Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершіліктен жалтаруға болмайды

Жауапкершіліктен жалтаруға болмайды

Қазақстанда алимент бойынша өндірілмеген қаржы көлемі – 5,5 миллиард теңгеге жеткен. Алимент төлеуді міндеттейтін мекемелер заң аясында міндетін орындады. Бірақ нәтиже шамалы. Ендеше, қайтпек керек? Үкімет отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев немересі үшін алиментті ата-әжесінің зейнетақысы мен мал-мүлкінен өндіріп алуды ұсынды.
Бұған дейін жауапкершіліктен жал­тар­ған әкелердің көлігін айыппұл тұра­ғына қойды. Есеп шотынан ақшасын шешіп алуға тыйым салды. Тіпті, көрші облыстарда  алимент төлемей жүрген­дердің фотосын көшенің қақ ортасына іліп те көрді. Бірақ нәтиже шықпады. Әді­лет министрі бұл мәселені шешу үшін Италия тәжірибесін зерттеп жатқанын айтты.
– Осы бағытта зерттеу жұмыстары бары­сында Италияда өте қызықты тә­жі­рибені көрдік. Ол жақта алимент бойынша борышкер, яғни балалардың әкесі алимент төлемесе, онда Италия соты не істейді? Италия заңы бойынша бұл қарызды борышкердің ата-анасының жауапкершілігіне жатқызады. Яғни судья «Егер ата-анасы осындай жауапкершілігі төмен жігітті тәрбиелесе, онда олар баласы үшін алимент төлеуі тиіс» деген уәжді айтады. Атап айтқанда, немеренің ата-әжесі үшін бөтен еместігін назарға алынады, – деді министр М.Бекетаев.
Расында да өзге елдегі озық тәжірибеге сүйеніп, борышкерлердің тізімін төмен­детсек нәтиже болар еді. Министр ұсынды.  Ұсыныс талқылану үстінде. Бірақ бұл мәселе қолданысқа енсе, борыш­кердің ата-анасы зейнеткер болса, оларды немересі үшін жауапкершілікке тарту қаншалықты дұрыс?
Осы материалды жазу барысында халықтың пікірін білген едік. Тұрғын­дардың көпшілігі «Баласы қиналып жат­қанда қандай туысы болса да көмек беру керек. Әкесі алиментін төлемесе заң бас бостандықтан айырса, біразы жөнге келер еді» деген пікір жиі айтылды. Отбасын сақтай алмады, ажырасты, алиментті төлемей қашты. Қоғамда әке рөлінің деңгейі төмендеді. Ұлттық тәрбиеден ада болып, материалдық жағдайды көп ойлайтын елге айналып барамыз. Жоғарыда көрсетілген қомақты қаржы тек алиментті талап еткендердің тиесілі ақшасы. Ал бұдан тыс сот шешімін бұздырып, баладан бас тартқан әкелер мен өз баласын мойындамай қашып жүргендері қаншама. Бір алимент арқылы біршама түйткілді мәселенің шеті көрінгенде, министрдің ұсынысын құп көріп қаламыз.
Бұл мәселеге қатысты аудандағы сот орындаушы Ж.Тұңғышбаевтың пікірін біл­ген едік.
–  Алимент бойынша құжаттар саны біздің ауданда өте көп. 2019 жыл­дың 9 айының қорытындысымен елімізде али­мент бойынша берешек 5,5 млрд тең­геге жеткенін білеміз. Соңғы жылдары  төленбеген алимент көлемі бірнеше есеге өсті. Бұл – жүздеген мың  баланы ата-анасы материалдық тұрғыда қамтамасыз етпей отыр деген сөз. Алимент өндіру – қордаланған проблемалардың бірі. Мұның шешімінің табылмауы – халықтың әлеуметтік осал топтары, баланың анасы тұрмыстық тауқыметті тартатыны бізді қынжылтады, – деді заң маманы.
