Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаз, өнерлі ана

Ұлағатты ұстаз, өнерлі ана

Ұлағатты ұстаз атына лайық еңбек ету – бүгінгі нарық заманында мойынға зіл батпан міндет арту деген сөз. Жас ұрпақ жүрегіне жол тауып, олардың бойына ізгілік пен мейірбандылықтың нұрын сеуіп, білімге құштарлығын арттырып, елдің қалаулы азаматы атандыруға күш салу өлшеусіз бейнетті қажет етеді.

Бұған зор қажырлық пен төзімділіктің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Өз мектебі ұжымының ғана емес, ауданға танымал шығармашылығы мен шеберлігін шыңдай білген, ұлағаттылығымен шәкірттерін ұлылыққа тәрбиелеген ұстаздардың бірі – Нағи Ілиясов ауылындағы №132 қазақ орта мектебінің мұғалімі, «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі – Шолпан Тойбаева. Ол кісі жайлы әріптестері, жалпы қоғам, сондай-ақ ансамбльдің тыңдармандары әрдайым жылы лебіз білдіреді.

Жарқын жүзді, жайсаң мінезді жан 1951 жылы маусым айының 26 жұлдызында Алматы облысы, Талдықорған ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келді. Әкесі Күдербек Тойбаев 1920 жылдың тумасы екен. Қиын-қыстау кезеңдерде өмір сүрген, ашаршылықтың ауыртпашылығын сезінген азамат майдангер ретінде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Еңбек жолында Талдықорған облысының Ақсу аудандық партия комитетінде әуелі әскери есеп бөлімінің, кейін партиялық-ұйымдастыру бөлімінің меңгеру­шісі болып қызмет атқарған. Мұнан бөлек Қызылорда обкомының партиялық ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Жаңақорған аудандық партия комитетінің екінші хатшысы ретін­де еңбек еткен. Әр жылдары Қордай астық сов­хозы мен Свердлов (қа­зіргі Байзақ) ауда­нының Ровный көк­өніс совхоз­дарын­­да, партия коми­­тет­­терінде хат­шы, Аманкелді атын­дағы «Трудовой пахарь» кол­хоз­дарында ауыл­­шаруа­­шылығының білікті ма­маны болған. Ал анасы Ғазиза Садықова 1928 жылдың тумасы екен. Ұзақ жыл қонақ үй меңгерушісі қызметін атқарған ол кісіні көпшілік Ғалия атап кеткен екен. Жарасымды жанұядан 5 ұл, 2 қыз тараған.

Шолпан Тойбаева 1968 жылы мектеп бітірісімен Жамбыл қаласының «Октябрь революциясының 50 жылдығы» атындағы педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, оны 1972 жылы аяқтап шықты. Отбасылық жағдайларға байланысты Қызылорда қаласына қоныс аударып, алғашқы еңбек жолын №4 Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте бастады. Кейін ҚазКСР-нің 50 жылдығы кеңшарындағы (қазіргі Нағи Ілиясов) №132 қазақ орта мектебіне ауы­сып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі болып жұмыс жасады.

Өзінің педаго­гикалық білім тә­жірибесін үнемі же­тіл­діріп отырып бала тәрбиесінің қыр-сырын жете меңгерген ұстаз әрбір оқушының жүрегіне жол таба білді. Өз ісінің маманы Той­баева Шолпан апай еңбек жолында біраз жетіс­­тіктерге жетіп, ұжым мүшелерінің абыройына, құрметіне ие болған жандардың бірі. Өзінің еңбек жолында бірнеше бітіруші сыныптарға жетекшілік жасап, шәкірттеріне өмірдегі өз жолдарын табуға өзінің білімі мен қажыр-қайратын жұмсай білді. Тәрбиелеген шәкірттерінің қоғам талабына сай азамат болғандарына Шолпан апай дән риза. Мектептің әрбір жұмысына белсене араласып өнегелік көрсете білді. Өз атымен «Атаулы мектеп» ашып, жас мұғалімдерге үлгілі сабақтар көрсетіп, әдістемелік көмегін аямады. Әр жылда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілетін «Жыл мұғалімі» атты сайыстарында жүлделі орындарға ие болды. Облыс­та «Қанатты әйел» байқауына қатысып, сан мәрте жүлделі оралды. Қолынан өнері тамған, шебер де іскер апай Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Өз ісінің маманы Шолпан апай мектепте 37 жыл қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырмады. Мәдениет үйінің жанында ұйымдастырылған «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі болды. Ансамбль мүшесі ретінде берілген түрлі тапсырмаларды жауапкершілікпен атқаруға тырысты. Ауданда, ауылда өтетін түрлі іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтатын болсақ, ардагерлер арасында ауданда дойбыдан жарыс ұйымдастырылғанда қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.

