арманымыз. Біз Тәуелсіз Қазақ­станның дамуына өз білімімізбен үлес қосқымыз келеді. Әділетті Қазақстан құру бастамасын ұсынған Президенттің саясатын қол­даймыз және адал, әділ болып, жем­қорлыққа қарсы тұрамыз.

Жоғарыдағы оқиғаны баяндау арқылы жастарға ой салғым келді және тұла бойды мұздататын өмірден алынған шытырман оқиғаны бастан өткерген жас студент ретінде барлық жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзімнің үндеуімді де жарияласам деймін.

Құрметті жастар!
Тәуелсіз Қазақстан – біздің ортақ Отаны­мыз. Адамда екі Отан болмайды. Тәңір нәсіп еткен жалғыз Отанымызға адал болсақ, онда отбасымызға, ата-анамызға, ұстаздарымызға адал болғанымыз. Сон­дық­тан Отанның болашағы өз қолымызда деп сезініп, әр істе адал, әділ болуға тырысайық. Ешқашан сыбайлас жемқорлыққа бой алдырып, арам іс жасамаңыздар. Оның соңы – өкініш, ұят. Одан да білім алып, Абай атамыз айтпақшы, өзімізге, еңбегімізге сенейік. Менің үндеуімді оқыған әрбір жас, менің жас замандастарым жемқорлыққа қарсы тұрады деп сенемін!».

Басымнан өткерген оқиғаны, үндеу­імді қорытындылай келе байқауды ұйым­дастырып жатқан азаматтарға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тілеймін.

Ақжүніс ӨТЕПБЕРГЕН,
№36 Ә.Тәжібаев атындағы
мектеп-лицейінің түлегі,
М.Мәметова атындағы
Қызылорда гуманитарлық
жоғары колледжінің студенті

26 тамыз 2023 ж. 212 0