Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қажырлы еңбегі құрметке бөледі

Қажырлы еңбегі құрметке бөледі

«Мал баққанға бітеді» деген де сөз бар. Ата кәсіп мал бағу болса, оның өнімі тұрмыс-тіршіліктің көзі болған. Қазіргі кезде малдың бабын тауып, сапалы ет өндіріп, оны табыс көзіне айналдырғандар көп. Біздің бүгінгі  кейіпкеріміз осы саланың нағыз маманы. Малдың саулығына, жай-күйі­не жауапты жұмысты абыроймен ат­қар­ған ветеринар дәрігер Тасболат Төкманұлын ауданда білетіндер қатары көп.

Тереңөзектік Тасболат Төкманұлы – ве­теринария саласы­ның ардагері. Ол қырық жылдан астам уақыт аудан­да мал дәрігері болған білікті де тәжірибелі маман. Жасы 72-дегі ақса­қал­дың бай тәжірибесіне осы күнге де­йін жүгінетіндердің қатары қалың. Қай кезде де жөн сұрағанның меселін қайтар­майтын мал дәрігері төрт түлікте кездесетін жұқпалы аурулар туралы айтудан, кеңес беруден жалыққан емес.

Тасболат ағамен әңгіме барысында оның есімі тегіннен тегін берілмегенін білдік. Анасы Жақсыбала Есбосынова­ 14 құрсақ көтеріп, алдыңғы 8-ін жер қой­нына тапсырғаннан кейін тоғызыншы болып дүниеге тағы да ер бала келеді. Алланың берген перзентінің кіндігін туыстары тасқа қойып, балтамен кес­кен екен. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері Төкман Боханның жақыны Айнияз ағайыны сәбиге ырымдап сол кезде «Тасболат» деп есім береді. «Тастай болып қатып қалсын» деген ырыммен. Қазақтың ырымы қай кезде де тура келеді емес пе, Құдайдан сұрап алған шақалақ дені сау болып өседі. Анасы мұнан соң да артынан 5 бірдей ер баланы өмірге әкеледі. Бауырларына қамқор болған азаматтың Марат, Мақсұт, Мұ­рат, Бағдат, Бақыт атты інілері бар.

– Тереңөзек – туған жерім. Осында дүние­ге келіп, мектепке бардым. Әкем соғыстан кейін ауданда мал бор­дақылау, дайындау мекемесінде малшы болып жұмыс істеді. Кейіннен жыл­қы бақты. Әкем өмір бойы мал бақ­қаннан болар, мен де төрт түлікке жақын болдым. Мектепті бітірген соң Ал­маты зоотехникалық мал дәрігерлік институтқа оқуға түстім. Институт қа­быр­ғасында жүргенімде әскери кафед­рада оқып, оқу бітірісімен 3 ай Жаркентте әскери бөлімшеде дайындықтан өттім. Лейтенант шенімен ветеринария қызметіндегі радиолог-токсиколог мамандығын қоса алдым. Ең алғашқы еңбек жолым 1973 жылы басталды. Туған жерге оралып, аудандағы ауыл шаруашылығы басқармасының сол кез­дегі бастығы Сәмит Далдабаевтың қо­лы­мен 8 қазанда бұйрығымды алдым. Аудандық ветеринарлық стансаға мал дәрі­гері болып қызметке келдім. Мал дәрігері ретіндегі негізгі міндетім – мал мен адамға ортақ жұқпалы аурулардың алдын алу, ауру малды емдеу болатын. Бруцеллез, сібір жарасы, туберкулез секілді адам мен малда кездесетін аурулардың алдын алып, ауруға шал­дыққан малды емдедік. Тәуелсіздік жылдарына дейін ауданда 18 мыңға жуық ірі-қара мал болды. Күні-түні егумен айналысып, сараптамаға қан аламыз. Мұнан басқа 1,5 мың түйе, 3 мыңдай жылқы, екі қой шаруашылығында Қа­ракөл мен Іңкәрдарияда 80 мыңдай қой болды. Міне, осы малдың саулығын қадағалау мал дәрігерлеріне жүктелді. Әрине, әр совхозда мал дәрігері, екі­ден көмекшілері болатын. Біз мал дә­рі­герлерінің қасында жүріп, қандай дәрі егу керектігін айтып, мал фермаларын аралаймыз. Бруцеллез ауруы анықталса, етке өткіземіз. Есімде, облыс орталығындағы ет комбинатында 1 күн санитарлық күн болатын. Осы күні комбинатқа бруцеллезге шалдыққан малды апарамыз. Онда ыстық-құрғақ будан өңдеуден өтетін мал еті шұжық дайындауға жіберілетін. Ал Қаракөл сов­хозында мал зауыты жұмыс істеді. Ол зауытта жұқпалы ауруға шалдыққан малдың еті мен сүйе­гінен арнайы ұн жасалатын. Шыққан өнім малдың же­міне қосылатын дәруменге айналады. Қайнаған жұмыс бір сәтке де тоқта­майтындай көрінетін. Мал бар жерде елде тоқшылық, береке болады, – дейді байырғы мал дәрігері.

