Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлық тарихы бар білім ордасы

Ғасырлық тарихы бар білім ордасы

Жүз жылдан астам тарихы бар білім ордасы Аманкелді ауылында орналасқан. Бір ғасыр бойы ағартушылық қызмет атқарып, ауыл балаларына саналы тәрбие мен білім беріп келе жатқан Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейі бүгінде ауданның білім саласында өзіндік орнын қалыптастырды. Оқырмандарымызға арнайы әзірленген «Білім» бетінде аталған мектептің тыныс-тіршілігі туралы кеңінен айтылатын болады. Алдымен білім ошағының директоры Бағдат Рахменовтің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Бағдат Батырханұлы, мектеп кез келген адамның өмірінде ерекше орын алады. Бар білімнің бастауы болған киелі шаңырақ – сіз басқарып отырған мектеп-лицейдің тарихы тереңде жатыр. Нақты айтқанда, ғасырдан астам уақыт бойы ауыл балаларын біліммен сусындатып отырған, үлкен өмірге жолдама беретін қарашаңырақ. Ауыл мектебінің тарихы­нан сұхбатымызды бас­тасақ...

– Ең алдымен аудан айнасы саналатын, бар жақсылықтың жаршысы бола білген «Тіршілік тынысы» газетінің мерейтойымен шын жү­рек­­тен құттықтаймын. Әрдайым ауданымыздың дамуына ақпараттық қолдау көрсетіп, атсалысып жүрген шығармашыл қауымға тілекші екеніміз­ді айтқым келеді.

Ауыл мектебінің тарихы 1923 жылдан басталады. Осы жылы іргесі қаланып, «Зіңкетер» деп аталған мектепті Абдолла Ағайдарұлы ашқан. Ғани Мұратбаевпен танысып, қайрат­кер тұлғаның тапсыруымен ауыл­да мектеп ашуды қолға алған. Білім шаңы­рағы асармен салынады. Осы игі істі қолдаған бір топ азамат Қылышбай Бисенбайұлы, Махамбет Сенбіұлы, Ағайдар Шалжанұлы мектеп үйін салуға қол ұшын созды. Білім ошағының сұлбасы қазақ ағартушысы Ы.Алтынсариннің мектеп үлгісімен салынғанға ұқсайды. Ұзын­­дығы 30 метр шамасы, ені 25 метр­­­ден астам. Оның тұрқы «Е» әр­піне ұқсас. Көпшіліктің айтуынша, зіңке­терліктер сары кірпішті елді мекенде күйдіріпті. Алғашқыда мектептің төрт бөлмесі салынса керек. Кейіннен қосымша сыныптар қосылған. Мектеп құрылысын Әбубәкір Қалыбаевтың Қызылордадағы Валентин Живков деген досы жүргізіпті.

Бастауыш мектеп ашылғаннан кейін мұнда Киров, Айдарлы, Жас қай­рат, Жаңа тұрмыс, Құлшығанақ, Қызылту елді мекендерінен балалар келіп оқыған. Білім ордасында Құлмағанбет Қоңырбаев, ағайынды Шәріп, Ғаріп Мақсұтов, Валентин Живков (комсомолдарға орыс тілінен дәріс берген) ұстаздық етіп, оқушылардың сауатын ашқан. Олар күндіз шәкірт­терге сабақ берсе, түнде сауаттандыру мектебінде білім берген.

1924 жылы «Зіңкетер» мектебінде үшінші ауылдық Кеңес бойынша (қазіргі Аманкелді ауылы) 17 қыз бала оқу­ға тартылады.

1936 жылы мектеп жетіжылдық болды. Одан соң «Зіңкетер» мектебі Қайырсуатқа көшіріліп, Қызылтудағы онжылдық мектепке айналған.

«Қызылту» мектебі 1950 жылы Ленин атындағы колхозға көшірілді. Осы жылдан бастап В.Ленин атындағы №42 мектеп болып өзгерді. Ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар бірігіп, қам­кесектен «Т» әрпіне ұқсас 13 бөлмелі мектеп үйін тұрғызған. Кейін қосымша бөлмелермен толыққан. Білім ордасында Ленин, Калинин, Қызылту, Киров, Айдарлы, қазіргі Жетікөл елді мекендерінен келіп 307 бала оқыған. Оларға 15 мұғалім сабақ берген.

