Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білімді ұрпақ – білікті ұстаздан

Білімді ұрпақ – білікті ұстаздан

Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың ғана қолынан келеді. Еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін ұлағатты ұстаздар қауымы аянбай еңбек етіп келеді.

Білім беру саласында ізденімпаздығымен, еңбек­қорлығымен көзге түсіп, қажырлы еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздың бірі – Құралай Досай. Бала күнінен ұстаз болуды армандаған білікті ұстаз Нағи Ілиясов ауылының тумасы. Ардақты жанның қастерлі мамандыққа деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттырып, ұстаздық жолын таңдауына себепкер болған алғашқы ұстазы Дина Қалықұлова. Мәртебесі биік, тәжірибелі маман Құралай Итемгенқызы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтында білім алып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын игеріп шығады. Алғашқы еңбек жолын 1988 жылы №221 орта мектептен бастаған. Білім беру саласындағы қажыры мен қабілетін шыңдай отырып, биікке ұмтыла білген ұлағат иесі 37 жылға жуық ауыл балаларына сапалы білім беріп, шәкірт тәрбиелеп, еңбек етуде. Ол өз пәнін жетік меңгеріп 1989 жылдан бері ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінде қажырлы еңбек етіп келеді. Үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбегімен өз ортасында қадірлі, білікті ұстаз бола білген жанды әріптестері де, шәкірттері де құрмет тұтады. Жүрегінен шуақ төгілген жанның тәрбиелеген шәкірттерінің алды бүгінде беделді қызметте жұмыс істесе, кейінгісі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білім алуда.

– Өскелең ұрпақтың бойындағы ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінгі білімге бәсекелес заманда жасөспірімдеріміздің биіктен көрінуіне күнделік­ті ісіміздегі жаңашылдығымыз, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз, – дейді білікті ұстаз.

Құралай Досай өзінің ұстаздық жолында оқушыларға терең пәндік білім беруде олимпиада, пәндік сайыстар дайындау мақсатындағы жұмыс­тардың нәтижесінде оқушылары А.Аймаханова, Т.Әбсадықова, А.Наурыз, А.Қонысбек, А.Қуаныш­қызы облыстық ғылыми жоба жарысы­ның, аудандық пәндік олимпиадаларының жүлделі орындары­на ие болды. Сонымен қоса шәкірттерінің еңбек­тері баспасөз беттеріне де жарияланып, жинақтарға енді. Одан бөлек шәкірттері А.Наурыз бен Б.Махамбетов аудандық Абай оқулары­ның жүлделі орын иегерлері.

Мұғалім өз білімін үздіксіз жетілдіріп отыруы керек деген тәмсілді ұстанатын жан шәкірттеріне сапалы білім беруі үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бүгінгі заман талабына сай Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың бірін­ші деңгей бағдарламасы, «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы мектеп тренерлерін оқыту курсы, Қазақстан Республикасында орта білімді жаңарту шеңберінде қазақ тілді мектептеріндегі қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндері бойынша, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби құзіреттілігін дамыту» оқу курс­тарынан өтіп, біліктілігі мен тәжірибесін арттырған. Сонымен қатар, көшбасшы және мектеп тренері ретінде өз мектебінің ерекшелігіне сай тәлімгерлік үдерісіне айрықша көңіл бөліп, тәлім алушыларға сындарлы оқыту әдістемесі мен бағдарламасы бойын­ша дәрістер өткізіп келеді.

Ұлағатты ұстаздың ел ертеңі өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тәлім-тәрбие беру жолында жылдар бойғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде еңбегі еленіп келеді. Атап айтқанда Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаты, ҚР Білім және ғылым Министрлігі «Инновация» республикалық ғылыми-педагогикалық орталығының дипломымен марапатталған. Одан бөлек ҚР Білім және ғылым ұйымының А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының алғыс хаты, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының алғыс хаты, облыстық, аудандық білім басқармасының Құрмет грамоталарына ие болған.

– 37 жылға жуық уақыт халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, туған әдебиетіміздің асыл қазынасын оқушыларға меңгертуге тәрбиелеуде жұмыс істеп келемін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні – оқушы өмірге араласқанда, оның қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтындай білім бере алатын аса білікті пәндердің бірі. Қазіргі қоғамдағы күрделі өзгерістер білім беру саласына да жаңа көзқарас, жаңа ағым, жаңа сапалық деңгейге көтеретін іс-әрекет қалыптастырды. Сондықтан ең басты оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыруға, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіруге, өз бетінше білім алу жағдайында бірлесе әрекет етуін назарға алдым. Оқу нәтижесін арттыру үшін мұғалімге көп ізденістер керек, – дейді Құралай Итемгенқызы.

Ұстаздық қызметімен қатар отбасының ұйытқысы болып жүрген қастерлі маман иесі жолдасы Қазыбек Кенжеғұловпен бірге отау құрып, үлгілі отбасылардың бірі бола білді. Аяулы жан 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелеренің қызығын көруде. Кейіпкеріміздің қызы Айгерім де анасының жолын жалғап, қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі қызметін атқаруда.

Ел болашағының тұтқасы – сапалы, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелейтін Құралай Итемгенқызы сияқты білікті де білімді ұстаздардың қолында.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
12 қазан 2024 ж. 171 0