Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№88 газет

05 қараша 2024 ж.

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Кәсіподақ – маңызды қоғамдық институт

Кәсіподақ – маңызды қоғамдық институт

Кәсіподақ – еңбек қатынасын реттеуде және еңбеккер мен жұмыс берушінің арасында сындарлы диалог орнатуда маңызды рөл атқарады. Мемлекет басышы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» деп атап өтті. Биыл Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағына – 100 жыл. Жыл сайын 10 қазанда Қазақстанда кәсіподақтар күні аталып өтіледі. Осыған орай Сырдария аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес мүшесі, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісінің иегері Алмас Есназардың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Алмас Зейноллаұлы, кәсіподақ коми­теті сонау кеңес дәуірінен бастап жұмыс істегенін білеміз. Соның ішінде білім саласының кәсіподағы өте белсенді қызмет атқарып келеді. Жалпы маңызды құры­лым туралы айтып берсеңіз, Сырдария аудандық кәсіподақ комитетінің тарихына тоқталсаңыз?

–Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғам­ның басты белгісінің бірі» және «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қор­ғау, оның лайықты тұр­мыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі мис­сия атқаратын аса маңызды заманауи қо­ғам­­дық институттың бірі» деп атап өткен болатын. Әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіп­одақ қызметінің нысандары мен әдістерін үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай, тиімді іс-қимыл стра­тегия­ларын әзірлеу міндетін жүк­теді. Кәсіподақтар – әлеу­­меттік әріптестік аясында жұ­мыс берушілермен бірге еңбек адамының құқығы мен кәсіби мүд­де­сін қорғауды белсенді жүргізетін қоғам­дық ұйым. Азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқығының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын кәсіподақ комитеті әрқашан назарда ұстайды.

Кеңестік дәуірден түрлі кезеңдерден өткен Сырдария аудандық кәсіподақ комитетінің тарихы тереңнен қозғалады. Бұл ұйымның құрылуы алдымен республикада, кейіннен облыста жүзеге асты. Облыстық кәсіподақ комитетінің филиалы ретінде ауданда кәсіп­одақ жұмыс істеді. Бастапқыда аудандық кәсіподақ жұмысы өз алдына бөлек болған жоқ. Ол кезде аудандағы білікті ұстаздар кәсіподақ жұмысын қатар алып жүрді. Өздерінің негізгі қызметі аудандық білім бөлімінде немесе мектепте болса, кәсіподақ жұмысын қоғамдық негізде атқарды.

Облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық филиалы құрылғанда оның жұмысын Бородкина Анна Петровна атқарды. Ол 1980-1985 жылдары Тереңөзек аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы болғанын білеміз. №36 А.Жданов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі бола жүріп, ауданның кәсіподақ ұйымы жұмысын жандандырды. Аудан­ның кәсіподақ ұйымы жұмысын айтқанда Анна Бородкина­ның есімі құрметпен аталады. Одан кейін 1985-1991 жылдар аралығында аудандық кәсіподақ ұйымына Тоқшылық Әлиұлы Әлиев төраға болды. 1991-1993 жылдары Данабек Бөлегенов, 1993-1997 жылдар аралығында Бәйдебек Әмірбекұлы Әмірбеков жемісті еңбек етті. Аудандық кәсіподақ жұмысының жандануына ол кісі ерекше еңбек сіңірді. 1993-2004 жылдары Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің мүшесі, облыс­тық Кәсіподақтар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Оның ішінде осы Сырдария ауданы кәсіподақ жұмысының жүйелі жүргізілуіне ерекше атсалысты. Аудандағы, өңірдегі ұстаздардың беделін қорғау үшін қоғамдық ұйым жұмысын ұтымды ұйымдастыра білді. Сонымен қатар ауданның кәсіподақ комитеті тарихын айтқанда осы салаға ерекше еңбегі сіңген «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» Рәзия Қалжанованың есімін ерекше атап өткен жөн. Сала жұмысына серпін бере білген білікті маман «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Мұнан кейінгі кезеңдерде кәсіподақ жұмысы өз алдына бөлек жұмысын жүргізді. 1997 жылы мен білім қызметкерлері кәсіподағының конференциясында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайландым, осы қызметті бүгінге дейін атқарып келемін.

