Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы Алмагүл Божановаға ілтипат танытты

Аймақ басшысы Алмагүл Божановаға ілтипат танытты

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Алмагүл Божановамен кездесіп, мерейлі 75 жасымен құттықтап, ілтипат танытты.

Жиында аймақ басшысы мемлекет дамуы жолында табанды еңбек еткен Алмагүл Божанқызының Сыр өңірін өркендету ісінде айрықша қолтаңбасы бар екенін атап өтті.

- Ел ісіне, мемлекет жұмысына ерте араласқан Алмагүл Божанқызының атына қандай мақтау айтсақ та жарасымды. Ол биліктің биік баспалдақтарынан абыройлы өтіп, Тәуелсіздік жылдарында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бар ынта-жігерімен қызмет етті. Шын мәнінде, Алмагүл Божанқызының Сырдария ауданына басшылық жасаған жылдар Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдеріне тұспа-тұс келген өте күрделі уақыт болатын. Бұл ретте, Алмагүл Божанқызының туған жеріндегі еңбегі елеусіз қалмай, Сырдария ауданы сол жылдары облыста үздіктер қатарынан көрінді, экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастады. Сіздің ізгілікке толы жарқын ғұмырыңыз кейінгі жастарға өнеге болатындай ғибратты жол. Мерейтойыңыз тағы да құтты болсын,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Басқосуда өңір басшысы мемлекеттік қызметте абырой биігінен көрініп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Алмагүл Божанқызына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың құттықтау хаты мен облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысының құрмет грамотасын табыстап, қазақы дәстүрмен қамзол кигізіп, құрмет білдірді.

Мерейтой иесіне арналған жиында замандастары, ардагер Қорғанбек Қайруллаев пен облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова сөз алып, Алмагүл Божанованың ел мүддесі жолындағы еңбегіне тоқталып, жылы естеліктермен бөлісті. Өз кезегінде Алмагүл Божанова аймақ басшысына, өтпелі кезеңде ел игілігіне қызмет еткен жанашыр азаматтарға алғысын жеткізді.

Алмагүл Божанова 1946 жылы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Алғашқы қызметін Шаған ауылында балабақша меңгерушілігінен бастаған. Комсомол және партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Тереңөзек ауданы әкімі қызметінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын көтеруге баса назар аударды.

Облыстық мәслихат хатшысы қызметінде де ерекше қарым-қабілетін көрсетіп, атқарушы органдармен бірге аймақтың даму жолында еселі еңбек етті.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары болған уақытта да билік пен халық арасында ашық диалог орнатып, саяси ұйымның рөлін күшейтуге бар күш-жігерін жұмсады. Қазіргі таңда қоғамдық бағытта игі істер атқарып келеді.
17 наурыз 2021 ж. 603 0