Қайраткер тұлға
Алмагүл Божанқызы – Сырдария ауданының тарихында 1991-1997 жылдар аралығында республикада аудан әкімі болған бірінші әйел болды. Мемлекет үшін қиын кезеңде аудан басқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Қажырлы қызметтің арқасында Қызылорда облысының, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы «Құрмет белгісі» және «Парасат» орденінің иегері атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының құрметті депутаты болды.
Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұрпақтар сабақтастығын жалғап, өмірінің соңына дейін қоғамда бағалы қызмет атқарып келген мемлекет және қоғам қайраткері 78 жасында өмірден өтіп, Сыр елі орны толмас қайғыға душар болды.
Алмагүл Божанованың өнегелі өмір жолы 1946 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келгеннен басталады. Алғашқы қызметін Шаған ауылында балабақша меңгерушілігінен бастап, комсомол және партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Тереңөзек ауданы әкімі қызметінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын көтеруге баса назар аударды. Өмірден озғанша «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде ұлттық құндылықтарды жандандыруға атсалысты. Есімін аудан, облыс, тіпті республика жұртшылығы жақсы біледі десек артық айтқандық емес. Өйткені, Алмагүл Божанқызы қайраткерлік болмысымен ел мүддесі жолында абыройлы еңбек етті. Өзінің отбасы, өскен ортасы мен алған тәлім-тәрбиесі туралы кезінде қайраткер тұлға былай деп әңгімелеген еді:
– Жарық дүниеге көзімізді ашқаннан кейінгі тәрбиеміз отбасынан, ата-анамыздан, бауырларымыздан басталды. Менің отбасым, ата-анам еңбекті пір тұтатын, ақпейіл, адал жандар еді. Балаларын адал еңбек етуге, кісінің ала жібін аттамауға, бардың қадірін білуге, үлкенді сыйлауға, қарапайым болуға тәрбиеледі. Осы қағидаларды біз бүгінгі уақытқа дейін берік ұстап келеміз. Әкем Божан Күшенбаев пен анам Кенже Есенқараева – ұжымдық шаруашылық кезеңінде егін шаруашылығында еңбек еткен жандар. Бірге туған бауырларым – механик болып жұмыс істеген, бесаспап, қолынан бәрі келетін, адам баласына тек қана жақсылық жасап жүретін аққөңіл үлкен аға Әбдіхалық, 40 жыл ұстаздық еткен апам Базаркүл, майталман еңбек адамы, механизатор-күрішші, өндіріс бригадирі, кіші аға Әбсадық бұл дүниеден өтті. «Бірге тумақ бар да, бірге жүрмек жоқ» деген осы шығар.
Өзім бұрынғы Тереңөзек ауданы, Қызылөзек елді мекеніндегі №132 орталау мектебінде білім алдым. Отбасынан кейінгі тәрбиені сол білім ошағындағы ұстаздар берді, – деген болатын А.Божанқызы.
Тереңөзек ауданында дүниеге келіп, осында мектеп бітіріп, училище, институт бітірген соң туған елде қызмет атқару бақыты бұйырады. Тереңөзек ауданының Шаған ауылында балалар бақшасының меңгерушісі ретінде осы елдің үлкен-кішісімен араласып, шаруашылықтың барлық қоғамдық өміріне, өсуіне үлес қосады. Н.Ілиясов ауылындағы өзі оқыған мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқара жүріп, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге ұйытқы болады. Одан кейінгі уақыттарда Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектептің директоры, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы, Тереңөзек аудандық Кеңесі атқару комитетінің орынбасары және төрағасы, Тереңөзек ауданының әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы қызметтерінде жүріп, елмен біте қайнаса еңбек етеді.
«Алғашқы еңбек жолынан бастап әрі қарайғы мемлекеттік қызметтерді атқарғанда көп қиындықтар көргенім жоқ. Өйткені, ауданның барлық кадрларын, тұрғындарын білемін, жерін, суын, егінін, малын көріп өстім. Бізді мектепте оқып жүргеннен бастап шаруашылық жұмыстарына араластырды, күріш отадық, малға шөп ордық.
Ең бастысы, «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деп жатады. Менің қызметтегі ұстазым білікті басшы, көрнекті қоғам қайраткері, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаев болды. Ол кісінің мектебінен өту – үлкен қалалардағы университетті бітірумен бірдей. Шаруашылықтың қыр-сырын әбден үйретіп, содан кейін барып жұмсайтын. Темірдей тәртіптің адамы берген тапсырмасын үнемі бақылап отыратын. Сол кісімен бірге қызмет атқарған аудан басшылары Қожахмет Бекқожаев, Елеу Көшербаев, Көбейсін Исаев, Мақсұт Әбдіразақов сынды тұлғалардың да үлкен ықпалы болды. Дәл сол кезде біздің ауданды осындай бір шоғыр бекзат азаматтар басқарды. Саясат сахнасында шыңдалуыма сол кісілердің үлкен көмегі тиді. Сонымен қатар өзім қызмет атқарған аппаратта, жалпы айналамда қабілетті жас кадрлар көп болды. Сондықтан да түсіністікпен, сыйластықпен, сенімді түрде жұмыс атқардық. Осы жерде бір айтайын дегенім, өз туған жеріңде жұмыс істеу оңай емес. Жоғарыда мен ауданды жақсы білемін дедім ғой, өз кезегінде аудан да мені жақсы біледі, көз алдарында өстім. Сондықтан жұмыс істеу әдісіңді, стиліңді де өзгертіп, көп ізденуге тура келді, мінезді де көрсетіп алатын кездер болды», дейді қайраткер бүгінде естелікке айналған жазбасында.
Алмагүл Божанқызы ауданға әкім болып тағайындалғанда өтпелі кезеңнің өте қиын шағы болды. Тұрғындарға жалақы берілмеді, зейнетақы мен жәрдемақы тоқтады. Халықтың тұтынатын әлеуметтік маңызы зор азық-түлік қат болды, дүкен сөрелері босап қалды.
Осындай кезеңде ел басқарған әкімнің ең басты жұмысы – аудан халқын жоқшылыққа ұрындырмай, бірлікте, ынтымақта болуына, өз-өздерін асырау үшін қолда барды үлгіртіп, шағын кәсіпкерлікке баулу арқылы елді қиындықтан алып шығу мақсаты болды.
Алмагүл Божанқызының аудан халқы үшін жасаған ерлігі – ауданды сақтап қалуға қатысты шешім болғаны бүгінде көз көрген аға буын өкілдері жақсы біледі. Бұл тағдырлы шешім туралы Мәдениет саласының майталманы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алма Бақтиярова:
– 1997 жылы Президенттің Жарлығымен республикада территориялық өзгеріс болып, облыс облысқа, аудан ауданға қосылып жатты. Біздің облыста бір аудан қысқаратын болып, «шағын, халқы аз» деп таңдау біздің ауданға түсті. Міне, осы кезде Алмагүл Божанқызының жаны қатты қиналды. Бірнеше ай ұйқы көрмеді, алқалы комиссия алдында ауданды қорғады. Шырылдап тұрып, ауданның шағын емес, жері жөнінен облыстағы алғашқы орындарда, кейінгі уақытта халықтың өсімі бар екенін, ең бастысы өндірілген өнімді жан басына шаққанда облыста бірінші орын алатынын дәлелдеді. Апай сол жиналыста: «Сіздер комиссия мүшелері, егер Тереңөзек ауданын қысқартып, басқа ауданға қосатын болсаңыздар, тарих алдында жауап бересіздер. Келешегі бар, халқы еңбеккеш ауданды қысқартуға болмайды» – деп айтқанын нағыз ержүректілік пен туған жерге деген адалдығы дер едім. Апайдың жүрегі жылады. Оның ойында, санасында «Аудан халқы тағдырын бірінші рет қазақ қызының қолына тапсырып еді, ал ол болса ауданды тарқатып жіберді, сөйтіп «атың шықпаса жер өрте» дегендей, тарихта ауданды тарқатқан қыз болып қалатын болды» деген дауыс жаңғырып тұрды. Ауданды сақтап қалғаннан кейін де «Тереңөзек ауданы» деген атын қалдыру үшін күресті. Мұны да орындауға күші жетер еді, көп адам «Тереңөзек кенті сақталсын, Сырдария деген атаудан қашпа, біздің облысты асырап отырған жалғыз өзен ғой, бір аудан осылай аталғаны дұрыс» деген соң, ақыры көндірген. Апай жайлы әлі талай естеліктер айтылады. Барлығы елім, жерім деп күрескен нар тұлғалы әйелдің бейнесімен байланысты болатыны рас, – деп тебіренді асыл ана.
Қайраткер басшының тағы бір аудан халқы үшін атқарған қызметі – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы күріш егісін бөлшектемей сақтап қалумен байланысты еді. Жоғарыдан «Бәрін жеке меншікке таратыңдар» деген тапсырма келген. Бірақ ауданның әрбір диқаны егісті ауыстырып, ғылыми-агротехникалық талапты орындау керек екенін біледі. Оны бөлшектеген соң күріш егісінің өнімділігі аз болады. Осыны ескеріп, күріш егетін шаруашылықтарды сақтап қалып, ауыспалы егіс танабынан тыс жерлерден шаруа қожалықтарын жасақтап, құс, төрт-түлік мал өсіретін жаңа құрылымдар ұйымдастыруға мұрындық болады. Сондай-ақ қайбір жылдары Сырдарияның суы сең жүрген кезде қатты тасып, ауданды су алып кету қаупі төнген. Сондай бір арпалыста сеңді аудан шекарасынан өткізіп тұрған сәтте күтпеген жерден Тереңөзек кентіне қарай су кетіп қалады. Түн ортасында қолдағы бар техникамен, жиналған адамдармен суды бөгеп, таңға дейін аудан орталығын аман алып қалған. Міне, Алмагүл Божанқызы ауданды басқарған шақта осындай жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болған.
Өзінің өмірлік ұстанымы жайында айтқан сөзінде:
– Ел басқарудағы басты ұстанымым – тәртіп, ынтымақ пен бірлік, экономикалық өсу, әлеуметтік қорғалу, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, кадр резервін жасау. Осындай ұстанымның нәтижесінде аудандағы идеологиялық жұмыстың жаңа бағыт алуына, әлеуметтік салалардың тиімді жұмыс атқаруына, саламатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың озық үлгілерін тұрмысқа ендіруге күш жұмсадым. Сол ұстаныммен халық қалаулысы ретінде де еңбек етіп, тұрғындар мәселесін шешуге бақылау жасауда, облысты дамытудағы басты бағдарламалардың қабылданып, орындалуына атқарушы органдармен бірлесе отырып жұмыс жүргіздік. Менің өмірлік ұстанымым бүгінгі күні де өзгерген емес.
Әрине, халықпен етене жұмыс жасағанда «Әттеген-ай» деген тұстар болды. «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» демекші, ойлаған ойымыз, жоспарланған жұмысымыз толығымен орындалмай қалған кездер орын алды. Оның басты себебі – қаржының жетіспеуі. «Әттеген-ай»-дың ең өкініштісі, бүкіл әлемде жерінен мұнай шығып жатқан елдер бай болса, ал біздің Тереңөзек ауданының (жалға алған болса да) жерінен мұнай өндірілсе де біз оның игілігін толық көрген жоқпыз. Осы жөнінде республикалық, облыстық жиындарда талай рет айттым. Алайда ешкім елемеді. Біздің Тереңөзектің жалға алған емес, өз жерінде де мұнай өндіріледі. Өз кезімде «Тұрғындардың тұрмыстық жағдайын, әсіресе әйелдердің отбасына байланысты жұмыстарын жеңілдете алмадым-ау» деген ойлар қатты мазалады, – деген еді Алмагүл Божанқызы.
Өмір бойы Тереңөзек, Сырдария ауданы деп қам жеген, жұдырықтай жүрегі елжіреген Алмагүл Божанқызы туған жердің қасиетін ерекше бағалады. Ол: «Мен үшін Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданы өте қымбат. Өйткені, біріншіден, қасиетті мекен – менің туып-өскен киелі өлкем. Екіншіден, бұл ауданның халқының ынтымағы, бірлігі берік. Қай істе де әркез сабырлық танытып, барлығын ымырамен шешеді. Сондай-ақ сырдариялықтар еңбеккеш, ұлттық құндылықтарды, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтай алады. Үшіншіден, аудан қарқынды дамып келеді. Аудан орталығы кеңейді, ауыл орталықтары абаттандырылып, келбеті жаңара түскен. Келешегі бар, елін, жерін, тілін, ділін, дінін сүйетін жастар өсіп келеді. Олардың арасынан ғалымдар, жазушылар, қайраткерлер өсіп шығатынына сенімдімін» деп толғады. Бір сөзінде: «Тамырын тереңнен тартқан тамаша тарихы бар, жасампаз да іргелі елдің өткені мен бүгінін келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру – азаматтық парызымыз бен қарызымыз» деді. Осы мүдде жолында «Ердің бағын жандырған Ер Балдырған», «Сыр елім – Жерұйығым», «Сенім жүгі», «Аңыз, абыз адам», «Құдірет пен қасиет», «Көпір», «Сырым мен шыным», «Ғасыр үні», «Ел ардақтылары» атты кітаптары жарық көрді. Өмірден өтер шағында «Ар мен намыс» атты кітапты шығарып, рухани мол мұра қалдырды. Кітаптарында жас ұрпаққа отбасы құндылықтары, тұлғалардың өнегесі, қоғамдық-саяси оқиғалар арқылы қазақстандық патриотизм рухында тәрбие беру, ұлтжанды, біздің ұлттық құндылықтарымызды, тәуелсіздігімізді бағалай білетін ұрпақтың өсіп, жетілуіне ықпал ету мақсаты қамтылды.
Алмагүл Божанқызы ешқашан болдым, шаршадым деген емес. Қай кезде де қоғамнан алыс кетпеді, елдің ортасында болды, етене араласты. Аймақта тағылымды, тәрбиелі іс-шараларды ұйымдастырып, сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді.
Мына жалған дүниемен қош айтысып, келместің кемесіне мініп кете барған алып тұлғаның жарқын бейнесі Сыр халқының жүрегінде мәңгі сақталады.
Бибісара ЖАНӘЛІ