Мектепке дайындық: Базар бағасы құбылмалы
Биыл ауданға қарасты 17 білім ошағында 8334 бала дәстүрлі форматта оқитыны мәлім. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пандемия уақытында барлық жағдайды ескере отырып, мектеп формасы міндетті емес екенін айтты. Елдегі ахуалға байланысты классикалық үлгідегі киім киюге мүмкіндік берілді. Дегенмен тамыз айының алғашқы он күндігінен бастап, ата-аналар балаларына мектеп формасын алуды бастап кеткен болатын. Мақаланы жазу барысында нарық бағасындағы киімдерге жергілікті халықтың қалтасы көтере ме, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардың жағдайы жеткілікті деңгейде ме? деген сауалдарға жауап іздейтін боламыз.
Бір отбасында орташа табыс көзімен есептегенде әр баланы толықтай мектепке дайындау үшін 100 мың теңгеден көп қаражат керек екен. Соңғы уақытта ата-аналар тарапынан мектеп формасына қатысты қызу талқылау жүріп жатыр. Әлеуметтік желілерде балаларға алынатын киімдердің сапасы жөнінде көптеген адам пікір алмасуда. Көбісі қазіргі уақытта қымбатшылық мәселесі алаңдатып отырғанын алға тартады. 1 қыркүйектен бастап, дәстүрлі форматта оқитын оқушылар қатарында бір үйдің 4-5 баласы болуы бек мүмкін. Мұндай жағдайда көп балалы отбасыға оқушының оқу құралдары мен мектеп формасынан бөлек, классикалық және спорттық киім алуға 400000-500000 теңге көлемінде қаражат жұмсалуы керек.
Ендігі кезекте әр баланың жан басына шаққанда жұмсалатын қаражат көлемін есептеп көрсек дейміз. Мәселен, қыз балаға арналған кофталар бұрындары 5000 теңгеден сатылса, бұл жолы екі есе бағада саудалануда. Сонымен бірге белдемше 5000-7000 теңге аралығында, спорттық аяқ киім 8500 теңге, спорттық киімді 9000-12000 теңге аралығында алуға болады. Ал ер балаға сапасына қарай туфли 6000-20000 аралығында, костюм-шалбар салыстырмалы түрде 15000-25000 теңге аралығында екенін айта кеткен жөн.
– Менің мектеп жасындағы 3 балам бар. Қызылорда қаласына барып, базар бағасына қанықтық. Қымбатшылық бүйірден қысып тұрғаны жасырын емес. Біз секілді жүздеген ата-ана балаларын киіндіріп әлек. 3 балама толықтай керегін алмасақ та, бірсыпыра киіндірдім. Нарықтағы бағаны есептей келе оларға 120000 теңге қаражат жұмсалды. Әрбір баланың талғамы бөлек. Өзге елден тасымалданатын киімдердің сапасы бөлек екеніне көз жеткіздік. Кейбір мектеп формасы тым сапасыз тігілген. 1-2 айда жарамсыз күйге ұшырайтын киімдерді алуды ата-аналар қаламайтындығы барлығымызға белгілі. Сондықтан көп балалалы отбасылардың жағдайына қарау керек секілді, – дейді кент тұрғыны Самал Сұлтанбаева.
Өз кезегінде жоғарыда көтерілген мектеп формасы жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің пікірін назарлаңызға ұсынбақпыз.
– Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Cонымен қатар педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданды, – дейді министр.
Ағартушы саланың жетекшісі алдағы уақытта мектеп формасы мен классикалық киім үлгісіне қатысты бірнеше факторды алға тартады. Жауапты ведомства өкілдері еліміздегі эпидемилогиялық жағдай мен кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты осындай шешім қабылдаған.
«Жиған-тергенім балаларым үшін» деп жүрген ата-ана оқу құралдарын алуға да едәуір ақша жұмсайды. Мәселен, сөмкенің бағасы 5000-10000 теңгенің аралығында, дәптер 20-25 теңге, қаламсап 30-100 теңге болады. Жалпы, мектеп құралдарын, сөмкені есептемегенде 5000-6000 теңге көлемінде сатып аласыз.
Соңғы 8 жылда кеңсе заттарын сатумен айналысатын жеке кәсіпкер Жанат Ыбрай өткен жылмен салыстырғанда базар бағамы бірнеше есе көтерілгенін айтады.
– Біз тамыз айының басында дәптерді 20 теңгеден сатып алған болатынбыз. Оқу маусымы басталуға жақын қалғанда ол бағаға 3 теңге қосылды. Барлық оқу құралына қатысты бағалар жиі көтеріліп тұрады. Пандемия уақытында тауарларды жеткізу, тасымалдау мәселесі қиындық соқтырады. Алдағы уақытта аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға жұмыс жасаймыз. Оқу құралдарының сапасына да мән берген абзал. Бір отбасында 4 бала мектепке барады десек, 4 қаламсап, 4 сурет салуға арналған бояу, 4 сызғыш, сурет салатын дәптер қажет етеді. Бұдан басқа да оқу құралдарын ай сайын алуға тура келеді. Мұндай жағдайда мол қаражат жұмсалатыны түсінікті. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар Қызылорда қаласына бармай-ақ, аудан орталығынан керекті тауарларын тапқанына жылы лебіздерін білдіріп жатады, – дейді Жанат Ыбрай.
Ауданда биыл 800-ден аса оқушы 1-сыныпқа барады. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған баласына ата-ана 50000-60000 теңге көлемінде қаражат жұмсайтын көрінеді. Демек аудандағы 800-ге жуық отбасын базардағы мәселесі бей-жай қалдырмайды. Сонымен бірге эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты тұрғындар дәстүрлі форматтан онлайн форматқа ауысуы мүмкін деген жорамал жасап жүр. Көпшілік арасында онлайн оқыған жағдайда мектеп формасы қажетсіз болып қалуы ықтимал деген сан алуан пікір де жоқ емес. Сондықтан әзірше балаларға тек классикалық киім үлгісін таңдаған дұрыс секілді.
Аудандық білім бөлімі жыл көлемінде «Мектепке жол» акциясын өткізуді жоспарлауда. Жергілікті меценаттардың қолдауымен аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан 1660 балаға көмек көрсетілмек. Нарық бағасы бүйірден қысып, қымбатшылық жайлаған уақытта қайырымды жандардың шапағаты көптеген отбасыға жылу сыйламақ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