Мемлекеттік қызмет мерейін өсірген
Саналы ғұмырының 34 жылын мемлекеттік қызметке арнаған Құрманкүл Ахметованың есімі аудан жұртшылығына етене таныс. Ол Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып қызмет етіп, құрметті зейнет демалысына шықты. Сыр өңірінің бас шаһарында дүниеге келген Құрманкүл Камаладинқызы ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында білім алды. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында жұмысшы болып бастаған мемлекеттік қызметкер 1979 жылы Алматы қаласындағы зооветеринарлық институтына оқуға түсіп, аталған оқу орнынан 1984 жылы мал дәрігері мамандығын алып шыққан.
Ауылда аға мал дәрігері болып 3 жыл абыройлы болып еңбек еткен Қ.Ахметова қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, саяси оқуларды жүргізді. Сонымен қатар ауылдық кеңеске депутат болып сайланып, ел игілігі үшін қызмет атқарды.
1987 жылдан бастап ол ауылдың экономикалық дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып, аянбай еңбек етті. Осы уақытқа дейінгі өзінің 34 жылдық еңбек жолында сегіз әкіммен бірлесіп қызмет атқарды. Құрманкүл Камаладинқызы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламаларының іске асуына атсалысып, ауданның, ауылдың өркендеуінде уақытпен санасқан жоқ. Қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, мемлекеттік қызметтің майталманы атанды.
Мерейлі қызметте жүріп, міндеттерді жауапкершілікпен атқарғаны үшін облыс аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Өткен жылы құрметті зейнет демалысына шыққан ардақты жан жыл қорытындысымен облыс әкімінің «Алғыс хатын» иеленді. Сонымен қатар ол «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.
Қ.Ахметова өмірлік серігі Тұрсынбек Сұлтанұлымен бірге бес бала тәрбиелеп, өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығын көруде. Жолдасы зейнет демалысына шықса да шаруа қожалығын құрып, мал өсірумен айналысады. Сонымен бірге бау-бақша егіп, балалары мен немерелерін еңбекке баулып келеді.
– Өзім мемлекеттік қызметші болып қызмет атқарғаннан кейін балаларым менің жолымды қуып мемлекеттің көркеюі үшін әр саланың тізгінінде жүр. Үлкенім Еркін – мұғалім, екінші балам Ержан – мұнай саласының қызметкері, қызым Алтынай – мемлекеттік қызметші, Нұржаным – экономист-есепші, кенже ұлым Біржан – медицина саласында қызмет атқаруда. Балаларым мен немерелерімнің әрбір жеткен жетістігіне қуанамын. Келешекте мемлекетімізге адал қызмет атқарар тұлға болатынына сенемін, – дейді аяулы ана.
Ұзақ жыл мемлекеттік қызмет саласында қыруар жұмыс атқарған Құрманкүл Ахметованың өнегелі өмірі көпке үлгі.
Айдана ҚАЛИЕВА