Әлекке салған алимент
Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша Қазақстанда жыл басынан бері 8,8 мың отбасы ажырасқан. Елдегі ажырасу көрсеткіші 2024 жылдың басында 1000 адамға шаққанда 4,6-ны құрап отыр. Осыған байланысты бүгінгі қоғамда алимент мәселесі де аса өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бұл мәселесінің белең алуына басты себептің бірі – қоғамда табысын жасырған тасбауыр және борышын өтеуден жалтарған жауапсыз әкелер көбеюімен байланысты болып отыр. Аталған мәселеге байланысты елімізде жаза күшейтіліп, айыппұл мөлшері өсті. Алайда баланың алдындағы әкелік парызын орындауға келгенде құлықсыздық танытатын жауапсыздардың саны азаймақ емес.
Дүниеге келген әрбір сәбидің ата-анасына үлкен жауапкершілік артылары анық. Ең өкініштісі бүгінгі қоғамда көп отбасыларда ажырасу жағдайлары көбейгенімен қоймай, ата-аналық жауапкершіліктен қашатын безбүйректердің саны артуда. Сол себепті де елімізде алимент төлемеу мәселесі өршіп түр. Екі ерлі-зайыпты ажырасқанда көп жағдайда бала анасында қалдырылады. Ал әкесі міндетті түрде балаларына ай сайын қаржылай көмек, яғни алимент төлеп отыруы тиіс. Қазақстанда ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 520 986 толық емес отбасы бар, соның ішінде 452 730-ы – жалғызбасты ана. Соңғы деректерді ескерсек, алиментті өндіру, төлеу бойынша елімізде көп жұмыс қолға алынғанымен, нәтижесі айтарлықтай емес. Ресми дерекке сәйкес, 16 197 іс бойынша қарыз сомасы 20,7 млрд теңгені құрап отыр.
Бүгінде прокуратура органдары алиментті өндіріп алу мәселесіне ерекше назар аударады. Сондай-ақ үйлестіру шараларымен сот орындаушылары, полиция, әкімдіктер және басқа да уәкілетті органдардың келісілген іс-қимылдарын қамтамасыз етеді. Құзырлы орган мамандарының айтуынша, алиментті төлемеудің негізгі себебінің бірі – борышкерлердің жұмысқа орналаспауы мен тұрақты табыстың болмауы екен. Сол себепті де жағдайды шешу үшін тұрақты табысы жоқ борышкер ата-аналарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлінген.
– Жалпы Сырдария ауданы бойынша 450-ге жуық азамат алимент төлеуге міндетті. Қазіргі таңда оның 20-ға жуығы төлеуден жалтарып, жауапкершіліктен қашып жүр. Осыған байланысты ҚР заңының 139 бабы бойынша 1 борышкер 1 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылғаны туралы дерек тіркелген болатын. Алимент төлеу тәртібі бала санына байланысты есептелінеді. Мәселен айлық табыстың 1 балаға 25%, 2 балаға 33%, 3 немесе одан да көп балаға 45 немесе 50% тиесілі. Алимент төлеуден бастартып немесе жауапкершіліктен қашқан жағдайда 5 МРП көлемінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейін қамауға алыну шаралары қарастырылған. Жалпы алименттен жалтарғандарға заң бойынша барлық шектеу әрекеттері жасалған болатын. Атап айтқанда банк есепшоттарының бұғатталуы, ҚР аумағынан шығуына уақытша шектеу қойылу, жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу сынды бірқатар шектеулер қойылған. Бұдан бөлек жағдайды шешу үшін тұрақты табысы жоқ борышкер ата-аналарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлінген. Осыған байланысты ауданда бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудандық «Мансап» орталығы арқылы жұмыссыз борышкерлерді тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса акция, рейд, әлеуметтік ролик, билбордтарды тарату секілді түрлі ынталандыру шарасы өткізіледі, – дейді Сырдария ауданының жеке сот орындаушысы Жандос Тұңғышбаев.
