Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамзаттың саулығына қызмет етеді

Адамзаттың саулығына қызмет етеді

Сахан Бекжанов – 26 жылдан бері туған ауылының мал шаруашылығының дамуына қызмет етіп келеді. Биыл бірінші мәрте кәсіби мерекесін атап өтетін ветеринар ауданның Асқар Тоқмағамбетов ауылында табан аудармастан еңбектенуде. Небәрі 20 жасында осы қызметке келген ветеринар маман ауыл халқының алғысына бөленіп, мал-жанның амандығына, қайнаған тіршіліктің ортасында, адамзаттың саулығы үшін қызмет етуден шаршаған емес.

Сахан Зар­лықұлы өзі еңбек етіп жүрген Асқар ауылының тумасы. Ветеринария саласына Қызыл­орда қаласындағы совхоз-техникумды бітірген соң 1998 жылы келеді. Алғашқы еңбек жолында ветери­нариялық фельдшер болып бастап, ауыл­дағы ветеринариялық пункте абыройлы қызмет атқаруда.


– Ветеринария саласын таңдауым бекер емес. Ата-анам қарапайым ауыл адамдары болды. Әкем марқұм совхозда механик болып зейнеткерлікке шық­қанша жұмыс істеді. Анам Масаты 9 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты жан. Отбасының жағдайын жасап, өмір бойы үй шаруасында болды. Ауыл баласы ретінде көзімді ашқалы мал шаруашылығымен ай­налыстық. Ауылда тұ­рақты мал дәрігері бол­мағандықтан, ата кәсіпті дамытуға өз үлесімді қосқым келді. Осылайша ветеринария саласына келдім. 2021 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттен ветеринария мамандығы бойынша жоғарғы білім алдым. Қазіргі уақытта ветеринариялық пунктің меңгерушісімін. Қарамағымда 3 көмекші-маман бар. Атқарып отырған қызметіміз малдың саулығы үшін малды дәрілеумен айналысамыз, диагностикалық іс-шаралармен байланысты қан алу, егу қызметтерін атқарамыз, – дейді өз ісінің маманы Сахан Бекжанов.

Иә, мал шаруашылығы өте күрделі де ауыр сала. Бұл салада маман ең бас­тысы адаммен қарым қатысты дұрыс жасауы, тіл табысуы керек. Одан кейін малмен жұмыс істейді. Маманның біліктілігін арттыруы да маңызды. Себебі қай салада болмасын қазір еніп жатқан жаңалықтар көп.
Саналы ғұмырын ветеринарияға арнаған маман бұрынғы кездегі жұмысы мен қазіргі кездегі қызметін салыстыруға келмейтінін айтады. Бұрын салаға жасалған жағдай болмаса, қазір жұқпалы аурулардың алдын алуға қатысты барлық жаңашылдықтар өте көп. Салаға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы, техника тағы басқа қажетті құралдардың барлығы бар. Жылына екі мәрте қан алу жұмыстары төрт-түлік малдың арасында жиі таралатын бруцеллез ауруына қарсы алынады. Бұл аса қауіпті дертпен күресу қолдағы малдың қанын тексерумен басталады. Ауруға ұшыраған малды дер кезінде анықтап, оны жоюға жіберу ветеринар маманның жауапкершілігінде. Маманның айтуынша сібір жарасына қарсы жылына бір мәрте егу жүргізілсе, аусыл, күл, қарасан, оба, құтыруға қарсы егу жұмыстары да ауылдағы ветеринар мамандардың күшімен атқарылады.

– Қазір Асқар Тоқмағамбетов ауылында 3400 бас мүйізді ірі қара малы, 530 бас қой мен ешкі, 2060 бас жылқы, 134 бас түйе, 500 тауық болса, 115 ит тіркелген. Бұл жануарларға жыл сайын түрлі ауруға қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Жылына 2 рет бруцеллезге қарсы қан алынады. Тұрғындарға ескертетініміз, сырттан мал әкелінгенде, оны оқшаулап, жұқпалы дертке тексерілгеннен кейін ғана басқа малға қосуға болады. Әсіресе, қой мен ешкіден жұққан бруцеллез аса қауіпті. Ол адамға жұққанда сал ауруына шалдықтырады. Бүгінде толыққанды емі табылмағандықтан, бруцеллезге шалддыққан малды дер кезінде анықтау маңызды. Бұрын ауылда бруцеллез ауруына шалдыққан мал саны жүздеп тіркелсе, биыл 2 бас анықталды. Ал өткен жылы 5 бас малдан бруцеллез ауруы тіркелді, – дейді тәжірибелі маман.

Мамандығын мақтаныш ететін ветеринар адамзатқа жануарлардан жұғатын аурулардың әсері қаншалықты орасан болатынын айтады. «Медицина адамды қорғайды, ал ветеринария адамзатты қорғайды» деп айтылуы бекер емес. Себебі, ветеринария саласындағы, мал шаруашылығындағы туындаған кез келген мәселе ұлт саулығының нашарлауына дейін әкеледі. Сондықтан ата кәсіпке айналған саланың дамуы халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне аса қажет.

Төрт-түліктің қауіпті кеселге шалдығуын болдырмай, уа­қытпен санаспай күні-түні қыз­метін ауыл тұр­ғын­дарынан аямай отырған Сахан Зарлықұлы ауыл тұрғындарының риза­шылығына бөленген маман. Өнегелі отбасының иесі жұбайы Әселмен Әсет, Назгүл, Бекзатхан, Ерхан есімді перзент тәрбиелеп, алдыңғылары жоғары білімді маман атанса, кейінгі балалары да жоғарғы оқу орнының студенттері.


Туған ауылдың дамуына, оның ішінде мал шаруашылығының өркен­деуіне атсалысып, төрт-түліктен алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз етіп отырған ветеринар мамандардың мәртебесі қашан да биік болуы тиіс.

Бибісара ЖАНӘЛІ
10 шілде 2024 ж. 153 0