Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім қызметкерлері арасында жүгіру марафоны өтті

Білім қызметкерлері арасында жүгіру марафоны өтті

«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» 100 жылдығына орай білім саласы қызметкерлері мен ұстаздар арасында жүгіру марафоны өтті. Жүгіру мәдениетін қалыптастырып, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шараны аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитеті бірлесе отырып ұйымдастырды.

Сайысқа барлығы 50 білім саласының қызметкері қатысты. Спортты серік еткен ұстаздар Сырдария өзені көпірінен бастап кент орталығындағы алаңға дейін 6 шақырым жүгіріп өтті. Жүгіру марафонына арнайы бекітілген төрешілер алқасы қазылық етті.

Сайыс қорытындысы орталық алаңда өтті. Білім мен спортты қатар ұстанған ұстаздарды марапаттау іс-шарасына аудандық мәслихат депутаттары Алмас Есназар, Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Анар Қалдыбаева, аудандық спорт клуб директоры Диас Әлжанов арнайы қатысып, жарыс жеңімпаздарына жылы лебіздерін арнады.

– Өздеріңізге белгілі, биыл – «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» 100 жылдық мерейтойы. Кәсіподақтар еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайық­ты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қам­тамасыз етеді. Осы орайда кәсіподақ қызметі Мем­лекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Президентіміз биылғы Жолдауында да еңбек адамы­ның мерейін көтеру мәселесін сөз ете отырып, бұл кәсіподақтар жұмысының негізгі бағыты екенін атап өткен еді. Аудан ұстаздарының қатысуымен аудандық марафон жоғары деңгейде өтті. Сайыстың мақсаты – ұстаздар арасында жүгіру мәдениетін насихаттап, бұқара халықты дене тәрбиесі және спортпен жүйелі шұғылдануға тәрбиелеу. Жүгіру марафонына 50 мұғалім қатысты. Барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын. Және жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіремін, – деді аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Зейноллаұлы.

Одан кейін кезек марапаттау рәсіміне берілді. Са­йыс қорытындысы бойынша ерлер арасында жүлделі І орынды №126 мектеп ұстазы Мұрат Бөдеев, ІІ орынды №129 мектеп мұғалімі Нұрдәурен Әбен жеңіп алды. Ал ІІІ орын №126 мектеп мұғалімі Ердос Қуанышовқа бұйырды. Ал қыздар арасында №132 мектеп намысын қорғаған Салтанат Кенбаева І орынды қанжығалады. ІІ орын №131 мектеп мұғалімі Ақерке Нұрғалиеваға, ІІІ орын №126 мектеп ұстазы Гүлмайра Сүлейменоваға бұйырды. Сондай-ақ үздік қатысушылар арнайы аталыммен марапатталғанын айта кету орынды.

Жеңімпаздар мен үздік марафоншылар білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің арнайы дипломы мен сыйлық­тарына ие болды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қыркүйек 2024 ж. 165 0