Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыз мектепке дайын ба немесе бір баланы оқуға дайындау қанша тұрады?

Балаңыз мектепке дайын ба немесе бір баланы оқуға дайындау қанша тұрады?

Әне-міне дегенше тамыз айының соңғы онкүндігіне де келдік. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп» дегендей оқушылар мен мұғалімдер үшін жазғы демалыс маусымы аяқталуға жақын. Жаңа оқу жылына да санаулы күндер қалды. Бұл дегеніміз – ата-ана үйдегі баласын сабаққа дайындап, оқу құралдарын түгендей бастайды деген сөз. Әрине, қымбатшылық бүйірден қысып тұрғанда мектеп формасы мен сабаққа қажетті оқу құралдарының бағасы ата-ана қалтасына қосымша салмақ түсіретіні анық. Өйткені бір ғана емес, екі немесе үш, төрт баласы мектепке баратын отбасы аз емес. Осы орайда баланы мектепке даярлау құнын бағамдап көрмекпіз.

Базардағы баға бағамы

Тамыз айы басталғаннан базарға бара қалсаңыз әр ата-ананың соңынан 2-3 баланың еріп жүргенін байқайсыз. Баласын алдына салып, мектепке қажетті затын таңдауға кіріскен ата-ананың мақсаты – баласына сапасы бағасына сай мектеп формасын сатып алу. Қай уақытта да баланы мектепке дайындау оңай болмаған. Әркім өз шама-шарқынша бала­­лары­ның киімін, мектепке қажетті заттарын алып беруге тырысады. Біреуі айдың басында, бір ата-ана ортасында, тіпті кейбірі аяғында, яғни үйдегі оқушысын отбасылық бюджеттің ыңғайына қарай дайын­дайды.

«Темірді қызғанда соқ» де­мек­­ші, базарға кірген бойда сатушылардың барлығы оқу­шы­ның мектеп формасын сату­ға көшкен бе деп қаласыз. Барлы­ғының алдындағы та­уар – оқушының киім-кешегі мен оқу құралдары. Өз тауарын ұсынған сатушы да көп, баласының киімін түгендеген ата-ана да жетерлік. Базардағы баға­лар­ды салыстырар болсаңыз мына ба­сында басқа баға, мына басынан басқа бағаны естисіз. Әрине, барлық мектеп формасы сапасына, шыққан еліне байланыс­ты бағалары да әр түрлі болатыны даусыз. Бірақ сапасы бір, шыққан елі бірдей формаларды, оқу құралдарын әр сатушы өздерінің қалаған бағаларына сатып жатқаны өкінішті.

Ең алдымен қажетті тізімнің басында міндетті түрде мектеп формасы тұрғандықтан кез-келген ата-ана киімнен бастайтыны анық. Сонымен есептеп көрелік...

Мәселен, қыз бен ұл балалардың ақ жейдесінің арзаны да, қымбаты да бар. Арзан деп тұрғанымыз 3500 теңгеден сатылып жатқандары, ал қалтасы көтеретіндерге 7-8 мың теңгеге дейін. Содан кейін қыз баласы бар ата-аналар белдемшенің де матасына қарай, оның жұқа немесе қалыңдығына қарай 5 мың мен 10 мыңның көлемінде сау­далай алады. Қыздарға сонымен қатар бантик, ақ гольфы, шұлық секілді ұсақ заттардың өзі 5-6 мыңға барады. Ал ұл балалардың костюм-шалбары әжептәуір қымбат. Шыққан еліне байланысты 15 мың мен 25 мың аралығында ала аласыз. Егерде өз бағасын қойған саудагердің тілін тауып саудаласып, түсіргеннің өзінде 13 мыңға ала алсаңыз тіптен жақсы. Бұл ретте да қалтаңыздың жұқа-қалыңдығына қарай таңдау жасайсыз. Одан әрі спорттық киімдерге келетін болсақ, 7-15 мың теңге аралығында сатып аласыз. Аяқ киім, спорттық аяқ киімдердің барлығына кем дегенде 20 мың жұмсайсыз. Ең арзан дегеннің өзі 6 мыңнан бас­талады.

Мектепке қажетті басты аксес­суардың бірі ол әрине – сөмке. Жыл бойына баланың арқасынан түспейтін сенімді серігі десек те болады. Ол да ерекше талғамды қажет етеді. Базардағы сөмкенің ең арзаны – 5 мың теңге.