2016-2017 жылдары «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жаналиеваның ұйымдастыруымен өткізілген қолөнер шеберлер байқау көрмесіне белсене қатысқаны үшін ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Сол жылдары аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлының ұйымдастыруымен өткізілген аудандық көркемөнерпаздар фести­валін­де ІІ орынды иеленіп, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Елеулі еңбегі үшін сол кездегі Сырдария ауданы әкімінің, аудандық білім бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары да өзінің ізгі ниетін Алғыс хатымен білдірді, сондай-ақ мерекелерге арнал­ған құттықтаулар да апайдың еншісінде.

Әйел бақыты – ана атану демекші, кейіп­керіміз отбасының тірегі Ермек Нұрмаханов екеуі 2 ұл, 3 қыз өсірді. Ермек Олжабайұлы ҚазСРР-нің 50 жылдығы атындағы совхозда бас инженер – гидротехник қызметін атқарған. Сондай-ақ 1981 жылы совхозда жаңадан ашылған механикаландырылған мелиоративтік отрядтың жетекшісі болған. Мұнан бөлек «Бірлік», «Әсет» шаруа қожалығын құрып, кәсіпкерлікпен де айналысқан. Өкініштісі сол, осыдан бес жыл бұрын өмірден өткен.

Анаға балаларының ат жалын тартып азамат болғанын көруден артық бақыт бар ма? Міне, сондай бақытқа кенеліп Шолпан Тойбаева балаларының қызығын, рақатын көріп отыр­ғанына шүкіршілік етеді. Әрқайсысы өз өмір жолын таңдап, үйлі-баранды болып отыр, қалаған мамандықтарының иесі. Құдайдың берген немере-шөберелері бар. Үйдің үлкені Қуаныш Олжабаев құрылыс саласында еңбек етуде. Екінші ұл – Әсет Нұрмаханов әкесінің жолын қуып, шаруашылықта гидротехник қызметін атқаруда. Айсұлу Астана қаласында тұрады. Ол білім саласының өкілі. Ләззат Қызылорда қаласындағы Т.Жүргенов атын­дағы №136 мектеп-лицейдің бастауыш сы­нып мұғалімі болса, кенже қыз Әсел білікті экономист.

«Ұлың жақсы болса – бір бақыт,
Қызың жақсы болсы – мың бақыт,
Келінің жақсы болса – шын бақыт» демекші, апай өзін мәуелі бәйтеректей сезінеді. 2023 жылы «Мерейлі отбасы» атты ұлттық конкурсына қатысып, жұртшылықтың қолдауы мен ілтипатына бөленді.

«Осы ұрпағыма ата-бабаларымыздан бас­тау алған қазақи салт-дәстүрлерді сіңіріп, бойларына еш уақытта құнын жоймайтын азық болып қала беретін құндылықтарды дарыта білсек, «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағиданы берік ұстансақ, мен өзімнің аналық міндеттерімді орындадым деп ойлаймын, ал адамның өмірінде одан артық не бар?» дейді ұлағатты ұстаз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
12 қараша 2024 ж. 101 0