Ұжымның жұмысы қай кезде де сапалы
Биыл елімізде алғаш рет Қазақстан кәсіподақтар күні аталып өтілді. Бұл атаулы дата қоғамдағы ірі, әрі қуатты азаматтық институттың беделін арттырғаны анық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі» деп жоғары баға берді. Сондықтан аталмыш ұйым қызметкерлер құқығын қорғап, еңбек дауларын тиімді шешудің негізгі тетігі саналады. Осы орайда, аудандағы белсенді білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназармен сұхбат құрған едік.
– Алмас Зейноллаұлы, қазіргі таңда кәсіподақ қызметінің беделі артқан. Содан да болса керек осы жылдан бастап кәсіподақтар күні кең көлемде аталып жатыр. Демек бүгінде қызметкерлердің еңбек-әлеуметтік қатынастарын реттеуде қоғамдық ұйымның маңызы жоғары деген сөз ғой.
– Әрине, кәсіподақтар еңбек қатынастарын реттеуде және еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасында сындарлы диалог орнатуда маңызды рөл атқарады. Мұны Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» деп атап, маңыздылығын көрсетті. Сондықтан азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын кәсіподақ комитеті әрқашан назарда ұстайды. Бұл өз кезегінде ұжымдағы ауызбірліктің болуына ықпал етеді. Ал бірлігі жарасқан ұжымның жұмысы қай кезде де сапалы.
Тәуелсіздік жылдарынан кейін елімізде кәсіподақтардың жаңа жүйесі қалыптасты. Соған сай жұмыс беруші мен жұмысшының өзара қарым-қатынасына көзқарас та жаңарды. Яғни қос тарап заңдылық шеңберінде қызмет жасап, еңбек дауларында кәсіподақ комитетіне жүгінеді. Ал еңбек ету құқығын реттеп отыратын кәсіподақ комитеті түйткілді мәселенің түйінін тарқатады. Сөйтіп, заң шеңберінде екі жақтың да мәселесі оңтайлы шешілмек. Осындай әлеуметтік тұрақтылықты, еңбек қауіпсіздігін сақтауда кәсіподақтың маңызы жоғары болған соң мемлекеттік деңгейде атаулы дата қатарына қосылып отыр.
– Мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру мәселесіндегі негізгі әріптес – кәсіподақ екенін білеміз. Сол арқылы барлық құқық қорғалады деп жатырмыз. Осы тұста аудандық білім қызметкерлері арасында еңбек-әлеуметтік қатынас тұрғысында даулы мәселелер орын алды ма?
– Қай кезде болмасын мұғалім – сол қоғамның белсенді мүшесі, белгілі бір әлеуметтік топ болып саналады. Ол қоғамда болып жатқан әлеуметтік, саяси-экономикалық, рухани өзгерістер мен жаңалықтардан тыс қала алмайды. Мұғалімнің шығармашылық жұмыс жасауына, еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік жағдайына назар аудару, өзін ұжымда және басқа ортада еркін сезініп, талапты еңбек етуі мен іс-әрекетіне жағдай туғызу, әлеуметтік қоғамда мұғалімнің мәртебесінің өсуін, әлеуметтік жеңілдіктер мен ынталандыру жолдарын қарастыру – кәсіподақтың негізгі жұмысы. Міне, осы міндетті жүйелі ұйымдастырудың арқасында бізде даулы мәселелер орын алған жоқ. Қазіргі таңда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы 38 бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын үйлестіреді. Осы ұйымдарда жұмыс беруші мен еңбекшілердің еңбек құқықтарының және әлеуметтік қорғалуын сақтау, қоғамдағы еңбек қатынастарын реттеудің негізгі ұйытқысы болып келеді.
Жалпы заңдылыққа сәйкес аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті арасында салалық келісім жасалған. Мұнда қазіргі кезде қолданылып жүрген заңдардың нормаларын сақтау, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында әлеуметтік әріптестікті қалыптастыру, мемлекеттің әлеуметтік стратегиясын жүзеге асыру басты мақсат болып отыр. Келісімшартта әрбір тараптардан енгізілген мәселелерді шешудің оңтайлы жақтары қарастырылып, жұмыс беруші жылына 1 рет өздерінің қызметкерлері алдында қабылданған міндеттер бойынша есеп беріп отыруы көзделген. Салалық келісімшарттың негізінде 39 аудандық білім мекемесі басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында ұжымдық келісімшарт жасалған. Жасалған ұжымдық шарттардың барлығы облыстық еңбекті қорғау басқармасында тіркелген.