«Жиған-тергенім балаларым үшін» деп жүрген ата-ана оқу құралдарын алуға да едәуір ақша жұмсайды. Мәселен, дәптердің бағасы 20-25 теңгеден, қаламсаптың бағасы 50 теңгеден басталса, басында өшіргіші бар жай қаламның бағасы мен өшіргіштің бағасы 100 теңгеден жоғары, ал сызғыштың бағасы да ұзындықтарына байланыс­ты 150 теңгеден жоғары. Сабаққа қажетті оқу құралдарының бірі – күнделік. Олар да сыртының жұмсақ-қаттысына, сапасына қарай бөлінеді. Бағалары да 400-ден асып жығылады. Мұнан бөлек бейнелеу мен көркем еңбек сабағына қажетті құралдар, дәптер мен кітап қаптары тағы бар. Барлық оқу құралдарының өзіне әр балаға кем дегенде 10 мың теңгеден жұмсайды. Сабақ басталғаннан кейін әр пәнге арналған қосымша дәптердің өзіне 5-6 мың теңге кетеді.

– Биыл балам алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Алғашқы қуанышымыз болған соң мектеп формасы мен оқу құралдарын түгел әпергіміз келеді. Бір балаға 100 мың теңгеден аса қаражат жұмсап келдік, – дейді жас ана З.Сейдахметқызы.

Әрине, бір баланы талғамына сай, сапалы киіндіру қиын болмас. Ал егер 3-4 бала немесе 5 баланы оқу жылына дайындау үшін қалтаңызда бірнеше жүз мыңдаған қаражат болуы керек екені анық.

– Менің 5 балам бар. Биыл үлкен ұлым 3-курс студенті. Әлі жаңа оқу жы­лына дайындықты бастамадық. Барып келген туысқандарымыздан базар бағасын естіп отырамыз. Жылдан-жыл­ға қымбаттап жатыр. Былтыр 4 балаға 300 мыңнан аса қаражат жұм­сағанбыз. Биыл кішкентайымыз даярлыққа барады. Студенттің өзіне де біршама қаражат жұмсайсыз. Сонда биылғы шығынымыз 500 мыңға же­тіп жығылады деген сөз. Әрине, осы балалар үшін еңбек етіп жатырмыз. Қатарынан қалдырмау үшін тырысамыз, – дейді көпбалалы ана Ж.Бейсембаева.
Мұнан бөлек, дүкен сөрелерінде сатылатын мектеп формасынан басқа балаларына киімді тігіншілерге тіктіріп беретіндер де бар. Әсіресе, қыз балалардың талғамына, дене бітіміне қарай юбка, сарафан және де қазіргі кезде сыныптастар бірдей үлгіде формалар да тіктіртіп жатады.

– Орталықтан ғимарат жалдап тігінші болып жұмыс жасағаныма 2 жылдай уақыт болды. Оның алдында кішігірім тапсырыстар алып үйден тіге беретінмін. Биыл он бірінші сыныптың қыздарына бірдей мектеп формасына, үшінші сыныптың ұл балаларына жакетке тапсырыс алдым. Бағасы тігетін матаның сапасына, жасаған жұмысымызға қарай. Осы күндері ер балалардың балағын қысқартуға келетін ата-аналар қатары көбеюде. Алған киімдерінің өлшемі сәйкес келмесе бізге әкеліп, жөндетіп жатады. Шалбарды қысқарту 800-1000 теңге болса, юбка-кофтаны өлшеміне қарай қысқарту 1000-2000 теңге аралығында, – дейді тігінші А.Ниязбаева.

Ата-анаға қосымша көмектер

Бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Биылға оқу жылында «Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері − 43 407 теңгені құрайды. Шілде айынан бастап барлық мектеп әкімшілігі қажетті құжаттарды жинақтаған болатын. Қазіргі таңда әлеуметтік педагогтар әр балаға киім-кешегіне берілетін 43 407 теңгеге құжаттар жинап, осы күндері қаражат беріле бастады. Тіпті біраз ата-ана балаларының мектеп формаларын түгендеп болды. Әрине, мұның өзі әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға әжептәуір көмек. «Биыл 500 мыңнан астам баланың ата-анасы «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында мектепке дайындалу үшін материалдық көмек алады» дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалар­дың құқықтарын қорғау коми­тетінің төрағасы Насымжан Оспанова Орталық коммуникация­лары қыз­метін­де өткен брифингте.

Өздеріңіз білетіндей, еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде өтетін «Мек­тепке жол» республикалық қайы­рымдылық акциясы басталған болатын. Қайырымдылық акциясына, игілікті іс-шараға кәсіпкерлер, ерік­тілер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және де барлық жанашыр азаматтар да қатысып келеді. Бүгінде көңілі мәрт азаматтардың саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Осындай қайырымды жандардың шапағаты көптеген отбасыға жылу сыйламақ.

