Білікті ауыл ветеринары
Бүгінде мал шаруашылығы мамандығы Қазақстандағы сұранысқа ие мамандықтың бірі. Өйткені ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласы, бұл саланың білікті мамандарынсыз халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкін емес. Өткен ғасырларда осы қызметті зерттеген ғалымдар академик И.П.Павлов, Евсеенколар «Медицина адамға қандай қажет болса, ветеринария ауыл шаруашылығына сондай керек» деген екен. Қалжан ахун ауылының тұрғыны Абай Бодыбаев 20 жылдан астам уақыт халықтың игілігі үшін еңбек етіп, осы саланы игеріп, қыр-сырын меңгеріп жүрген білікті маманның бірі.
Қалжан ахун ауылдық ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Абай Қонысбайұлы бұрынғы Қызылдихан, қазіргі Мәлібаев елді мекенінде дүниеге келген. Бала күнінен мал бағып, төрт түлікті баптауға жақын болған ол 1995 жылы мектепті бітіріп, 1996 жылы Қызылорда облыстық мал шаруашылығы колледжіне оқуға түседі. 1997 жылы 1 курсты аяқтаған сәтте әскер қатарына шақырылып, оқуын уақытша тоқтатып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерден аман есен азаматтық борышын өтеп келген соң оқуын қайтадан жалғастырып, веттехник мамандығын алып шығады. Өз ісінің білікті маманы алғашқы еңбек жолын 2001 жылы өзі туып өскен Қалжан ахун ауылының ветеринариялық пунктінен бастап, бүгінге күнге дейін қажырлы еңбек етіп келеді.
Қалжан ахун ауылдық ветеринариялық пунктінде бүгінгі таңда 1 ведтехник, 1 дәрігер, 1 ведмеңгеруші жұмыс жасауда. Ветеринариялық пункт мамандарының айтуынша жазды күндері ящурь, асқорыту жүйесінің ауруы көп тарайтын көрінеді. Дер кезінде уақытылы ем-дом жасап, аурудың алдын алу жұмыстары жасалынып отырады. Одан бөлек жылына екі рет, көктемде және күзде ірі қара малға вакцина салынып және қан талдамасын алып тұрады екен. Ірі қара мал көбінесе көктем мезгілінде көп ауырады.
– Бұл мамандыққа кішкентайымнан жаным жақын болды. Бала күнімнен мал бағып, ата-анама қолғабыс етіп көмектесуге тырысатынмын. Өзіміз ауылдың баласы болған соң, үйде төрт-түлік малының бәрін ұстадық. Солардың бір жері ауырып қалса, білетін адамдай қасынан шықпаймын, солай осы мамандыққа деген қызығушылығым ояна бастады. Орта мектепті аяқтаған соң мал дәрігері боламын деп шештім. Негізінде, әр мамандықтың өз қиындығы болады. Мал адам сияқты емес. Қай жері ауырып тұрғанын айтпайды. Ауылдың тұрғындары ірі қара малдарын маған сеніп тапсырады. Малдары ауырып қалса күн-түн демей барып, сол ірі қара жазылғанша жүреміз. Бүгінде Қалжан ахун ауылында 1190 бас ірі қара, 952 қой-ешкі, 948 бас жылқы тіркелген. Алдағы уақытта тағы да тіркеуге алынатындар бар. Ауылға сырттан бөтен мал әкелінсе, басқаларына қандай да бір зиянын тигізіп кетпес үшін және ауру жұқтырудың алдын алу мақсатында бірден 1 айға дейін карантинге жабамыз. Сырттан келген малға сырға салып, құжатын дайындап, вакциналарын саламыз. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы малдарының аса қауіпті аурулар тізбесіне кіретін, соның ішінде сібір жарасына, пастерелезге, МІҚ нодулярлы дерматитіне, қарасанға, жылқының маңқасына, құтыру ауруына барлық мал түрі бойынша қарсы екпе егіліп, туберкулезге мал басы тексеріліп, жоспар толық орындалды. Жұмысымызды тиянақты атқарып, азаматтық міндетімізді орындаған сәтте халықтың алғысы мен батасын алып, шын ықыласына бөлену біздер үшін үлкен құрмет, мәртебе, – дейді білікті маман.
Игілікті істің жаршысы болып, күндіз-түні уақытпен санаспай жұмыс жасап жүрген білікті маман Абай Бодыбаев бүгінде аяулы жарымен 3 ұл, 1 қыз тәрбилеп отырған асқар тау әке. Өзінің ізбасары ұлы Асылжан әкесінің жолын қуып, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білім алып, қазір ізденіс үстінде жүр.
Алтынай ЖҮНІСОВА