Алиментті уақытылы төлету үшін борышкердің тұрақты жұмыс орны мен мүлкі болмаса, онда жеке сот орын­даушылар одан объективті түрде еште­ңе өндіре алмайды. Сондықтан сот орын­даушылар алименттерді өндіріп алу туралы істерді уақытылы, жүйелі түрде соңына дейін жеткізуі тиіс. Алимент төлеуден жалтару үшін жұмыс берушілер мен борышкерлердің өзара сөз байласу деректерін анықтау, оның алдын алу маңызды. Борышкерді іздестіру, мәжбүр­леп берешегін төлеткенде ғана нәтиже болары сөзсіз.  
Осы орайда психолог маман Айтолған Қуандықованың да пікіріне құлақ түрсек.
– Ата-әжеге жауапкершілік арту – өте өзекті мәселе. Алимент төлеуді ажырасқан ер-азаматтар мойнына алмай отыр. Себебі ата-анасы да алименттің маңызына мән бере қоймайды. Ашаршылық, соғыс кезінде ата-әжесі немересі үшін жанын пида еткен. Ертеңгі ізін жалғар ұрпағым аман болсын деген ниетпен өмірін қиюға дейін барған. Бала үшін барын берген ата-әжелер, қиын заманның көзі тірі куәгерлері әлі де болса, арамызда бар. Ата-әже ұрпақ тәрбиесінің, немересінің жақсы азамат болып өсуіне жауапты. Психолог маман ретінде мұны дұрыс деп қараймын. Заң жүзінде қатаң шаралар қолданылса, нәтиже болады. Заң арқылы жауапкершіліктен жалтаратындардың мой­нына жауапкершілік енгізу керек. Бұл мәселенің себеп-салдарын халыққа дұрыс жеткізе білген орынды. Ажырасқан әр азамат саналы түрде бала-шағасына алимент төлейтін болса, проблема болмас еді. Бұл мәселе жүйелі түрде насихатталса, ата-әжесі алиментті өз қалауымен төлер еді. Жауапкершілікті алимент төлеуші жете сезіне бермейді. Ақсап тұрған жағы бар. Әр баланың тәрбиесіне ата-анасы тікелей жауапты болуы тиіс. Сонда Италиядағыдай қартайған кезінде немересі үшін алимент төлеп отырмайды. Туған баласының жағдайын ойламаса да, әке-шешесін уайымдап түзелуі мүмкін. Беті бері қарайтындардың қатары азаяды. Сонда ажырасатындардың саны кемиді.
Рас, бүгінгі қоғамда алимент төлеуден жалтаратындар көбейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін салмақты ата-әжеге салған дұрыс па? Мәселенің түйінін осылай тарқата аламыз ба? Статистика не дейді? Соңғы жылдары ажырасу көбейді. Некеге тұрған әрбір үшінші отбасы ажырасуға дайын тұрады. Дайын тұрады деген бер жағы, ажырасып та жатыр. Отбасы жүгі жалғызбасты әйелдің иығына түсіп тұр. Ал еркектер ше? Жауапкершіліктен неге қашады? Қартайған шағында ата-әже баласының іс-әрекеті үшін неге жауап беруі тиіс? «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» дейтін шағында баласының баласынан безініп жатқанын сезіну қарт ата-анаға оңай дейсіз бе? Сонда мұның шешімі қандай болмақ? Алимент төлетудің бұдан өзге жолы жоқ па? Әр еркек отбасы үшін жауапты делік. Демек, баласының келешегіне де ер азамат алаңдауы қажет. Әйел – жесір, бала – жетім қалмауы тиіс. Бұл үшін ажырасуға себеп болатын дүниенің шешімін тапқан жөн. Әуелі осының түйінін тарқатып алсақ, қайтеді?! «Сонда қарт ата-анаға алимент төлетейік» деп министрдің де басы қатпас еді.
P.S. Маңыздысы, жас жұбайлардың ажы­распауы. Ол үшін ерге де, әйелге де тәлім-тәрбие керек. Әрбір қыз ажырасып, алимент алуды емес, отбасын құрып, ұрпақ өрбітуді ойлауы тиіс. Бұл жөнінде тағы да тарқата жазатын боламыз.

Майя ҚОЖАБАЙ

14 қаңтар 2020 ж. 520 0