Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйлену оңай, үй болу қиын

Үйлену оңай, үй болу қиын

Ешкім ажырасамын деп үйленбейді. Бірақ шаңырақ көтерген отбасылар ертелі-кеш ажырасу туралы мәселемен бетпе-бет келеді. Бірі шаңырақты сақтап қалса, енді бірі отбасының берекесін қашырып, екі тарапты әбігерге салады. Неке бұзу туралы сот қарауына түскен іс­тердің басым бөлігіне ерлі-зайыптылардың отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті те­рең сезінбеуі негіз болуда.

Халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаған. Сезімге ерік беріп, тез үйленудің соңы көбіне бақытты өмірге ұласпайды. Сондықтан әр бозбала мен бойжеткен үйленер алдында үлкен кісілердің айтқанын істеп, ақыл-кеңесіне жүгінгені жөн. Сонда ғана үй болып, өнегелі отбасы атанады.

2020 жылы аудандық сот қарауына неке бұзуға қатысты 51 талап қою түсіп, оның басым бөлігі ерлі-зайыптылардың ажырасуы­мен аяқталған. Бірен-сараң іс қана медиаторлардың көмегімен тоқтатылды. Ал 2021 жылы 64 талап қою түсіп, бүгінде сот 60 іске шешім қабылдады. Бұдан нені аңғаруға болады? Иә, бізде жыл санап неке бұзу туралы талап қоюлар көбеюде. Яғни жастар ұсақ-түйекті үлкен мәселеге айналдырып, үлкен дау-дамайға ұластыруда. Бұл ретте отбасындағы балалар зардап шегеді. Әкесіз өскен ұл мен қыз қоғамда өзің кем ұстап, психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан отбасын құрған жастар өздерін ғана емес арадағы балаларын да ойлағаны дұрыс.

Ажырасуға түрлі мәселелер әсер етеді. Бірақ оның шешілу жолдарын іздестіріп, күресіп жатқандар аз. Әсіресе жастар легі бір-біріне кешіріммен қарағысы, түсіністік танытқысы келмейді. Үлкеннің тілін алып, келген жеріне тастай батып, судай сіңуге икемсіз қыздар да бар. Қайткен күнде де ажырасу ешкімге абырой әкелмейді. Жас әйел қамқорсыз, ерсіз қалса, ер азамат алимент төлеуге міндетті болады. Соңғы кездерде алимент төлеу мәселелері де күрделеніп барады. Кейбір әкелер балаларына мүлдем алимент төлегісі келмейді. Оған бұрынғы әйелдерінің теріс қылығы, іс-әрекеті себеп болуда. Сондай-ақ кейбір әйелдер алимент алып отырса да балаларын әкелеріне көрсеткісі келмейді. Мұның бәрі дұрыс емес. Ажырасудан бөлек балалардың құқықтарын назарда ұстап, олардың екі жақпен де дұрыс қарым-қатынаста болуына көңіл бөлген жөн.
Тағылымды тарихымызға зер салсақ, бұрын ажырасу мәселесі сот қарауында талқыланбаған. Ата-ене мектебі жас отбасылар үшін тағылым мен тәлімнің, үлгі мен өнегенің ордасы болған. Ене ақыл айтса, жаман болсын деп айтпайды. Ал келін ене ақылын тыңдап, сабырлық сақтай білсе, жаман болмайды. Сабыр мен төзімділік – барлық қиындықты жеңудің қысқа жолы. Осы орайда ерін айтпағанда енесінің бетінен алып, тек менікі дұрыс, өзгені бұрыс деп жүрген жас келіндердің қылығы жақтауға келмейді. Мұнан бөлек әйелдеріне қолдарын ала жүгіретін, зорлық көрсететін азаматтарды да азамат деп санауға болмас. Ең дұрысы, жастар жауапкершілікті терең сезініп, кейін өкінбес үшін барынша ойланып барып шешім қабылдау керек. Сот ешкімнің ажырасқанын қаламайды. Біз ортақ Отанымыздың гүлденуінде отбасының алатын орны ерекше екенін жақсы білеміз. Сондықтан жастарды кешірімді болуға, қызуқандылыққа салынбауға, байыппен шешім қабылдауға шақырамыз. Сонда ғана отбасының берекесі артып, шат­тық ұялайды.

Нұрхан Әбдікәрім,
аудандық соттың
кеңсе меңгерушісі
01 наурыз 2022 ж. 1 402 0