Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?

Жазғы демалыстың соңғы айына да келіп жеттік. Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Бүгінде көп ата-ана баласын оқу жылына дайындауға кі­рісіп те кетті. Тереңөзек кенті мен ауданның елді мекендері Қызылорда қаласына жақын орналасқандықтан ата-аналар балаларын қалаға барып киіндіруге тырысады.

Күн сайын кенттен облыс орталығына қатынайтын такси қызметінің де жұ­мысы қыза түскен. Бір ананың соңында 3-4 балаға дейін жүретіндіктен, такси жүр­гізушілерінің жұмысына да тоқтау жоқ. Ал бір емес бірнеше баласын мектепке дайындау қиын екені белгілі. Бір ғана материалдық жағдайдың өзі үлкендердің қалтасына әжептәуір сал­мақ түсіреді. Отбасы бюджетін алдын ала жоспарлап, тамыз айында қалтасындағы бар теңгесін сыпырып, баласын базарға апарып, су жаңа киім әперетін ата-ана баласына керегін түген­деп әлек.

Сондықтан бүгінгі біздің мақсатымыз балалардың киім-кешегіне қаншалықты қаражат кететітін бағамдау. Базарға кірген бойда ең алдымен сатушының барлығы дерлік осы мез­гілді пайда­ланып, оқушының мектеп формасын сатуға көшкен бе деген ойға қала­сың. Барлығының алдындағы тауар оқушының киім-кешегі мен құ­р­­­­­ал-жаб­дығы, оқу құралы. Сатушы да көп, алушы да көп. Баласын ал­дына салып, мектепке қажетті затын таңдауға кіріскен ата-ана баласына ең тәуірін, ең сапалысын алып беруге тырысқанымен, бағасын білген соң, амал­сыз ондай мақсатынан айнитыны анық. Бар­лық адамның жағдайы бірдей емес, сон­дықтан базардан қалтаңа қа­рай балаңызды киіндіруге мүмкіндік көп.

Сонымен біз де базардағы көп тауар­дың ішінен ең алдымен оқушының жей­де­сін сұрадық. Біз ойлағандай жей­де­нің арзаны да, қымбаты да бар екен. Арзан деп тұрғанымыз 3 мыңнан сатылып жатқандары, қалтасы көтеретіндер 6-7 мың­нан сатылымға шыққандарды сау­­­далауда. Негізі 3 мың демесеңіз жей­­­­денің сапасы анау айтқандай төмен емес. Тек балаңыздың талғамынан шық­­­са болғаны, әрі сіздің де көңіліңіз қа­­ласа, алуға болады. Жейдені ұл мен қызға алып болсаңыз, әрі қа­рай юбка мен костюм шалбарға бет бұ­расыз. Юбканың да матасына қарай, оның жұқа немесе қалыңдығына сай ба­ғасы да әртүрлі.

7 мың мен 10 мыңның аралығында саудалай бересіз. Ал костюм-шалбар әжептәуір қымбат. Өз бағасын қойған саудагердің тілін тапсаңыз саудалап түсіргеннің өзінде 15 мыңға алсаңыз жақсы. Былайынша костюм-шалбарды шығарған еліне қарай оның бағасы 25 мыңға дейін барады. Бұл ретте тағы да қалтаңыздың жұқа-қалыңдығына қарай таңдау жасайсыз. Одан әрі жыл сайын балаңызға жаңа оқу жылының басында алып беретін спорттық киімге таңдау жасайсыз. Спорттық киімдерді 10-15 мың теңге аралығында сатып аласыз. Аяқ киім, спорттық аяқ киім, т.б ауыстырып киетін аяқ киімнің барлығына кем дегенде 20 мыңға жуық ақша жұмсайсыз. Бір-екі айға жараса болды деп ойласаңыз туфлиді 6-7 мыңға да алып кетуге мүмкіндік бар.

– Таң атқаннан базар жағалап жүрміз. Барлық киім кешектің бағасын біліп, таңдап жүргенімізде балам да шаршады. Күн ыстық. Енді дүкендерді аралап көргіміз келіп тұр. Дүкенде киім-кешек бағасы базардан арзанырақ болады дегенге сеніп тұрмыз. Әрі онда сапасы жақсы тауарлар сатылады. Әзірге ештеңе сатып алмадық, – дейді бір баласын жетектеп жүрген жас ана.

Әрине, бір баланы киіндіру қиын болмас. Баланың талғамына сай, әрі сапалы киім сатып әперуге мүмкіндік бар. Ал егер 3-4 бала немесе 5 баланы оқу жылына дайындайтын болсаңыз, қалтаңызда жүз мыңдаған қаражат болуы керек екені даусыз.

– Менің 5 қызым бар. Оның үлкені биыл 11 сыныпқа барады. Кішкентайымыз даярлыққа барады. Әзірге кішкентайлардың киімдерін түгендеп жүрміз. Осының өзінде 150 мың қаражат жұмсадым. Оқу-құралдарын қоспағанда. Сабақ басталса қажетті кітаптарды алу керек. Аяқ киімге қатты мән береміз. Арзан аяқ киім алмауға тырысамыз. Ондайлар аяққа жайсыз болады. Былғарыдан тігілген, жұмсақ аяқ киім аламыз. Енді бір аптадан соң үлкен қыздарымды киіндіруге келеміз. Әрине, аз ақша кетпейді. Сондықтан кезекті еңбек демалысымызды тамыз айына алып, бар ақшамызды киім-кешек алуға жоспарлаймыз, – дейді көп балалы ана.

Қазір мемлекет тарапынан көп балалы аналарға, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл қаражаттың көлемі де белгілі болды. Барлық мектеп әкімшілігі қажетті құжаттарды шілде айынан бастап жинақтады. Әлеуметтік педагогтар әр балаға киім-кешегіне берілетін 40587 теңгеге құжаттар жинап, осы күні қаражат беріле бастады. Әрине, мұның өзі әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға үлкен көмек. Ең қажетті деген затын алуға жетеді.

– 1 тамыздан бастап «Мектепке жол – Жақсылықты жаса» ұранымен мектепке жол акциясы басталды. Акцияны ұйымдастыру бойынша аудан әкімдігімен іс-шара жоспары бекітіліп, ведомоствалық бағынылыстылығына қарамастан барлық мекемелерге жолданды. «Мектепке жол» акция барысында көмек алатын балалардың базасы жасақталды. Оның ішінде, 1774 оқушы міндетті оқу қоры есебін бір жолғы көмек – 40587 теңге беріледі. Қаражат ата-аналардың есеп-шотына түсе бастады. 404 бала кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының демеушілігі есебінен, 177 бала «Самұрық-Қазына» компаниясы есебінен, 64 бала «Аманат» партиясының жарнапұлы есебінен қайырымдылық көмек көрсетіледі деп жоспарлануда, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ерлан Әбілдаев.

Аудандағы 17 мектептен биыл міндетті оқу қоры есебінен бір жолғы көмек 1774 балаға берілетін болды. Әр балаға 40587 теңге әжептәуір көмек екені рас. Дегенмен базар бағасы ушығып тұрғаны жасырын емес. Саудагерлер тауарға өз бағасын қойып, сатып жатыр. Ұзақ жылдан бері базарда жұмыс істейтін келіншекті сөзге тартқанымызда:

– Сапасына қарай баға да әралуан. Киімнің де, сөмкенің де, оқу-құралдардың да арзан, қымбаты болады. Мәселен, мына жейденің матасы қаттылау, ауа жібермейді, ал мына жейденің матасы жұмсақ, денеге жайлы. Біз де алдымен жақсыны ұсынамыз. Бағасын қымбат деп санаса, арзандарын ұсынамыз. Саудалап, түсіріп те береміз. Негізінен сапасы жақсы жейдені 5 мыңға аласыз. Сөмкелер Қытайдан келеді. Ең төменгі сападағыны 4 мыңға аласыз. Бірақ ол сөмкелер салмағы ауыр кітаптарды көтеруге шамасы келмейді. Сондықтан сапасы жақсысын таңдайтындар 12-15 мың аралығындағы сөмкелерді алады, – дейді сатушы.

Осы ретте айту керек, дүкен сөрелерінде сатылатын мектеп формасынан бөлек балаларына тігіншіге тіктіріп беретіндер де бар. Әсіресе, қыз балаларға талғамына сай сарафан, юбка тіктіретіндер жоқ емес бар.

– Тігінші болып жұмыс жасағаныма 30 жылдан асты. Жаңа оқу жылы қарсаңында жұмысымыз қыза түседі. Әсіресе, юбка-кофтаның өлшемі сәйкес келмесе, дұрыстатып алатындар бар. Ер балалардың шалбарын қысқартып тігіп беру қызметі де сұранысқа ие болады. Ал сарафан немесе юбканы матадан тіккізетіндер көбіне мамыр айында болады. Мектеп бітіретін қыз балаларға тіккізеді. Негізінен қазір ата-аналар дүкенде немесе базарда сатылатын дайын киім-кешекті сатып алады. Өлшемі сәйкес келмесе біздерге әкеліп, жөндетеді, – дейді тігінші Зейнекүл Тапатқызы.

Тігіншінің қызмет көрсету бағасын сұрағанымызда бағаны онша қымбаттатпайтынын айтты. Мәселен, шалбарды қысқарту 500-700 теңге болса, юбка-кофтаны өлшеміне қарай жөндеу 1000-2000 теңге аралығында. Жаңадан сарафан тіккізетін болсаңыз өлшеміне қарай 2000-4000 мың теңге төлейсіз.

Баланың киім-кешегін түгендеп болдым дегенде, әрі қарай сауданы оқу-құралдарына қарай жалғастыратыныңыз айдан анық. Бұл жақтың саудасы тіптен қызып тұр. Түрлі-түсті, көздің жауын алатын оқу саймандарынан көз сүрінеді. Дәптер мен қаламсаптың сан алуан түрі, сурет дәптері мен қаламұштағыш, картон-қағаз, еңбек сабағына арналған бұйымдардың барлығын таба аласыз. Осының барлығын түгендеу үшін кем дегенде 10 мың теңге жұмсайсыз. Айталық, бұл бір баланың қажетіне кететін сома екенін ескеріңіз.

«Бар жақсылық балаға», «Қуанса, бала қуансын» дейтін халықпыз. Сондықтан бар жақсы мен тәуірді алып беруге тырысатын ата-анаға мектепке әзірлікті ерте бастасаңыз, таңдау да, талғам да жақсы болумен қатар, көңіліңіз де тоқ болатынына сеніңіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден
15 тамыз 2023 ж. 209 0