Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділет іздеген өмір

Әділет іздеген өмір

Аудандық мәдениет үй­ін­­­­­­­­де Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ішкі істер саласының майтал­ман маманы, Сырдария ауданы­ның «Құрметті аза­ма­­ты» Маханбет Бер­жанов­­­тың ғұмы­рына ар­нал­ған «Әділет із­деген өмір» атты кітаптың тұсаукесері өткізіл­­ді.

Танымдық іс-шараға аудан әкі­мі Мұрат Ергешбаев, аудандық мәсли­хат хатшысы Ержан Әжікенов, Жала­ғаш, Қар­мақшы ауданынан келген қонақ­тар Кенжеғара Сүлейменов, Шегебай Құн­дақ­баев, құқық қорғау саласының ардагері Әмір Шаймағамбетов, аудан­дық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, еңбек ардагерлері, сала мамандары, аудан тұрғындары, соғыс ардагерінің ұрпақтары қатысты.

Ізгікті іс-шараны аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, «Әділет іздеген өмір» атты кітаптың тұсаукесеріне жи­на­лған қауымға жылы лебізін білдірді.

– Қадірлі қауым, баршаңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жыл­дығымен және 7 мамыр – Қазақ­стан Республикасының Қарулы Күш­терінің 30 жылдығы және Отан қор­ғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін мерейлі мереке қарсаңында өздеріңізбен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ішкі істер саласының майталман маманы, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Маханбет Бержановтың шыққан тегі, өмірі туралы «Әділет іздеген өмір» атты кітаптың тұсаукесерінде жүздесіп отырмыз. Маханбет Бержанов қан майданға қатысып, Ұлы Жеңісті жақындатуға жаумен ұрысқа түсті. Отты жылдары Отан үшін ерен ерлік көрсетті. Майдангер саналы ғұмырында аймаққа қарасты төрт ауданның ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарды.

Оның ішінде, Сырдария ауда­ны­ның өсіп-өркендеуі мен қалыпта­с­уы­­на, даму белестеріне зор үлес қос­­ты. Ішкі істер саласының пол­ко­в­­­­­нигі ауданның құқық қорғау са­ласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Адал еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілді. Оқырманға жол тартқан жаңа кітап Ұлы Жеңіс күні қарсаңында құнды дүние болды. Маханбет Бержановтың есімі аудан тарихында мәңгі сақталатыны анық. Мың тағзым, майдангер, – деді аудан басшысы.

Бұл ретте, аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлымен бірге «Әділет ізде­ген өмір» атты кітаптың лентасын Кенжеғара Сүлейменов, Шегебай Құндақбаев, құқық қорғау саласының ардагері Әмір Шаймағамбетов, майдан­гердің ұрпағы Қайрат Бержанов қиды. Кітаптың тұсаукесерінде Жалағаш және Қармақшы ауданынан келген қонақтар сөз алып, қан майданда Отан үшін жаумен күрескен Маханбет Бержанов жайлы естеліктерімен бөлісті. Құқық қорғау саласында атқарған елеулі еңбегіне тоқталды.

«Әділет іздеген өмір» кіта­бының авторы – ақын, журналист Дүйсенбек Аяшұлы. Маханбет Бержановтың ғұмырына арналған кітап «Ғұмырдария құярлығы», «Әке перзент жүрегінде өлмейді», «Биік болмыс, берен бейне» «Сардарлар сыры» сынды бөлімдерден тұра­ды. Төрт бөлімнен тұратын кітап­т­а кейіпкердің өмір жолы, соғыс жыл­дарын­дағы қиын-қыстау сәтте­рі, есте­лік әңгімелер, ішкі істер саласындағы қажырлы қызметтері қамтылған.

Іс-шарада кітаптың жазылу барысы жайлы ақын, журналист Дүйсенбек Аяшұлы мен майдангердің ұлы Қайрат Бержанов көпшілікке айтып берді.

– Әкем – Маханбет Бержанұлы зұлматты соғыстың қияметін көрген. Бала кезімнен әкемнің көрген қиындықтарын, соғыстағы ерліктерін жадыма тоқып өстім. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген тәмсіл бар. Осы кітап жазу барысында әкеммен қатар талай жыл еңбек еткен ел азаматтарының көп көмегі тиді. Талай жыл құқық қорғау саласында қажырлы еңбек етіп, елдің құрметіне бөленді. Қоғамның тынышытығын күзетті. Міне, майдангер, құқық қорғау саласының ардагері әкем жайлы кітапты жазуға зор үлес қосқан ел азаматтарына алғыс айтамын, – деді Қайрат Бержанов.

Маханбет Бержанов 1942 жылы «Қызыл октябрь» орта мектебін бітіріп, 1943 жылы 27 наурызда Қармақшы аудандық әскери комиссарияты арқылы Кеңес армиясының қатарына алынады. 1943 жылдың 25 сәуірінен осы жылдың шілде айы­на дейін Чита облысының Мациевская станциясындағы 94-атқыштар дивизиясының 9-полкінде қатардағы атқыш болған. Осы жылдың шіл­де айынан 1946 жылдың тамыз айына дейін Чита қаласындағы 1036-атқыштар полкінде телефонист болып қызмет атқарады. Ал 1945 жылдың 9 тамызы мен 2 қыркүйек аралығында Забайкал фронтының 36 армиясының 1036 атқыштар полкі­нің қатарында автоматшы болып империалистік Жапонияға қарсы соғысқа қатысады. 1947 жылдың мамыр айынан сол жылдың шілде айына дейін 41 пулеметтік – артиллериялық полкінде радиотелеграфист болып, 79 разъезінде әскери қызмет атқара­ды. 1948 жылдың ақпанында КСРО Министрлер Кеңесінің 1948 жыл­ғы 13 қаңтардағы қаулысымен әскер қатарынан босап, елге оралады. Елге оралғаннан кейін майдангер ішкі істер саласында абыройлы қыз­метке еткен.

Айта кетейік, танымдық кеште аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
07 мамыр 2022 ж. 525 0