Асыл адам айнымас
Халқымызда «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді. Бұл сөз соғыс және ішкі істер органдарының ардагері Маханбет Бержанов туралы айтылғандай. Расында солай. Жүз жасты алқымдауға жақын қалса да, өмірінің соңғы күніне дейін бойындағы адами құндылықтармен қоса, есіне сақтау және сөз саптау қабілеті таңғалдыратын. Айтқан әңгімесін тыңдағанда, біз онымен бірге жүргендей сезінетінбіз. Әкемнің құрдасы болған Маханбет ағаның айтқан мына әңгімесі есімде қалыпты.
«Ол кездері Жалағаш, Тереңөзек бір аудан болатын» деп бастады ағамыз әңгімесін. Соғыстан кейінгі жылдары учаскелік уәкіл болып жұмыс атқарып жүргенімде аудандық милицияның «ол кезде НКВД» бастығы ауысты. Жаңа бастығым «ауыл аралап елдің тіршілігімен танысайын» деген соң жараулы екі атқа мініп жолға шықтық. Кезінде шашырап жатқан ауылдарды колхоздарға біріктіріп, орталықтандырған кез. Таң атқаннан ауылдарды аралап, кешқұрым шаршаңқырап Аламесекке, қазіргі Ақарық ауылына ат басын тіредік» – деген еді ағамыз. Колхоздың құлыпталған кеңсесінің алдында біраз кідірдік. Ол менің кемшілігім, алдын ала жоспарлап хабар бермегенімнен болып тұр. Байланыстың да жоқ кезі. Қараңғыда біреудің қарайған көлеңкесі көрінді. Дереу дауыс көтеріп шақырып, жөн сұрастық. Колхоз бастығы ауданға кетіпті. Өзі осы кеңсенің қарауылы екен. Күн болса суып барады, аттар аш. Өзімізге түнеп шығатын орын керек. Осылай тұрғанда кеңсе қарауылы кеңсені бір айналып келіп, ойланыңқырап барып үйіне шақырды. Амал жоқ жеті кеште қайда барасың, қысыла-қымтырыла сол үйге түстік. Қоржын үйде шеттей бала-шаға екен. Бізді бір жағына орналастырып, қолынан келгенше күтуде. Бастығым да соғысқа қатысқан майдангер болып шықты. Алдымызға қуырдақ келіп, бір-екі шөлмек ішілген соң, әңгіме қызды. Арасында аттарымды көрейін деп далаға шықтым. Мініс аттарымыздың алдында астау толы жоңышқа, күрт-күрт шайнап тұр. «Жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей, бұл да Жаратқанның қолдағаны шығар деп, үй егесіне қатты риза болдым ішімнен. Еттен кейін екі майдангердің әңгімесі жарасып біразға дейін көз ілмепті.
Махаң ерте тұрып, мініс аттарды жолға дайындайын деп қораға барса мына оқиғаның сырттай куәсі болады. Кешке жауған қардың ізімен келген көрші кемпір, қорасының үстіндегі жиналған шөптен, екі бау ұрланған жоңышқаны даулап айқай шығарып жатыр екен. Үй егесі момын байғұс, «мына кісілер кетсін орнына жарты қап бидай беремін» деп жалынып шығарып салып жатқан көрінеді. Артынша ешкісін іздеген бір кісі келіп, дау әрі қарай жалғасады. Бұларды көрген ағамыз саса бастайды. Түндегі өздерінің де, аттарының да ішкен-жеген дүниелерінің бәрі ұрлық болып шығады. Махаң үй егесін оңаша шақырып алып, қалтасындағы бар қаражатын шығынды жабуға береді. Үйге келіп бастығын оятып, жолдың ұзақтығын сылтауратып тезірек жолға шығып кетеді. Ол кезде Сталин заманы, бір жазылған арызбен бір қауым елді соттайтын уақыт. Осы оқиға бұл кісінің ойынан біраз уақытқа дейін кетпей қойыпты.
Жылдар өтіп Махаңның қызметі сатылап өсіп, Арал ауданына дейін барып келеді. Ауданның милиция бастығының орынбасары қызметінде отырғанда, бір күні жүзі таныс бір кісі қызметтік бөлмесінің есігін ашып жабады. «Ойпырмай, мына кісіні қайдан көрдім» деп ойланғанша, бірден есіне түседі. Сол баяғы Аламесектегі қонақжай бауыры. Дереу кабинетіне шақырып аман-саулық, хал-жағдай сұрастырады. Қазақта «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сол кеште бастығының алдынан абыроймен алып шыққан осы кісінің ықыласы екенін де білемін. Қазақи ата дәстүрден жығылмай «жоқшылық» қолын байлап тұрса да, басқа тірлікке барғанын да, әлдеқашан кешіргенмін дейді Махаң. Бұл кісі қарауылдықтан кейін қоймашы болып біраз жыл жұмыс атқарған көрінеді. Бір кісілердің арыз-шағымына байланысты істі болып жүрген жағдайы бар екен. Тергеушіге «бұл іс өзімнің бақылауымда болатынын» қатаң ескертіп, ақ-қарасын анықтауды тапсырдым. Менің болжағанымдай, үлкен отбасының егесі, қарапайым еңбек адамы, көреалмаушылықтың жаласынан күйіп кете жаздаған екен. «Қазан сапырған» адамды да көре алмайтын ағайынбыз ғой. Ауылына аман-есен қайтарыпты.
Өмірде жақсыны да, жамандық арқалағандарды да көрдік. «Алла жаққан шырақты адам үрлеп өшіре алмайды, Алла қалаған адамды ешкім қаралай алмайды» деген екен деп көрегенділікпен көңіліңді ашып, сөзін түйіндеп отыратын. Ардагер ағамыз ортамызда болғанда осы күзде жүз жасқа қадам басар еді, жарықтық. Елге адал қызмет қылған жақсы адамдарымыз да ортамыздан азайып барады. Олардың өнегелі істері ұрпаққа үлгі.
Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі