Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет және қоғам қайраткерін құттықтады

Мемлекет және қоғам қайраткерін құттықтады

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Амал мерекесімен қатар келген мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алмагүл Божанованы меншікті мерекесімен арнайы барып құттықтады.

Аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев жылы лебіздерін жеткізді.

– Алмагүл Божанқызы, 1991-1997 жылдар аралығында республикада аудан әкімі болған бірінші нәзік жанды әйелсіз. Сіз қиын кезеңдерде аудан тұтқасын ұстап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне өлшеусіз үлес қостыңыз. Қажырлы қызметіңізбен облысымыздың, ауданымыздың «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы «Құрмет белгісі» және «Парасат» орденінің иегері атандыңыз. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұрпақтар сабақтастығын жалғап, бүгінгі күні де қоғамда бағалы қызмет атқарып келесіз. Сізді Амал мерекесімен қатар келген меншікті мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан басшысы мемлекет және қоғам қайраткеріне Құттықтауын табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Өз кезегінде Алмагүл Божанқызы алғысын білдіріп, қоғамдық музейі және жеке кітапханасымен таныстырды.

Алмагүл Божанова 1946 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Алғашқы қызметін Шаған ауылында балабақша меңгерушілігінен бастаған. Комсомол және партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Тереңөзек ауданы әкімі қызметінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын көтеруге баса назар аударды. Бүгінгі күні "Ұрпақтан-ұрпаққа" қоғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде ұлттық құндылықтарды жандандыруға атсалысып келеді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
15 наурыз 2024 ж. 182 0