Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Хайролла Әбенұлы өмірден озды

«Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Хайролла Әбенұлы өмірден озды

Сырдария ауданының халқы ауыр қазаға душар болды. «Құрмет белгісі» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», өнегелі өмір иесі, абыз қария Хайролла Әбенұлы бақилық сапарға аттанды.

Хайролла Әбенұлы 1937 жылы 10 маусымда Тереңөзек қыстағында дүниеге келді. 1955 жылы аудан орталығындағы М.И.Калинин атындағы №35 мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педогогикалық институтта білім алды. Еңбек жолы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданынадағы Ғ.Мұратбаев кеңшарында орта мектепте мұғалімдік қызметтен басталды. 1962-1967 жылдары Тереңөзек ауданының қазіргі Қалжан ахун ауылындағы №126 мектепте оқытушы болып орналасып, ауданның білім беру саласында қажырлы еңбек етті. 1967-1970 жылдары аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарса, 1970-1985 жылдары Ақжарма ауылындағы партия комитетінің хатшысы қызметінде болды. Ардақты азамат 1985 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін аудан орталығындағы №10 кәсіптік техникалық мектепте оқытушы, директордың орынбасары ретінде еңбек етті. 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды.

Тағылымды тағдыр иесі Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде аудандағы бекем бірлік пен тату тірлікті қамтамасыз ету, аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар беру бағытындағы жұмыстардың барлығының басы-қасынан табылып, жергілікті атқарушы билікке көп қолдау көрсетті. Өмірлік мол тәжірибесі, ағалық ақыл-кеңесі жергілікті әкімдіктердің жұмысының алға жылжуына тікелей әсер етті. Құрметті қария өзінің ақыл-парасатымен, білімімен, қайраткерлік қарым-қабілетімен абырой биігіне көтерілді. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды, бірнеше орден-медальдармен марапатталып, жұртшылыққа ақ батасын арнап, қадірлі қария, ақылшы аға атанды.

Сөз бастаса шешен, іс бастаса көсем, өмір жолы өнегеге толы тұлға ел Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданының өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосты. Елбасының, Президенттің, облыс әкімдерінің өңірге, ауданға жасаған ресми сапарларында орнықты ой, пайымды пікір айтып, халық алғысын жеткізді. Ауданды басқарған әкімдердің бәріне ақылшы ұстаз, жанашыр аға бола білді. Ғұмыры ғибаратқа толы Хайролла Әбенұлының жүріп өткен жолы, атқарған қызметтері, қажырлы еңбектері, өмірлік ұстанымдары, тіпті сөз саптауына дейін тұнып тұрған ғанибет, шежіре еді. Есімі Сыр жұртшылығына белгілі ақсақал қайраткер-тұлға, ел ағасы, абыз ақсақал атанды.

Артына өшпес із қалдырған Хайролла Әбенұлының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Ағайын-туыстарының, ұрпақтарының орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Сырдария ауданының әкімдігі,
аудандық мәслихат,
«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы,
аудандық ардагерлер кеңесі,
аудандық қоғамдық кеңес
07 қыркүйек 2021 ж. 787 0