Ауданға қарасты шаруашылықтарда бас мал дәрігері мен ветеринарлық тех­­ник­тердің жұмысы таңның атысымен бас­талған. Қараөзек, Іңкәрдария ауы­лын­дағы фермаларда мал емдеу пунктері жұ­мыс істеген. Мұнан басқа ау­данда 3 ветеринарлық учаске болған. Учаскенің дәрігерлері жеке адамдардың малын емдеп, егу жұмыстарымен ай­налысқан. Қайт­кен күнде мал басын аман алып қалу, жұқ­палы аурулардың алдын алу, ауру малдарды анықтап, оқшаулау секілді міндетті атқарған.

Алғашқы еңбек жолында біраз тә­жірибе жинап, жұмысының қыр-сы­рына қаныққан Тасболат Төкманұлы 1984 жылы бұрынғы Ильич атындағы совхозға, қазіргі Ақжармаға бас мал дә­рігері болып қызметке барады. Осында 1991 жылға дейін жұмыс істеп, кейін ауданға қайта ауысады. 1997 жылы ау­дандық мал дәрігерлік стансасы бо­йынша диагностика жөніндегі жауапты орынбасары қызметіне тағайындалды. 1999 жылы ветеринарлық станса тарап, мекеме бақылау және қадағалау инспекциясы болып қайта құрылымдалады. Инспекция саласында ветеринариялық инспектор қызметін зейнеткерлікке шық­қанға дейін абыроймен атқарады.

Білікті маманның қызметі қай кезде де сұранысқа ие. 2014 жылы зейнетке шықса да, ауданда ветеринариялық бөлімде мал дәрігері қызметін тағы да 3 жыл бойы атқаруына тура келеді. Мем­лекеттік қызметте де еңбегі сіңген ма­манның еңбек өтілі тура 44 жылды құрайды. Ауданның ауыл шаруа­шылы­ғы саласының дамуына осынша жыл қызмет еткен еңбек ардагері жауап­ты да қиындығы мол қызметті бірге өткер­ген, қатар жүрген азаматтар туралы да жылы пікірде.

– Ауданның атын шығарған Қара­көл, Іңкәрдария шаруа­шы­лықтарында мың­ғырған мал болды. Малдың жағдайын бақылау, қадағалау аса жауапты міндет еді. Күндіз-түні жүктелген міндетті абы­роймен атқаруға тырыстық. Бірге қыз­метте болған Қайырбек Жүсіпов, Өміртай Әбжәлиев, Әлмағанбет Төре­баев, Болат Қал­мағанбетов өз ісінің нағыз мамандары болды. Осындай азаматтармен қатар жүріп ветеринария саласында қолтаңбамыздың қалғанына ризамыз, – дейді сала ардагері.

Абыройлы азамат қажырлы еңбегі­нің арқасында көптеген марапат иесі атанды. ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің «Құрмет грамотасынан» бастап, облыстық басқарма, облыс әкімі, аудан әкімінің «Құр­мет грамо­тасы» мен «Алғыс хаты» – нәти­желі қызметтің жемісі. Сонымен қатар ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалі де бар. Ал ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалін Жаңа­қорған ауданында тау бөктерінде 2017 жылы өткен «Малшылар слетінде» сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолы­нан алғаны ардагердің қуанышын еселей түскен. ҚР «Ел құрметі», «Сырдария ауданына 90 жыл» мерекелік медалі де – қажырлы еңбек нәтижесі.

Ардақты, елге қызметімен абыройлы болған азамат – отбасының тірегі. Жұбайы ардагер-ұстаз Гүлшат Бөрітова екеуі саналы ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Алмасы мен Қуаты өмір­ден өтіп кетсе де артынан ерген ба­уырлары Айгүл, Самат, Әсел, Маржан бір-бір мамандық иесі атанып, еліміздің түкпір-түкпірінде сан салада қызмет етеді. Олардан 13 немере сүйіп отыр­ған қос қария ұрпағының қызығын кө­ріп отыр.

Бибісара ЖАНӘЛІ
03 желтоқсан 2022 ж. 232 0