Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕКТЕПКЕ БІР БАЛАНЫ ДАЙЫНДАУ ҚАНША ТҰРАДЫ?

МЕКТЕПКЕ БІР БАЛАНЫ ДАЙЫНДАУ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Көзді ашып жұмғанша оқушылардың жазғы демалысы да өте шықты. Тамыздың ендігі екі аптасында ата-аналар балаларын жаңа оқу жылына дайындайды. Алғашқы дайындық әрине, баланың мектепке баратын киім-кешегін іздеп, оқу құралдарын түгендеуден бас­талады. Қыркүйек таяған сайын базар мен балалардың киімін сататын жеке дүкендер сөрелерін мектеп формасымен толтырған. Бір немесе екі баланы ерткен ата-аналар мектепке керекті киімдер мен оқу-құрал жабдықтарын алуға кірісіп кеткелі қашан?  Әрине, мектеп құралдары мен киім-кешек ата-ана қалтасына қосымша салмақ болады. Себебі, бір ғана емес, екі немесе үш баланы киіндіріп отырған отбасы қаншама? Осы орайда бір баланы мектепке даярлауға қанша қаражат жұмсалатынына зерттеу жасаған едік.
Баланы мектепке дайындау қай уақытта да оңай болмаған. Әрбір ата-ананың мақсаты – баласына сапасы бағасына сай жақсы зат сатып алу. Егер, әзірше бір балаңыз ғана болса, қаражатты үнемдеуге аса тырыспауыңыз мүмкін. Ал, егер мектеп жасындағы 2-3 балаңыз болса, барлығын бір-бірінен қалыс қалдырмай, үнемді киіндіру жолдарын үйреніп аласыз. Ең бастысы, қажет тауарыңызды сатып алатын орынды дұрыс таңдай білу. Ол жердегі тауардың бағасы сіздің қалтаңызға ауыртпашылық салмайтын,  сапасы ұнамды болуы тиіс.
Қосымша салмақ болмас үшін кей ата-аналар мамыр айларында мектепке қажетті оқу-құралдарын алып қояды. Дегенмен, кей ата-ана ол уақытта таңдауға мүмкіндік болмайтынын айтып жатады. Жаңа тауар тамыз айында болатындықтан сол уақытта сатып алған дұрыс деп есептейді. Тамыз айының бел ортасында базарларда мектепке қажетті тауар түр-түрімен сөрелерден орын алады. Оны сатып алушылар саны да арта түседі. Тұтынушыларды тарту үшін төмендетілген бағамен тауар ұсынатын дүкендерді кездестіруге болады. Базар бағасынан сәл ғана айырмашылық болғанымен, отбасы қаржысын кішкене де болса үнемдеуге мүмкіндік бар.
Қажетті тізімнің басында міндетті түрде мектеп формасы тұрғандықтан кез келген ата-ана алдымен киімнен бастайды. Сонымен есептеп көрелік...
Бүгінде мектептерде бірдей форма болғандықтан, көп жағ¬дайда ата-аналар оны тіктіріп жатады. Оны да тігіншілер әртүрлі бағада тігеді. Мәселен, қыздарға тек жакет, белдемше және галстуктың бағасы 9000 теңгеден жоғары. Бұл – тігіншілердің қойған бағасы. Ақ жейде сапасына қарай 3000 теңгеден жоғары. Туфлидің бағасы ұлдарға да, қыздарға да 5000 теңгеден басталады. Ал ұлдарға базарда қостюм-шалбардың бағасы бала жасына қарай 10 мың теңгеден жоғары. Қыздарға сонымен қатар, бантик, ақ гольфы, колготки, майка секілді майда заттардың өзі бес-алты  мың теңгеге барады.
Әрине, базар бағасы дүкендердің бағасынан жоғары емес. Бірақ сапасы жағынан сәл төмендеу болады. Өте арзан ұсыныстардан да сақ болыңыз. Мәселен, мектепке киетін киім, аяқ киім мен сөмкеге келетін болсақ, тым арзан заттар ұзаққа бармайтыны белгілі. Барлық ата-анаға бірдей, дүкеннен алуға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан, бүгінде базардың «наны» жүріп тұр. Киімге ақшаны үнемдегенмен, баланың аяқ киіміне аса мұқият болған дұрыс.
