Ұлағатты мамандық иесі
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасын, шын мақсұтын түсіне алмайды» деген екен. Жан жемісі – алдымен, оқу-білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағаш – мектеп, ал мектептің жүрегі – мұғалім.
Мұғалім болу – айтуға оңай болғанымен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні рас. Ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін құрметті мамандықтың төресі десек болады. Осы бір ұлағатты мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып, шәкірттерінің арқасында абырой мен бақыт тауып жатқан жандар шын бақытты деуге болады. Жүзден озған жүйріктер, мыңнан озған тұлпарлар болатындай ұстаздың да ұстазы болады. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі – Жаналтын Нұрмаханова.
Жаналтын Шермағанбетқызы алғашқы еңбек жолын 1991-1993 жылдары Жалағаш ауданындағы №232 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Ұлағатты ұстаз өз қызметін 1993-1998 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің шақыруымен қазақ тілі кафедрасында оқытушылықпен жалғастырды. 1998-2005 жылдар аралығында аталған университет жанындағы «Қабілет» мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 2007 жылдан бастап Бесарық ауылындағы №147 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарып келеді. Мектеп тренері ретінде «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму курсын жүргізді. Әдеби мұраларды дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыруда ұйымдастырылатын республикалық «Абай оқулары» байқауының алғашқы қарлығаштарын дайындап, жүлделі орындар иеленді. Семей өңірінен жүлделі 3-орын иеленген оқушысы Гүлфайруз Ниязбек ұстазының жолын қуып, Алматы қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаруда.
– Халқымызда «Атына заты сай екен» деген мақтау сөз тіркесі бар. Десек те, аты мен заты үйлесе қалатын жандар сирек. Адамға есім таңдаудың астарында жақсы тілек жатады. Сондай жақсы тілек, ниетпен қойылған есімі ерекше жан – Жаналтын апай. Алтын қандай бағалы, құнды болса, біздің апай да сондай жан. Жүрегі таза, жаны жайсаң, жақсы адаммен бірге жүріп замандас, әріптес болу да бір бақыт. Жақсылықтың шуағын шашып, мейірім сәулесін төгіп тұратын жаныңнан жақсы адамдардың табылуы қазіргі қасаңданған заманда өте қажет деп білер едім. Жаналтын апаймен әріптес болып ұстаздық қызметте бірге келе жатқан 15 жылда ол кісіден үйренерім көп болды. Алғаш мектепте дебат клубын жүргізіп, көптеген ұшқыр ойлы, өткір сөзді дебатшылардың шығуына өз септігін тигізді. Қай істі бастаса да үздіктер қатарынан көрінетін өз саласының майталманы дегенді мен осы кісіге айтар едім, – дейді әріптесі Эльмира Тайғараева.
Ұстаздық жолда педагог-зерттеушінің 33 жылдық еңбек өтіліндегі соңғы бес жылдағы жетістіктерін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан биылғы оқу жылындағы жетістіктерін айтудың өзі ғанибет. Атап айтқанда республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінен оқушысы Талшын Сейтбек «Тіл білімі» секциясы «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша жүлделі 1-орын, облыстық кезеңінен 2-орын алды. 7-8 сынып оқушыларының Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінен Дінмұхаммед Төлебаев 1-орын алып, ұстаз мерейін өсірді.
Ұстаздық жолда өзінен кейінгіге үлгі, жас маманға ақылшы бола білген ұстаз мектептің, әріптестерінің мақтанышы.
Бибісара ЖАНӘЛІ