– «Кәсіподақ ең алдымен сала қызметкерлерінің әлеуметтік, тұрмыс­тық, сауықтыру мәселелерін шешуге атсалысады, мұғалімдердің имиджін кө­теру­ді көздейді» деген түсінік бар. Жалпы бүгінгі таңда кәсіподақ комитетінің қызмет ауқымы туралы, құрылымы жайын­да айтсаңыз?

– Кәсіподақ ұйымының бас­ты назардағы мәселесі – Кәсіподақ ұйым­дарының ұйымдастырушылық қыз­метін нығайту, қыз­меткерлердің әлеуметтік-ең­бек құқықтары, құ­қық­тық және әлеу­меттік қорғау, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері және басым бағыттарының бірі мүшелік базаны сақтау және ұлғайту. Білім қызметкерлері кәсіп­одағының Сырдария ау­дан­­дық комитеті облыстық кәсіподақтар кеңесінің мүшелік ұйымы және 42 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұ­мы­сын үйлестіреді. Сала қыз­мет­кер­лерінің өкілі ретін­де олардың әлеуметтік жағдай­ларының жақ­саруына, құқықтық мүдде­лері­­нің қорғалуын қамта­масыз етеді. Сырдария ауданы бойынша 12 орта, 5 мектеп-лицей, 6 қосымша білім беру ұйымдары, 17 мектепке де­йін­гі даярлықты жүзеге асыратын балабақша, аудандық білім бөлімі, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Сырдария ау­дан­дық кәсіподақ ұйымында 2801 кәсіподақ мүшесі бар 42 бас­­тауыш мүшелік ұйымды біріктіреді. Еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтау және нығайту, қазіргі қоғамдағы мұғалімнің рөлін арттыру және олардың мәртебесін көте­ру – кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі.

–Әлеуметтік әріптестікті дамытудағы кәсіподақтың үлесі қаншалықты маңызды?

–Әлеуметтік әріптестік – теңдік, өзара мәмілеге келу қағидаттарына негізделеді. Мемлекеттік билік органы, жұмыс беруші, кәсіподақ арасындағы қатынасты реттеу – сала кәсіподағы қыз­метінің негізгі бағыты. Әлеуметтік әріптестікті дамытуды, саяси тұрақ­тылықты сақтауды, ұжымдық еңбек дауларын болдырмауға атсалы­сады. Жұмысшылар мен сала қызмет­керлерінің еңбек құқығын және әлеуметтік қорғалуын сақтаудың, білім ұйымдарындағы еңбек қаты­нас­тарын реттеудің, ұжымда қолай­лы психологиялық климатты қалып­тастырудың негізгі ұйытқысы – кәсіподақ. Биылғы жылы әлеуметтік әріптестік аясын­да Қызылорда облысының білім басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы» ҚБ-і арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы келісім жасалды. Аталған келісімге сала қызметкерлерінің құқығын қорғау мақсатында кәсіподақ ұйымы бірқатар тарау енгізді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облы­сының бақылау жөніндегі басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қыз­меткерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы» ҚБ-і арасында білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды.

–Кәсіподақтың құқықтық жұмысы негі­зін­де атқарылған жұмыс барысы қан­дай?

– Білім мекемелерінде ҚР Заңдарының сақ­талуына бақылау жасау, еңбек дауларын әділетті шешіп, ұжымдағы моральдық психологиялық ахуалды орнықтыру, реттеу – кәсіподақтың негізгі жұмысының бірі. Бүгінге дейін еңбек заңдылықтары бойынша, сала қызметкерлеріне қабылдау арқылы жазбаша арызға және ауызша телефон арқылы құқықтық кеңес берілді. Кейбір арыз-шағымдарды аудандық білім бөлімінің басшылығымен бірлесіп, өз кезегінде зерттеп тиісті жауаптары берілді. Арыз-шағымдар негізінен еңбек және ұжымдық шарттардың орындалмауынан, еңбекақының дұрыс төлен­беуінен, апталық жүктемелердің әділет­ті бө­лін­беуінен, науқастанып, ұжымдағы қызмет­кер­лердің ішкі ахуалының дұрыс болмауынан және денсаулықтарын емдеуге байланысты туындап отырды.

Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңы көрсетілгендей, қоғам­дық бақылау құқықтық қорғаудың ең тиімді және маңызды түрі. Есепті кезеңде еңбек заң­намасының орындалуын қоғамдық бақылау, зерт­теу жұмыстары жүргізілді. Бақылау барысында еңбекақыға, еңбек қатынастарын ресімдеу және жұмыс уақыты мен демалыс уақытына қатысты болды. Қоғамдық бақылау жұмы­сын жүргізу нәтижесінде кейбір білім беру ұйымдарындағы қызметкерлерге құқықтық көмек берілді.

