Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала алдындағы парыз өтелмей жүр

Бала алдындағы парыз өтелмей жүр

Бүгінде қоғамның өзекті мәселе­сіне айналған «алиментті» тө­леуден жалтарып, бауыр еті баласынан бас тартып жүрген әкелер баршылық. Бұл қатерлі дерттің алдын алу мүмкін болмай тұрғаны ақиқат. Керісінше, отбасын бұзып, әкелік жауапкершіліктен ат тонын ала қашып жүрген бөріктілер көбейген. Мәселен, бүгінде аудан бойынша алимент төлейтін 292 борышкер бар.
Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегия­сы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында бала жа­уапкершілігінен қашып, алименттен бас тартатын ата-аналарға жаза қолдану керектігін айтып, «Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің міндеті. Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуі тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейту керек» деген еді. Демек, алимент пен өз баласынан бас тартқан әкенің де, ананың да жазаланатыны анық. Ата Заңның 27-бабына сәйкес балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті болып табылады. Ал Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 138-бабына сәйкес, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті.
Республикада ажырасу деңгейі жоғары болғандықтан алиментті өтеу мәселесінің өзектілігі күн санап арта түсуде. Бүгінде аудандық жеке сот орындаушысының өндірісінде алименттерді өндіру туралы 292 атқарушылық құжаты бар, олардың 76-ы проблемалы алиментті құрайды. Олар­дың барлығы жұмыссыздыққа байланысты алименттік міндеттемелерін орындай алмайтынын көрсетеді. Дегенмен, прокуратурамен жүйелі түрде жүргізілетін талдаулар борышкерлердің мұндай түсіндірмелерінің шындыққа сәйкес келе бермейтінін көрсетуде.
Мәселен, алименттерін бірнеше жылдар бойы өтемей келген кейбір борышкерлер (қарыздары 2 млн. теңгеге жеткен) автокөліктерін туыстарының аттарына тіркеп, такси қызметін көрсетіп жүргені анықталса, біреуі 3 жылдан бері қордаланған қарызын өтеместен жұмыс жасап жүргені, тіпті, тұрғын үй салғаны да белгілі болды. Прокуратураның бастамасымен аталған тұлғаларға аудандық сотпен әкімшілік айыппұлдар салынды. Борышкерлерге құқықтық ықпал ету мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді. Сот актілерін қасақана орындамаған тұлғалар бас бостандығынан айыруға әкеп соғатын қылмыстық жауаптылыққа да тартылуы мүмкін. Бұл орайда, аудандық прокуратура алименттік міндеттемелері бар борышкерлерді ата-аналық міндеттерін мүлтіксіз орындауға шақырады.

Сырдария аудандық прокуратурасы

24 қыркүйек 2019 ж. 634 0