Бұдан бөлек, облыстық кәсіподақтар кеңесінің ұйымдастыруымен жыл сайын ұжымдық шарттарды жасау алдында үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп, семинарлар өткізіледі. Онда методикалық нұсқаулар, еңбекке ақы төлеу жөніндегі нормативтік актілер жинағы таратылып, ұжымдық шарттағы негізгі міндеттерге талдау жасалып, түсініктемелер беріледі. Сол арқылы білім қызметкерлерінің құқығы қорғалады.
– Білім қызметкерлерінің құқығын қорғаумен қатар олардың біліктілігін арттыруға да кәсіподақ комитеті күш салады. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінгі күні мұғалімге қойылатын талап жоғары. Олардың білімді де білікті, өз ісінің шебері болуымен қатар жоғары мәдениеттілігі, парасаттылығы, азаматтығы тұрғысында жастарға үлгі боларлық биіктен көрінуі қажет. Осы тұста, жыл сайын аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып кәсіподақ комитеті мұғалімдердің білімін, біліктілігін арттыру, шығармашылық шыңдалуына ықпал ету мақсатында жалпы білім беретін пәндер бойынша аудандық «Жыл мұғалімі», «Үздік жас мұғалім», «Ең үздік директор», «Үздік мұғалімдер әулеті», «Үздік сынып жетекшісі» байқауын және педагогикалық оқулар, семинарлар ұйымдастырып келеді. Жалпы ұйым біліктілікті арттыруды үнемі назарда ұстап, ұстаздардың заманауи жаңартылған мазмұнда білім беруіне ықпал етуде.
Бұл жерде бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысын жандандыру бағытындағы жұмыстарды айтып кеткен жөн. Негізі кәсіподақ жұмысының тиімділігі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысына тікелей байланысты. Оның басшысы педагог ретінде беделге ие ме, ол мектеп немесе мектепке дейінгі мекеме проблемаларын біле ме, әкімшіліктермен өзара қарым-қатынасты реттеуге қабілетті ме немесе оның жұмысы тек қана қарсыластыққа бағытталған ба деген сияқты мәселелер баса назарда ұсталады. Сондықтан кәсіподақ активін қалыптастыруда қызметкер сапасының осы жақтарына нақтылы назар аударылады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жақсарту бағытында аудандық «Үздік бастауыш ұйымы», «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» байқаулары ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Күшті бастауыш ұйым – күшті кәсіподақ» атты облыстық байқау өткізу дәстүрге айналған.
– Кәсіподақ десе бірден демалыс орындарына жолдама беретін мекеме деген көзқарас бар екені жасырын емес. Десе де қызметкерлердің жұмысын ынталандыруда, серпін беруде тынығуын, демалуын ұйымдастыру артық етпейтіні анық. Керісінше, мұның пайдасы көп емес пе?
– Жұмыс берушілер мен кәсіподақ арасындағы ұжымдық шарттағы қабылданған шаралардың мүлтіксіз орындалуын қадағалай отырып, облыстық кәсіподақ комитетімен бірлесіп білім қызметкерлерін және олардың балаларын сауықтыру мақсатында жемісті жұмыстар атқарылуда. Ұстаздардың сабақ арасында бос уақытын тиімді пайдаланып, бір сәт бой сергітіп, өзара ой бөлісіп, пікірлесу үшін ауданда 5 мектепте (№35,42,44,126,210) мұғалімдердің демалыс бөлмелері кәсіподақ тарапынан жабдықталып, ұйымдастырылды. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында облыстық кәсіподақ ұйымының қолдауымен мұғалімдердің демалыс бөлмесінде кәсіподақ ұйымының әдістемелік бұрышы жасақталды.
Өз уақытын аямаған ұстаздардың демалысын қамтамасыз ету – біздің негізгі міндетіміздің бірі. Сондықтан жыл сайын білім қызметкерлері жеңілдетілген жолдамамен «Мерке», «Сарыағаш», «Жұмбақтас», «Алтын қарғалы», «Жаңақорған», «Манкент» демалыс орындарында тынығады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласына туристік саяхат ұйымдастыру үрдіске айналды. Облыстық кәсіподақ комитетінің бастамасымен білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген көпбалалы білім қызметкерлерін, «Алтын алқа» иегерлерін Түркістан облысындағы «Таң нұры» лагерінде қатарынан 2 жыл демалыс ұйымдастырылды. Оған қоса сала қызметкерлері балаларының облыстан тыс «Лесная сказка», «Таң нұры», «Ақбастау», «Талды су», «Қамбаш» лагерінде тынығуына 50 пайыз жеңілдік жасалып келеді. Бұл жұмыс бізде жолға қойылған.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Сұқбаттасқан Е.БЕРКІНБАЕВ