– Жыл са­йын 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін еліміздің бар­лық өңірінде «Мектепке жол» респуб­ликалық қайырым-дылық акциясы өткі­зіледі. «Жалпыға бiрдей білім беру» қоры халықтың әлеу­мет­тік осал топтарындағы бала­лар­ға қолдау көр­сетіп, оқуға қажетті қаражат бөледі. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағ­дай салдарынан жәрдем талап ете­тін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек алады. Оқу-ағарту министрлігі көмек көрсету тетігін жақсар­ту бойынша түрлі іс-шара қабыл­дады. Мәселен, мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға арналған материалдық көмек ата-аналардың есепшотына жібері­леді. Осылайша, әрбір ата-ана балаларына барынша сапалы тауар алуға тырысады. «Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері − 43 407 теңгені құрайды. Осыған орай барлық жүрегі кең азаматты, оның ішінде еріктілерді, кәсіпкерлерді, үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да мүдделі қатысушыларды біздің қайырымдылық бастамамызға қатысуға шақырамыз, – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Н.Оспанова.

Биыл аудандағы 17 мектептен міндетті оқу қоры есебінен бір жолғы көмек 2157 балаға берілді.

– «Мектепке жол» респуб­лика­лық қайырымдылық акциясын ұйым­дастыру бойынша аудан әкім­дігімен іс-шара жоспары бекітіліп, ведомствалық бағынылыстылығына қара­мастан бар­лық мекемелерге жолданды. Акция бары­­сында көмек алатын балалардың базасы жасақталды. Аудан бойынша 2164 оқушы міндетті оқу қоры есе­бі­нен бір реттік қаржылай көмек ретінде 43407 теңгеден қаржы берілді. Аталған қаржы ата-аналардың есеп-шотына түсті. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының демеушілігі есе­бінен 373 балаға, «Аманат» пар­тия­­сының жарнапұлы есебінен 50 бала­ға көмек көрсетілді. Мұнан бөлек мек­теп директорлары мен орынбасарлары осы акция­ға өз үлестерін қосуда. Аудандық білім бөлімі мен білім қыз­меткерлері кәсіп­одақ есебінен білім саласы қызмет­­керлерінің 80 (45 мектеп, 15 қосымша білім беру ұйымдары, 20 балабақша) балас­ына, мектеп тарапынан 89 балаға көмек көрсетілді. «Мектепке жол» респуб­лика­лық қайырымдылық акция­сы 30 қыр­күйекке дейін жалғасын табатын болады, – дейді аудандық білім бөлі­мі бас­шы­сының міндетін атқарушы Л.Мығымбаева.

Оқушылар мектеп формасын сақтап жүр ме?

Мектеп формасы – тек оқу­шылардың күнделікті сабаққа киетін киімі емес, сол мектептің сыртқы келбеті, сол елдің мәдениеті мен дәстүрін айшықтайтын көрінісі десек те болады. Бұрындары мектеп оқушысы десек көз алдымызға кос­тюм-шалбар, ақ жейде киген ұл балалар мен форма фартук немесе ақ көйлек пен ұзын белдемше, екі жаққа тағылған бантиктегі қыз балаларды көретін едік. Ал қазір бәрі басқаша. Бұл заман талабы ма, әлде балалардың басқа елдерге еліктеп, бір-бірінен қалмау керек деген түсінігі ма, белгісіз. Барлық білім ордасы мектеп формасын сақтамайды деген сөз емес, кейбір мектептердің біркелкі формалары көздің жауын алады. Бұрынғы кездегі қатаң тәртіпті енгізсе, бірақ қымбатшылық дендеген заманда көпбалалы отбасыларға едәуір қиындық болатын шығар. Ол форма келесі жылы симай қалуы да мүмкін, жыл сайын тіктіре беруге біреудің шамасы келсе, біреуінікі келмес.

Қазіргі кезде мектеп жасындағы қыз балаларға қарап студент па деп қаласыз. Олай дейтін себебіміз, мектепке жолыңыз түсе қалса шашын жайып, бетіне бояу жағып, қысқа белдемше киген қыздарды байқайсыз. «Қызға қырық үйден тиым», демекші, бұл ата-ананың қателігі ме, әлде мектептегі тәртіптің әлсіздігі ме? Осындай қадағалаусыз жүрген қыздары­мыз бүгінгі күні келеңсіз жағдайларға ұрынуда. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін ұмытпаған абзал. Мектеп формасын алып берерде ата-аналар осыған да мән бергені жөн.

Түйін

Әркез «Бар жақсылық – балаға», «Қуанса, бала қуансын» дейтін халықпыз. Әр үйдің көз қуанышы болып отырған бала үшін қанша теңге жұмсаса да жарасады. Бірақ, нарық бағасы бүйірден қысып, қымбатшылық жайлаған уақытта көрпесіне қарай көсілген әке-шеше үшін базар бағасы оңайға соғып тұрған жоқ.



Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Фото:Ulysmedia.kz.
20 тамыз 2024 ж. 95 0