КӘСІПКЕРЛЕР ТАРТУЫ
Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау атаанаға салмақ түсіретіні анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету игілікті іс екені хақ. Жыл сайын елімізде жаңа оқу жылының қарсаңында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық шарасын өткізу дәстүрге айналған. Биылғы жылы да «Менің таңдауым – балаларға көмек» ұранымен жалғасын тауып жатыр. Шараның басты мақсаты – балаларды киім-кешекпен оқу құралдарымен қамту. Дәстүрге айналған қайырымдылық акциясы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Көп болып балаларды қуантып, көмек көрсетті. Ауданға қарасты елді мекендерден жиналған кәсіпкерлердің демеушілігімен өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Мырзахметова және білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева қатысты. Балақайларға жаңа сөмкелер, мектеп формалары мен оқу құралдары үлестірілді. Бір сөзбен айтқанда олар барлық маңызды керек-жарақ заттармен қамтамасыз етілді. Бұл республикалық акция аз қамтылған және көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларға, жетім балалар мен жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға қолдау көрсету, сондайақ, әлеуметтік себептермен мектепке балалардың келмеуінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылуда. Шара соңында Д.Серікбайұлы қайырымдылық көрсеткен барлық кәсіпкерлер мен мектеп әкімшілігін және ауылдық мешіттерді «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Майя БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікір 1