– Кәсіподақтың негізгі бағыттары мен қолдау білдірген іс-шараларға тоқтал­саңыз?

– Білім қызметкерлерінің құқықтық сауат­тылы­ғын, біліктілігін арттыру жұмысы – кәсіподақ жұмысының негізгі бағытының бірі. №35 мектеп-лицейдің базасында облыстық семинар ұйымдастырылып, соның аясында кәсіподақтардың әдістемелік кабинеті ашыл­ды. Бұл кабинетте ұстаздарға құқыққа қатысты, еңбек қатынастарының сақталуы бойынша кеңес беріледі. Бір жағынан, бұл кәсіподақ жұмысын жетілдіруге септігін тигізуде. Облыстық кәсіподақ комитетінің бас­тамасымен «Тәжірибе алаңы» ауданда алғаш рет ұйымдастырылды. Қазір үлкен форматқа көшіп, бүгінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қолдауымен, облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен республикадағы қалаларда өткізілуде. Мұның өзі ұстаздардың жұмысына серпін береді, тәжірибе жинақтап, балалардың жан-жақты біліммен қамтамасыз етілуіне әсе­рін тигізеді.

Ұлттық өнерді дәріптеуде кәсіподақ ұйымы­ның бастамасымен «Наурыз шапағаты» фестивалі жыл сайын ұйымдастырылып тұрды. Оның аясында дәстүрлі өнер насихатталды, ауданнан өнерлі ұжымдар шықты. Облыс, республикаға белгілі «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблі осы фестивальдің аясында құрылып, өнерімен танылды. Шаған ауылындағы №37 орта мектептің хор ұжымы, жекелеген өнерлі ұстаздар да фестивальде өнер көрсетіп, халықты өнерімен сусындатып келеді.

Ұстаздардың саламатты өмір салтын қалып­тастыру үшін кәсіп­одақтың ұйым­дас­тыруы­мен облыстық, аудан­дық спартакиада өткізі­ліп тұра­ды. Сол арқылы ел намысын қорғап жүрген спортшы ұстаздарымыз бар. Ал жастар арасында танымалдыққа ие көңіл­ді тапқырлар алаңы мен үгіт бригадаларының жұ­мы­­­сы­на да аудандық кәсіп­­одақ қолдау біл­діреді. Жыл сайын мәдени-көп­шілік іс-шаралар, мере­келік қабылдаулар, бас­­қосу­лар ұйым­дас­тырылып оты­рады. 70-75-80-85-90 жасқа толған арда­гер-ұстаздарымызға құрмет көр­­се­тілуде.

Биылғы жылы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызмет­керлері салалық кәсіподағына 100 жылдығы аясында білім ұйымдарында кәсіподақ апталығы, аудан бойынша аудандық ұстаздар арасында марафон жарысы, «Мен кәсіподақты жырлаймын» атты ұстаздар арасында ақындар мүшәйрасы, «Кәсіподақ барысы» атты облыстық іріктеу жарысы өтті. Жыл сайын белсенді кәсіподақ төрағаларын анықтау мақсатында «Үздік кәсіподақ көшбас­шысы» байқауы өтеді. Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақса­тында аудандық, облыс­тық мұғалімдер спартакиадасы өткізіліп тұрады. Жыл сайын аудандық «Жалын» сауық­тыру лагерінде сала қызметкерлерінің 120 баласы демалады.

Білім қызметкерлері кәсіподағының аудан­дық комитеті сала қызметкерлерінің әлеумет­тік-эконо­микалық мүдделерін қорғау­да, олар­дың материалдық әл-ауқатының нығаюы жо­лын­­да қажырлы да белсенді түрде еңбек ете береді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ


Көш басындағы кәсіподақ

Барлық саланың өз кәсіподақ ұйымы бар. Қай-қайсысы болмасын сол саланың қызметкерлерінің құқығын қорғайтын, қай кезде алғы лектен, көш басынан көрінетін ұйым. Білім саласының салалық кәсіподақ ұйымы да сондай тұғырда деп айта аламын.