– Мектеп тарихында ғарышкер Герман Титовтың келуі туралы айтылған. Осы оқиға қандай жағдаймен байланысты болды?

– 1965 жылы ақпан айында Қызылорда қаласында күрішшілердің облыстық ІІ слеті өткен. Слеттің жұмысына Кеңес Одағының екінші ғарышкері Герман Титов қатысып, Аманкелді атындағы совхоз орталы­ғында мектеп оқушыларымен кезде­се­ді. Содан кейін ғарышкердің ықпа­лы­мен 1965 жылы 320 орындық мек­­теп үйінің іргетасы қаланып, ол 1968 жылы 1 қаңтарда пайдалануға беріледі. Сол оқу жылында оқушылар 600-ге жуықтап, білім алушылар саны артқан. Жалпы 1948-1988 оқу жылдары аралығында мектепті 2000-нан астам оқушы бітіріп, ғалым, инженер, дәрігер, мұғалім, ауыл шаруашылығы маман­дары шыққан. Бұл білім ошағын­да ең ұзақ директорлық қызметті абыроймен атқарған «Қазақ ССР-і Халық ағарту ісінің озық қызметкері» Шәкен Байжанова. Ардагер-ұстаз 1963-1991 жылдар аралығында мектеп ұжымын басқарып, өзінің біліктілігін, ұйым­дас­тыру­шылық қабілетін көрсете біл­ген.

Аманкелді атындағы совхоздың еңбек­керлері облыстық кеңестің депутат­тығына сайланған Қазақстан компартиясы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековке аманат ретінде жаңа мектеп салу тапсырылған. Сол кісінің көмегімен ауылда қазіргі үлкен мек­теп жаңадан бой көтерді. 1986 жылы 1 қыркүйекте 624 орындық жаңа типті мектепті колхозаралық құрылыс меке­месінде Қазақстан компартиясы ХVІ съезінің делегаты Иван Иванович Шаб­линский­­­дің басқаруын­да­ғы бригада пайда­лану­ға бер­­ді. И.Шаблинский мектеп үйінің символикалық кілтін мектеп директоры Ш.Байжановаға тапсырған. Қуа­ныш­­ты мерекеде Сырдария ауда­ны парткомының бірін­ші хатшысы Н.Ергешбаев мектеп үйінің лентасын қиған. Сол жылдардағы совхоз директоры Нұрман Жұндабеков, оқушылар комсомол комитетінің секретары Гүлсара Аяшева, мектеп директоры Шәкен Байжанова мектеп үйін мерзімінде іске қосуға атсалысқан мекемелерге алғы­сын білдірген.

– Қазіргі еңсесі биік білім ошағына да 38 жылдан астам уақыт болыпты...

– Иә, мектеп үйі жаңа типтік жобамен салынған. Екі қабаттық зәулім мектепте жақсы жабдықталған ондаған пән кабинеттері, оқу шеберханалары, спорт залы, кітапхана және акт залы бар. Мектеп үйінің жанында жылыжай пайдалануға беріліп, оқушылар қыста да, жазда да көкөністер мен әсем гүлдер өсіріп отырды.

Жыл өткен сайын №42 орта мектеп өсіп-өркендеді. Оның киелі қабыр­ғасынан өрендер білімге сусындап, қанат қақты.

1995 жылы Сыр сүлейі, айтыскер ақын, мектепте ағартушылық қызмет атқарған Қуаныш Баймағанбетовтің 100 жылдығына орай ауыл тұрғын­дарының және Ленин ауылдық кеңесі ономастикалық комиссия төра­ғасы ардагер-ұстаз Сүлеймен Жаманқұлов, осы комиссия мүшелері ұйғарымымен мектепке Қуаныш Баймағанбетов есімі берілді.