Мектепке қажетті басты «аксессуардың» бірі – сөмке. Ол да ерекше талғамды қажет етеді. Төменгі сыныптың оқушыларына көбіне арқаға асып алатын сөмке алады. Оның да арқаны ауыртпайтын (ортопедиялық), баланың арқасына ыңғайлы етіп жасалғаны болып бөлінеді. Сөмкенің де матасына қарап алған абзал. Мектепке барған баланың күнделікті таситын мектеп құралдарын көтере алатындай етіп таңдамаса, ақша үнемдеп, арзанын аламын деп бір оқу маусымында екі немесе үш сөмке сатып алып жүрмеңіз... Әйтпесе, базардағы ең арзан сөмке 4000-нан басталады.
Балаға дене шынықтыру сабағына спорт киімін және аяқ киімін алу керек. Көп мектепте барлығына бірдей ақ футболка мен қара жеңіл шалбар кигізеді. Ол да ата-анаға кішкене де болса көмек. Базардан бұл костюмды үш-төрт мыңға алуға болады. Ал спорттық киімдер 6 мың теңгеден жоғары. Спорттық аяқ киімнің бағасы да 4000 теңгеден бас­талады.
Дүкен сөрелеріндегі мектепке қажетті құрал-жабдықтар көздің жауын алады. Бағалары да сан алуан. Әрбір ата-ана қалтасының қалыңдығына қарай таңдай алады. Қаламсаптың бағасы 50 теңгеден басталады. Анық, таза жазатын сиясы ақпайтынын алғыңыз келсе, тоқсан теңгеден жоғары бағадағы гельді қаламсаптарды ала аласыз. Басында өшіргіші бар жай қаламның бағасы – 85 теңге, түрлі-түсті қарындаш (12 дана) 600 теңгеден бастап, фломастер  650 теңгеден, өшіргіш 50 теңгеден жоғары, сызғыш бағасы 100 теңгеден бастап, түрлі-түсті қағаз – 600 теңгеден бастап, акварель бояулар – 300 теңге, ермексаз 500 теңгеден басталады. Сурет сабағына арналған дәптердің ең арзаны – 200 теңге, одан да кем дегенде екеуін алып қоясыз. Сабаққа қажетті маңызды құралдардың бірі – күнделік. Олар да сапасына қарай бөлінеді. Бағалары да 400 теңгеден жоғары. Дәптер бағасы 20 теңгеден, әр балаңызға елу данадан аласыз. Дәптер және кітап қаптарыңыз тағы бар. Барлығы оқу-құралдарының өзіне әр балаңызға орта есеппен, кем дегенде 10 мың теңгеден жұмсайсыз. Біз айтпай кеткен құралдар қанша?! Сапасы жоқ құралдарды бала сындырып, не алған өшіргіші дәптерін былғап жатса, екінші мәрте базарға барып басқасын алуға тура келеді. «Арзанның сорпасы татымас» дегендей, қай заттың болмасын, сапасына қарап алуға кеңес береміз.
Осы тұста айта кеткен дұрыс, психологтар балаға мульт­фильм кейіпкерлері бейнеленген сөмке мен оқу-құралдарын алып бермеуге кеңес береді. Бала бар ой-ынтасымен тек сабаққа берілуі керек.
Бала үшін қанша теңге жұмсаса да жарасады. Көрпесіне қарай көсілген әке-шеше жүректері лүпілдеп, бәрінен артық санаған баласына бар жақсысын алып беруге тырысады. Бірақ, отбасында кем дегенде екі немесе одан да көп баласы барлар жоғарыдағы бағаларды екі-үш есеге көбейтесіз.
Ал тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларға мектепке дайындалуға демеушілер қол ұшын созады. Бүгінде көңілі мәрт азаматтардың саны артып келеді. Еске сала кетсек, жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек күндері аралығында Қазақстанда «Мектепке жол» акциясы жүргізіледі. Акция аясында елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мектеп формасынан бастап,  оқу сөмкесі (канцелярлық тауарлардың барлығы салынған) және қыстық киімдер де қамтылған.

Майя ҚОЖАБАЙ
20 тамыз 2019 ж. 1 624 0