Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет үйіндегі мәдениетсіздік

Мәдениет үйіндегі мәдениетсіздік

Мәдениет – өнер мәйегі. Концерттік бағдарлама, театр, сахналандырылған қойылымдар. Шындығында, осындай рухани кешке барғанда өзіңізді жақсы сезініп, ойыңыз бір сәтке серпіліп қалатыны жасырын емес. Бірақ мәдениет үйінің де өзіндік мәдениеті бар.

Жақында аудандық мәдениет үйінде концерт өтті. «Жақсы нәрсе – көрмекке» деп біз де жеттік. Залда ине шаншар орын жоқ. Аудан орталығы мен ауылдық округтерден келген көпшілік рухани ләззат алуға ынталы. Бір кезде...

Бір кезде арт жақтан сәл кешігіп кіріп, ел назарын бір аударған көрер­меннің ыстық самсасының иісі бүкіл залға тарала бастады... Бұл тақырыпты қайта көтеруімізге де түрткі болған осы жайт.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десек те кей көрерменнің «көрермен мәдениетіне» қарның ашады. Мәдени іс-шаралар көбіне 1-1,5 сағат, ұзағанда 2 сағатқа созылады. Осы уақытта ауқаттанып, өзгелерге кедергі келтірмей, шыдауға болады. Бұл – ең біріншіден жеке мәдениет. Себебі мәдениет ошағы – тамақтанатын орын емес. «Тамақ арсыз, күлкі арсыз, ұйқы арсыз» дегенмен, көпшілік ортада мәде­ниет сақтау маңызды. Жалпы «әдептілік – киім ілгіштен басталады» деген бар. Қыстың күні сырт киіммен, бас киіммен баса-көктеп кіретіндерге ештеңе дей алмаймыз. Бір бұл емес, мәдениет үйінде көрерменнің көп мәдениетсіздігіне куә болып, «ай, қап!» дейтін тұстар жиі кездеседі.

Ең бірінші ашуға тиетіні – залдағы көрерменнің кіріп-шығып, беталды жүрісінің көптігі. Оның үстіне кісі концерт көріп отыр-ау демейді, ал­дыңнан көлбеңдеп, бүкіл назарды аударып, аяғыңды басып, үстің­нен аттап, яки қолын көтеріп жан-жағына... Бір-екі емес, кәдімгі сабы­лысқан ретсіз жүріс болып кетеді кей концертте. Бұл – ең алдымен өзіне, көрерменге, одан кейін сахнадағы өнерпазға құрметсіздік. Ең ақырғысы – сахнада тұрған адамның ойын бөліп, алаңдатады.

Содан кейін мәдениет ошағына қытырлақ картоп, бөтелке-бөтел­­ке су, сағыз, тағы басқа тамақ алып бару жөн емес. Әсіресе кешкі уақыттағы еркін форматта өтетін, жасөспірімдер көп жиналатын кештерде осындай жайтты байқап жатамыз. Бұл – кинотеатр емес, мәдениет үйі ғой. Алдағы уақытта мәдениет үйіне арнайы бақы­лаушы қойып, концертке келушілердің өзімен бірге тамақ алып кір­­меуін қадағалау керек шығар, бәлкім?! Біріншіден, бала-шаға «чипсы» жеудің қызығына кіріп, басқаларға кедергі келтіреді. Әрі зал­ды шашып кетеді.

Одан кейінгі мәселе – бала-шағаның көптігі. Бұл да мәдени іс-шара емес, көбіне еркін форматтағы концерттік бағдарламаларда жиі болатын жағдай. Иә, баланы жастайынан мәдениет ошағына үйрету орынды. Бірақ мәдени ортада өзін мәдениетті ұстауды қо­са үйрету керек. Үлкендердің өзі ертіп барған 3-4 баламен әуре-сарсаңға түсіп, бірін кіргізіп, бірін шығарып жүргенде, зал­дағы ерсілі-қарсылы жүрісті көбейтеді.

Сосын сахнаға танысы, бала-шағасы шыққанда, орнынан атып түрып қолын бұлғайтындарды да байқадық. Дұрыс, балаң­ның, жақыныңның биікте тұрғанын көру – әрине бақыт. Сөзсіз. Бірақ сіздің әрекетіңіз сахнада тұрған адамға кері әсер етіп, ойын бөледі. Тұра қалып фото-видеоға түсі­ретіндер де кішкене жан-жағына қараса жақсы болар еді...

Одан бөлек өнерпазға құрмет-қошемет көрсету жағы аздау сияқты... Әркім екеуара әңгіме яки баламен алысу, телефонға шұқшыңдау... Қошеметтеу өнерге, өнер адамына құрметті білдіріп, шабыт береді....

Тағы да айтып өтейін, көпшілікке топырақ шашудан аулақпыз. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітіптінің» кері. Мәдени іс-шара адамды рухани азықтандырып, жан ләззатын сыйлайды. Кейде руханиятқа шөліркейсің. Сон­дайда театрға, концертке барып, көз ақысын беріп, жаныңды тыныш­тандырғың келеді. Аудандық мәде­ниет үйінде де тамаша іс-шаралар жиі ұйым­дастырылуда. Мәнді, ма­ғы­налы кон­церттің сыртында қан­шама еңбек пен маңдай тер бар. Сондықтан мәдениет үйі­не демалуға, мәде­ниет пен өнер­пазға құр­мет көрсетуге ғана ба­райық!

Фото:Gov.kz

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
20 тамыз 2024 ж. 160 0