Алимент төлемеген азаматтарға қарсы заңды қатаңдату ұсыныстары мәжіліс мінберінде бұған дейін де көтеріліп жүрген болатын. Тіпті алиментті 3 ай төлемесе ата-ана үш айға бас бостандығынан айрылады. Егер жағдай қайталанса, тағы да 90 күнге қамауға алынатыны айтылды. Бұдан бөлек алдағы уақытта алимент төлеуден бастартқан азаматтар жүргізуші куәлігінен айырылуы әбден мүмкін. Заңға сәйкес, егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алиментті төлеу тәртібі және мөлшері туралы екеуара келісім қарастырылса, онда іс-жүзінде төлем келісімге сай келуі керек. Алайда ата-ананың бірі алимент төлеуден бас тартса, онда ол ата-ана құқығынан айырылады. Бірақ бұл алимент төлеуден босатылады деген сөз емес. Алимент төлемеген қашқын ата-ананың үстінен ары қарай қылмыстық жауапкершілік қарастырылып, жеке шоттары бұғатталуы мүмкін.
Баласына алимент төлеуге әлеуметтік жағдайы көтермей жүргендерден бөлек, ең сорақысы табысын жасырып, қашып жүрген тасбауыр әкелер көбейді. Бүгінгінің безбүйрек әкелері мен жауапкершіліктен жұрдай аналары баланың ақысын бермеу үшін сан түрлі айла табудан амал қалдырмайды. Иә, шындығы сол, баласының несібесін бергісі келмейтіндердің қитұрқылығына тоқтау болмай тұр. Сондықтан прокуратура органдары борышкерлердің есепке алынбаған және жаңа кіріс көздерін анықтау үшін жаңа тәсілдер мен алгоритмдер әзірлеуді қолға алған. Ендігі жерде такси қызметіндегі мобильді қосымшалары, букмекерлік кеңселердегі ставкалары мен электрондық әмияндарындағы кіріс көзіне де тексеріс жасалады. Ал бұл сот орындаушыларының да жұмысын жеңілдетіп береді. Олар борышкерлердің осындай табыстары туралы мәліметтерді прокурордың санкциясы арқылы алады екен. Мәселен, еліміздің бір облысында прокурорлар электрондық әмияндарға ақшасын жасырған 86 борышкерді құрықтаған. Егер борышкер бір жыл бұрын айына 500 мың теңге табыс таба тұрып, бірақ табысы туралы анықтамасында 70 мың теңге алатынын көрсетсе, күмән тудыратыны белгілі. Бұдан кейін сот орындаушылары борышкердің мәліметтерін тексеруге толықтай құқылы. Шоттарды тексере отыра шығыстарға аса мән беріледі. Егер алимент төлеуші тұрғын үйді жалға алу ақысын төлей алатын мүмкіндігі болса, несиесін өтесе, күніне 10-20 мың теңге жұмсаса, демек ол өзінің нақты табысын жасырады деген күдік туындайды. Прокуратура органдары алименттерді өндіріп алу және балалардың құқықтарын сақтау мәселелерін тұрақты бақылауына алып отыр. Жауапкершіліктен қашқан ата-аналардың кірістерінен өндіріп алуға мүмкіндік беретін жүйе жемісін берсе, жұмыссыздықты сылтауратып, жалақы көлемін жасырып, жиған-тергенін туысының атына тіркеп қоятындардың аяғына тұсау салынар күн алыс емес.
Былай қарап тұрсақ бір балаға ең төменгі алимент мөлшері – 20 мыңға да жетпейтін қаражат. Бұл қымбатшылық қос бүйірден қысқан қазіргі нарықтың заманында баланың тіпті ішер асына да жетпейді. Сондықтан аналар алимент өндірем деп әлекке түсіп, екі есе шығындалғанша, баласының жалғыз асыраушысы болуға амалсыздан бел буады. Ал, ең маңыздысы ажыраспау, толық отбасы болып қалу...
Алтынай Қайратқызы