Ұжымдық шарт – еңбек қатынастарының маңызды құралы

Жиынның күн тәртібінде облыс көлемінде әлеуметтік әріптестік аясында облыстық кәсіподақтар орталығы тарапынан әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеуде атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы тұрған міндеттер жөнінде «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы С.Сермағамбетов баяндады. Бірлестік төрағасы әрбір адамның еңбек қатынастары ұжымдық шартпен реттелетінін атап айтты. Сондай-ақ, салалық келісім ұжымдық шартпен сәйкес болуына тоқталып, сол арқылы қызметкерлердің еңбек заңдылықтары қорғалатынын жеткізді.
Ал екінші мәселе еңбек заңдылықтарының бұзылу фактілеріне жол бермеу, жұмыскерлерді жаппай қысқартудың алдын алу, еңбек нарығын тұрақтандыру, Қазақстан Республикасының Заңнамаларына сәйкес еңбекшілердің құқықтарын қорғау, еңбекақыны уақытылы төлеу, мекемелердің жұмыскерлер арасында қарыздарын болдырмау мақсатында тиісті шаралар ұйымдастыру жөнінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев хабарлама жасады. Бөлім басшысы жыл басынан бері «Еңбек шарттары есебінің бірыңғай жүйесі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне аудан бойынша 89 кәсіпорын барлығы 1639 еңбек шарттарын енгізгенін атап көрсетті. Бүгінгі күні 209 кәсіпкерлік субъектілер бойынша еңбек шарттарын электрондық жүйе арқылы тіркелуін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 162 кәсіпкерлік субъектісінде жұмысшылары жоқ екендігі анықталды. Одан бөлек, 10 кәсіпкерлік субъектісі бойынша 47 жұмыскерлердің еңбек шарты ақпараттық жүйеге енгізілген.
Жиын барысында еңбек қарым-қатынастары мәселелері жан-жақты талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Қорытындысында Сырдария ауданы әкімдігі мен Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі өзара ынтамақтастыққа қол қойды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