1996 жылдан бастап облыстық білім басқармасы мен облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің бірлесіп ұйымдастыруымен өнерлі мұғалімдерді анықтау және қолдау мақсатында әр екі жыл сайын «Наурыз шапағаты» фестивалі өткізіле бастады. Бүкіл облыстың үлкен өнер фестивалінің демеушісі, негізгі ұйытқысы Райкүл Байназарова болатын. Аса талапшыл, ұстаздар қауымының үлкен жанашыры шығармашыл мұғалімдердің еңбектерін қай кезде де жоғары бағалайтын. Жетістікке жеткен білім саласы қызметкерлерін Түркістан, Арыстанбаб, Қорқыт ата кешеніне, «Астана күні» мерекесі орай Астана қаласына сан мәрте туристік саяхатқа жіберді. Әр ұстазды жекелеп танитын. Әрқайсысына қолдау білдіруден танған емес. Фестиваль аясында 1998 жылы «Сәдуақасовтар отбасылық ансамблі» бас жүлде иелендік. Қазіргі таңда облыстық кәсіподақ ұйымын Гүлнәр Есқалиева басқарып, жүйелі жұмысты ұтымды жалғастырып келеді.

«Алты алаштың баласы бас қосса – төр мұғалімдікі» деген еді Алаштың ақыны Мағжан Жұмабаев. Мұғалімдердің қоғамдағы бағасын арттырып, тұғырдан табылуына атсалысатын, демеу беретін бірден-бір ұйым – салалық кәсіподақ комитеті.

Сансызбай СӘДУАҚАСОВ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгілерінің иегері,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы

Ұзақ жылғы еңбектің жемісі


Ұстаздық жолым аудандағы №131 Т.Қозыбаев атындағы мектепте өтті. Білім ұясында 41 жыл еңбек еттім. 1983 жылдан мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымына жетекшілік етіп, зейнетке шыққанша атқардым. Осы жылдар аралығында кәсіподақ ұйымының атқарар жұмысы ауқымды болғанын білемін. Ең алдымен ұжымдағы кәсіподақ ұйымы мүшелерінің құқығын заң аясында қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсарту, бақылау, еңбек дауларының алдын алу, еңбекақыны уақытылы алу басты назарда болды. Сондай-ақ, денсаулыққа кері әсер ететін жағдайлар үшін қосымша қаражат төленуін қадағалау, жұмыс уақытында дене жарақатын алмау, демалыс орындарына жолдама қарастыру, кәсіподақ мүшелерімен үнемі тілдесіп, арыз-талаптары, өтініштерін тыңдау уақытылы жүріп отырды. Айтулы мерекелік күндермен құттықтау, зейнеткерлік жасқа толған кәсіподақ мүшесін өз дәрежесінде атап өту үрдіске айналды.

2007 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және бірнеше рет облыстық кәсіподақ қызметкерлерінің Алғыс хатына ие болдым. 1990 жылы Білім және ғылым қызметкерлерінің Xll республикалық конференциясына делегат болып қатыстым. Ардагер-ұстаз ретінде айтпағым, ұжымның ауызбірлікте болуы кәсіподақ мүшелеріне байланысты.

Алтын НҰРТАЕВА,
ардагер ұстаз,
«Кәсіподақ ардагері» медалінің иегері

Кәсіподақ және жастар

Қазіргі таңда кәсіптік одақ қызметкерлер өмірінде үлкен рөл атқарады. Кәсіподақ ұйымының басты міндеті – жастарды кәсіподақ қанатына тарту. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – бұл жастар.

Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы білім саласындағы белсенді жастардың кәсіподақ жұмысына тартылуын ұйымдастырып, олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына, құқықтық мүдделерінің қорғалуына оң ықпал етіп, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауда.

Аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитеті жас педагогтардың әлеуметтік шығармашылығының дамуына жағдай жасауға, білім беру жүйесін дамытуға, әдістемелік деңгейін жетілдіруге үлес қосуда.

Біз, жастар, жасампаз елдің келешегін кемелдендірушілерміз. Игі істердің жанынан табылып, өзара ынтымақтастық қарым-қатынасын орнатып, бірлескен іс-шараларға ұйытқы болуды міндетіміз деп білеміз.


Олжас САҚЫБЕКОВ,
2017-2022 жылдар аралығында аудандық кәсіподақ комитеті жанындағы
Сырдария жастар кеңесінің төрағасы
08 қазан 2024 ж. 290 0