1991 жылдың оқу жылынан бастап №42 Қ.Баймағанбетов атындағы орта мектептің директорлық қызметіне Асылхан Дүйсебеков тағайындалды. Ол педагогикалық ұжыммен бірге қажыр­лы еңбегі, шығармашылық жұмыс­тары нәтижесінде біршама игі жұмыстарды атқарды. Осы жылдар аралығында білім ошағы респуб­ликалық деңгейде талай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 1996 жылы қазан айының 26 жұлдызында Алматыдан қуанышты құттықтау жеткен. Республика бойынша 200 мектеп байқауға қатысып, оның ішінде облыстан 2 мектеп жеңімпаз деп танылыпты. Соның бірі – осы мектеп. Сондай-ақ 1996 жылы «Жалпы білім беру мазмұнының жаңа моделі» тақы­ры­бындағы республикалық се­ми­нар кеңесінің, халықаралық «Со­рос-Қазақстан» қоры байқауының жеңім­пазы атанды. 1996-1997 жылы облыстық «Жыл мектебі» атағы берілді. 2000-2001 жылы «Жылдың ең үздік мектебі», «Сорос-Қазақстан» байқауының жеңімпазы және 2001 жылы «Рес­пуб­ликалық таңдаулы мектеп» байқауының лау­­реаты. 2017 жылдың қыр­күйек айы­нан бастап мектеп дирек­торы лауазымына оқу ісі жөніндегі орынбасар Иса Жақыпұлы Әбдіқалықов таға­йын­­далды. Дегенмен, білікті ұстаз ойда жоқта өмірден озды. Ол кісінің осы мектепке жасаған еңбегі зор еді.

– Мектептің ұстаздар қауымы көптен күткен мектеп-лицей статусын алуы да ерекше тарихи сәт болды емес пе?

– Әрине, тарихы тереңде жатқан мектеп 2016-2017 оқу жылы­ның сәуір айында мектеп-лицей мәрте­бесі­не ие болды. Ауылда білім көк­жиегінің өркендеуіне Мырза Жұмабеков, Қайролла Жүсіп­беков, Базарбай Құланбеков, Ләззат Мәлікова, Б.Мырзанова, Д.Сай­дова, П.Миянова, Е.Құлымбетов, Ө.Жақашов, К.Ибадуллаева, Р.Әбуова, Ә.Сейітмұратова, Ш.Жансейітова, А.Ермашова, К.Оспанова, Г.Айбытова, Г.Сейдалиева, Г.Иманбердиева, М.Бегай­дарова жемісті еңбек етке­нін айту керек.

Белгілі ақын есімі берілген мектеп­тің тарихында басшы­лық жасаған білікті ұстаз Зейнұр Жаманқұлов­тың алатын орны ерек­­­ше. Ол 2018-2024 жылдар аралы­ғында басқарды. Осы жылдар ішінде көптеген түлектер жетістікке жетіп, ұстаздарымыз биік белестерге көтеріл­ді. Мектеп-лицей 2021-2022, 2022-2023 оқу жылдарында қатарынан екі мәрте ауданда «Жылдың үздік білім беру ұйымы» атағын жеңіп алуы – үлкен мәртебе.

– Тағы бір оқу жылы аяқ­талды, өткен оқу жылындағы ұс­таздар мен шәкірттеріңіздің жетіс­тікте­ріне де қысқаша тоқталсаңыз...

– Оқу жылын сәтті аяқтадық. 2023-2024 оқу жылында «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезе­ңін­де 10-сынып оқушысы Ақнұр Амангелдиева математика бағыты бойын­ша І орынды, 9-сынып оқушысы Гүлім Қылышбек ІІІ орынды жеңіп алды. «Зерде» ғылыми жобалар конкур­сының облыстық кезеңіне екі жұмыс қатысып, нәтижесінде Айару Сейілхан мен Сая Нүркенқызы ІІІ орынға қол жеткізді. Сонымен қатар БӘДТ пәнінің жетекшісі Жасұлан Құлым­бетов нысана атудан І орын алды. Жас ұстазымыз Піржан Төлеген аудандық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсынан І орын, облыстан І орын, республикадан ІІ орынды иеленді. Қымбат Мажит аудандық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» жас педагогтер байқауынан І орын алып, облыстық байқауда «Сертификат» иеленді.

100 жылдан астам тағылымды тари­­хы бар білім ордасының бүгінгі таң­дағы ұстаздар ұжымы шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде талабы биік табыстарға жетелейтін жемісті еңбегін жалғастыруда.

– Сұхбатыңызға рақмет, шы­ғар­­­машылық табыс тілей­міз!

Бибісара ЖАНӘЛІ
25 маусым 2024 ж. 216 0